Білім

Тағылымы мол болды

Тағылымы мол болды

Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» бастамасын қолдау, жастарды отаншылдық рухқа, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен аталған оқу орнында «Тарихтың шежірелі тағылымдары» атты тарихи-әдеби сазды іс-шара өтті. Бұл іс-шараны аталған кафедра меңгерушісі Клара Бұзаубақова ашып, тереңде тарихы жатқан мемлекетіміздің болашағы жалынды жастар екенін айтып, қыз-жігіттерге сәттілік тіледі. Кеш барысында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері Қазақ хандығының құрылу тарихына қойылым көрсетті. Колледждің аға оқытушысы Ұлан Абзалиев дайындаған бұл көріністе Дарын Даумов, Елдос Ақылов секілді студенттер жақсы қырынан көрінді. Сондай-ақ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері және Тараз қаласындағы №47 орта мектеп оқушылары да мемлекетіміздің басталу тарихын театрландырылған көріністермен ел назарына ұсынды. «Айша бибі» қазақ-түрік қыздар колледжінің студенттері ұсынған сахналық көріністің де мәні жоғары болды. Сонымен қатар аталған қыздар колледжінің студенті Назерке Тұрар өлең оқыды. Республикалық ән байқауларының жүлдегері Жәмила Кәрім мен Махаббат Дәулет патриоттық әндер орындап, көрермен көңілін серпілтті. Кеш барысында «Мәңгілік ел – Қазақ елі» бейнеролигі көрсетілді. ТарМПИ-дің аға оқытушысы Айгүл Ботамқұлова «Тарихтың шежірелі тарихы» тақырыбында баяндама жасады. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне магистр Айгүл Батырбекқызы, студент Аяна Тұрбекова ерекше атсалысты.

 Есет Досалы, «Ақ жол».