Волейболшылар мен дойбышылар додасы
Волейболшылар мен дойбышылар додасы
Аймаққа белгілі шежіреші, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Асангелді Отаровтың 63 жасқа толған мерейтойына орай Аққұм ауылында ардагерлер арасында спорттың волейбол және дойбы түрінен облыстық турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков пен Аққұм ауылдық аймағының әкімі Болат Ошақбаев шежірешінің өнегелі өміріне, шығармашылық жетістігіне тоқталып, әр өңірден келген 8 команданың ойынына сәттілік тіледі.
Турнир тартысты өтті. Волейболдан ақтық сында Тараз қаласының «Ардагер» командасы Талас ауданының «Талас» командасын 2:1 есебімен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Үшінші орын үшін таласта Жамбыл ауданының «Аса» командасы Байзақ ауданынан келген «Ынтымақ» командасынан басым түсті. Сондай-ақ, тараздық Нұрлан Үстеміров – «Үздік шабуылшы», Жамбыл ауданынан келген Мұрат Байғабылов – «Үздік қорғаушы», байзақтық Абылайхан Жақсыбеков – «Үздік ұйымдастырушы» аталымдары бойынша марапатталды. Ал дойбы жарысына 14 ойыншы қатысып, шаршы тақта үстінде шеберлік байқасты. Аққұмдық Рахымжан Желеубаев қарсыласының барлығын ұтып, турнир жеңімпазы деп танылды. Жүлделі екінші орынды да аққұмдық Әбен Төлепбергенов, үшінші орынды Амангелді ауылының өкілі Ербол Бегәділов пен байзақтық Жексен Тіленшиев өзара бөлісті.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Талас ауданы.