Жақсы қақпашы – жарты команда
Жақсы қақпашы – жарты команда
Джурахон Бабаханов бес ойында қақпасын голдан аман сақтай білді
«Тараз» футбол клубының негізгі қақпашысы Александр Григоренко осыдан біраз уақыт бұрын қарағандылық «Шахтерге» қарсы ойында жарақат алған соң команда қақпасын қосалқы құрамдағы Джурахон Бабаханов қорғады. Өткен жылы да қосалқы құрамда отырып, кейбір кездесулерде алаңға шыққан Джурахон биыл керемет өнерімен жанкүйерлерді таңғалдыруда. Өзі өткізген жеті ойынның алтауында қақпасын голдан аман алып қалған «тараздық» қақпашы бес ойын қатарынан гол жіберген жоқ. Иә, Джурахон Бабаханов 450 минут бойы қаламыздың бас командасының қақпасын сәтті қорғап келеді. Ол алаңға шыққан жеті ойында жерлестеріміз мүмкін болған он сегіз ұпайдың он үшін қоржынға салды. Қақпашының сенімді ойынының арқасында дәл қазір жерлестеріміз жетінші орынға таласуға мүмкіндік алды. Ұрымтал тұстарда ұтымды қимылдар жасап, теңбіл допты қақпасына дарытпаған Джурахон Бабаханов өңір футболының мақтанышына айналып үлгерді. Әрине, футбол командалық ойын екені мәлім. Дегенмен, жақсы қақпашы жарты команда екенін де естен шығармайық. Александр Григоренко да өз ісінің шын шебері саналады. Алайда, қосалқы құрамдағы футболшының тамаша нәтиже көрсетіп жатқаны көңілге медеу. «Бес ойын қатарынан гол жіберген жоқпын. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ, басты мақсатым – біріншілік аяқталуға аз қалғандықтан, қалған кездесулерде де сенімді ойын көрсеткім келеді. Сәтті сериямды жалғастыра аламын деп ойлаймын», – дейді Джурахонның өзі республикалық басылымдарға берген сұхбатында. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда «Тараз» футбол клубы тоғызыншы орында тұр. Әйткенмен, соңғы кездесулерде Қостанайдың «Тобылы» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» сәтсіздікке ұшырап жатса, Бабаханов өз қақпасына гол жібермесе, Александр Пишурь бастаған шабуылшыларымыз мергендігімен көзге түссе, маусымды жетінші орында аяқтауға мүмкіндік бар. Айтып-айтпай не керек, Джурахон Бабахановтың командамен келісімшарты ағымдағы жылдың аяғында аяқталады. Десе де, команда үшін жанкешті қимылдарымен көзге түсіп, сенім үдесінен шыға білген саңлақпен «Тараз» футбол клубының басшылары келісімшартты қайта жасайды деп үміттенеміз.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».