Денсаулық

ОҚО-да шенеуніктер кітап оқуға кірісті

ОҚО-да шенеуніктер кітап оқуға кірісті

окоОңтүстік Қазақстан облысында лауазымды қызметтерді атқарып жүрген қос шенеунік кітап оқуға кірісті деп хабарлайды rgmedia.kz. 

 Нақтырағы, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов пен облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл өңірдегі «Отырар» кітапханасынан абонентті тіркеу карточкасын аштырды.

1 қарашада «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында кешкілік уақытта «Кітапханадағы түн» акциясы өткен болатын.

Өңір жастары бас қосқан шарада әкімдік өкілдері осындай қадамға барған. Оқырмандар қатарына жаңадан қосылған екі шенеуніктің бұған дейін кітапхана табалдырығын аттағанына біраз жылдар өткен.

Мәселен, әкімнің орынбасары Ерлан Қуанышұлының оқырман болғанына он жыл өтіпті.

«Кандидаттық жұмысымды қорғап жүргенімде кітапханадан шықпайтынмын. Одан кейін қарбалас жұмыстан қол тимей кетті. Бірақ, бұл мүлдем кітап оқымаймын деген сөз емес. Әкем екеуміз жинаған кітапхана қорынан талай құнды дүниелерді табуға болады. Қол тигенде соларды қайталап оқып шығамын», – дейді Айтаханов.

Ал Болат Жанәбіл болса, бұған дейін Шымкенттегі «Абай» атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы болыпты. Тек ол жаққа соңғы рет 2009 жылы аяқ басқан.

«Отырардан» абонемент аштырған ол І.Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабын оқуға алды. Енді басқарма басшысының орынбасары аталған туындыны екі апта ішінде мекемеге қайта өткізуі тиіс.

Айта кетейік, мұнда оқырмандар үшін құндылықтар тек 2 апта ғана қолға беріледі. Егер оқып үлгермеген жағдайда кітапхана қызметкерлеріне хабарласып, уақытты создыруға болады.

Айта кетейік, «Кітапханадағы түн» акциясы аясында енді әр айдың 30-шы күні рухани құндылыққа толы мекеме түнгі сағат он екіге дейін жұмыс жасайды.