Гектарына... 700 центнерден!
Гектарына... 700 центнерден!
Әзірге деуіміздің себебі бар. Биыл бірінші жыл қызылша егіп, соның өзінде таңдай қағарлық өнім алып отырған Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Самғау» шаруа қожалығының көрсеткіші күні ертең баршаға қолжетімді болуы да ғажап емес. Соңғы үш жылдан бері шетелдік тамшылатып суару технологиясымен дәндік жүгері мен пияздан мол өнім алып жүрген шаруа қожалығында биыл он гектар қант қызылшасын да осылай өсіру тәжірибе жүзінде қолға алынған.
Нәтиже күткендегіден де асып түсті. Кәдімгі ат басындай ақ түбірлер тау болып үйіліп жатыр. Алынған өнім гектарына 700 центнерден айналуда. Бүгінге дейін Меркі қант зауытына 200 тонна тәтті түбір жөнелтіліпті, әлі де 500 тоннадай тапсырылмақ. Мұның барлығы – небәрі он гектар жерден алынған өнім. – Тәжірибе өзін ақтады, мол өнімнің құпиясы германиялық сапалы тұқым мен израильдік тамшылатып суару технологиясының дұрыс қолданылуында, – дейді ШҚ басшысы Евгений Трубников. – Келесі жылы егістік көлемін тоқсан гектарға жеткізуді ұйғарып отырмыз. Осы замандық шетелдік арнайы тұқым сепкішке тапсырыс беріп те қойдық. Ол қолымызға тисе, жүйекаралықты биылғыдай 60 емес, 45 сантиметрге азайтып әрі тұқымды дәл есеппен себетіндіктен артық өскінді қолмен жекелеуден, гербицидтерді дәл технологиямен қолдана отырып плантацияның арамшөбін отаудан құтылуға болады. Қызылшаны қазып, тазалау жұмыстарын толық атқаратын комбайн да алдырмақпыз. Сонда өнімділік бұдан да арта түсіп, есесіне шығын азаяды. Бір ғана кедергі қант зауытының қашықтығы болып отыр екен. Қордайдан Меркіге дейінгі жүз елу шақырым аз жол емес. Тапсырылған әр келі өнім үшін мемлекеттен екі теңге субсидия төленетін болса, шикізатты Меркіге тасымалдау шығыны осымен тең болып отыр. Сондықтан, алдағы уақытта ауданнан қант зауытының қабылдау орны ашылса немесе қабылдаушылар тарапынан басқадай ынталандыру шаралары қарастырылатын болса, қызылша өсірушілердің қатары арта түсер еді деген ұсыныстардың айтылуы орынды.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.