Көне құмыралар табылды
Көне құмыралар табылды
Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз қаласының топырағы тарихи жәдігерлерге толы. Ең қызығы, бұл жолғы жәдігер археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан қалашықтан емес, жеке үйдің ауласынан табылған.
Облыс орталығындағы Қазыбек би көшесінің тұрғыны Борис Самаевтың айтуынша, ол үйінің ауласынан жертөле қазбақ болған. Шамамен 170 сантиметрдей қазған соң жұмысшылардың күрегі қатты затқа тиеді. Топырақтан тазарта түскенде арғы жағынан үлкен екі құмыраның сұлбасы көрінеді. Өкінішке қарай, күрек тигенде бір құмыраның бүйірі сынып кетеді. Шамамен 40-50 литр сыйымдылықтағы көне жәдігерлердің беті таспен мықтап жабылған екен. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Ғалия Әлімжанованың пайымдауынша, бұл үйдің ауласын ата-бабаларымыз қойма ретінде пайдаланған. Құмыраларға астық сақтаған болуы әбден мүмкін. Қаза түссе, басқа да құмыралардың шығуы ықтимал. Жақын аралықта бұл жерде археологиялық жұмыстар басталып, мұражайымыздың қоржыны тағы бір көне жәдігермен толықпақ.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».