Әлеумет

Үміт алға жетелейді

Үміт алға жетелейді

...Бұдан төрт жылдай уақыт бұрын Тараз қаласында «Амазонка» қоғамдық қорының құрылып, жұмыс істей бастағандығы белгілі. Оның басшысы Анжелика Сарьянға онкологиялық дертке шалдыққандарға тегін қайырымдылық көмегін көрсету туралы идея оның өзі осынау қатерлі аурудың зардаптарын бастан өткергеннен кейін ғана келгенін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Ол да обыр дертіне шалдыққан өзге жандар сияқты ұзақ мерзім бойы емделу үдерісінен өтті, көптеген химиятерапиялар қабылдады, ақыры бүгінде ғасыр дерті деген атауға ие болған обырдың аранынан құтылғандай болды. Болмысына біткен ерік-жігері мен өмір сүруге деген құштарлығы дегеніне жеткізіп, кеудесінде үміт оты жанған. Ол басқарып отырған қордың жұмысы небәрі төрт жыл ішінде қоғам мен биліктің назарына ілігіп үлгеріпті. Аталған мерзімде қор ұжымы аумақтағы обыр дертіне душар болған көптеген қамкөңіл жандарға жан-жақты қолдау жасады. Негізі, аталған қор ересектер, балалар және «арбадағы хоспис» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Қордың жанындағы мобильді топ күн сайын зәру жандарға әлеуметтік, психологиялық және реті келгенде материалдық көмек те көрсетеді. Соңғы кездері онкологиялық дертке шалдыққан аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балаларға, жүйке жүйесінің салдануы ауруына ұшырағандарға жәрдем ете бастады. Қор қызметкерлері бүгінде екі ауысымда қызмет атқарады. Анжеликаның мамандығы педагог болғандықтан және қазіргі қызметінің талаптарына сәйкес келмейтіндіктен оның өзі құрған қор ұжымын басқаруы және ойға алған игілікті істерін өмірде жүзеге асыруы үшін жұмысты бастаған алғашқы сәттерінен-ақ ұйымдастыру мен үйренуді қатар алып жүруіне тура келген. «Амазонка» қоғамдық қорының жеткен жетістіктері мен ұжым еңбегін айрықша атап өтуге болады. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша онкологиялық ауруларға шалдыққан 985 адам көз жұмыпты. Аумақта тіркелген обыр дертімен ауыратындардың саны биыл да аз емес. «Амазонка» қоры ағымдағы жылдың он айында солардың арасынан жүз науқасқа көмек көрсетіпті. Қор белсенділерінің айтуынша, «Амазонка» қоғамдық қоры 2014 жылы ауыр науқас жандарға арналған автокөлікпен қамтамасыз етіліпті. «Алайда, бір ғана көлік Тараз қаласы аумағындағы обырмен ауыратындарды түгел қамтуға жеткіліксіз болып тұр» дейді олар. – Қатерлі дерттің салдарларына мойынсұнбай, қарсы тұра білу әркімнің ерік-жігер, күшінің деңгейіне байланысты болса керек. Өз басыма тоқталсам, менің отбасымнан, ұлымнан айырылуыма тура келді, достарым да қалмады. Ұзын сөздің қысқасы, өзім үшін орны бөлек көптеген құндылықтарды жоғалттым. Оған қосымша, былайғы жұртшылықтың онкологиялық дертке шалдыққандарды алапеспен ауыратын адамдардай қабылдайтындығы тағы бар. Бұдан өзге, елдің біразы қажетті ақпараттың жеткіліксіздігінен болар, обыр дертін жұқпалы аурулардың қатарына қосумен келеді. Міне, осының бәрі, түптеп келгенде, дерт әбден меңдеткен менің жан дүниеме, жүйкеме психологиялық тұрғыдан аса ауыр салмақ түсірді. Әйтсе де, мен қалыптасқан жағдайды дұрыс зерделеп, саралай білгендігімнің арқасында өз бойымнан тығырықтан шығарар күш таптым, еңсемді тіктей білдім. Сондықтан үнемі кешірімді болып, қиын-қыстау шақтарда адамдар бір-біріне көмек қолын созу қажет деп ойлаймын, – дейді Анжелика Сарьян.

Шынар Қайратқызы, журналист.

Тараз қаласы.