Бассейнде балықтай жүзген
Бассейнде балықтай жүзген
«Айша бибі» су добы клубы Ресей чемпионатын сәтті бастады
Су добынан Ресей чемпионатында өнер көрсететін жамбылдық «Айша бибі» клубы кезекті маусымды сәтті бастады. Біріншіліктің «А» тобында өнер көрсететін аруларымыз алғашқы тур аясында «Буревестник-ННГУ» командасын 21:5 есебімен жеңсе, мұнан соң «Диана» клубынан 12:10 есебімен басым түсті. Жалпы алғанда, біріншілікті жерлестеріміз жақсы бастады деп айтуға толық негіз бар. Тек топ басындағы «Уралочка» командасы жерлестерімізден айқын басым болды. «Айша бибі» су добы клубының сапында негізінен жергілікті спортшылар тер төгіп жүр. Алғашқы ойында мергендіктерімен көзге түскен Камила Закирова, Анна Новикова, Анастасия Миршина секілді саңлақтардың тамаша ойыны алдағы уақытта да жалғаса беретін болса, жамбылдық ватерполшылар жоғары нәтижеге сенім арта алатыны анық. Қазіргі таңда бассейнде балықтай еркін қимылдайтын «Айша бибі» су добы клубының ойыншылары Ресей чемпионатындағы ең жас команда саналады. Сенім жүгін арқалап жүрген, ұлттық құраманың негізін құрайтын команданың саңлақтарына сәттілік тілейміз.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».