Саясат

Патриоттардың басты парызы – еңбек ету

Патриоттардың басты парызы – еңбек ету

[caption id="attachment_28994" align="alignleft" width="240"]Саурамбаев
Еркінтай
САУРАНБАЕВ,
облыстық
жүйке аурулары
диспансерінің
бас дәрігері.[/caption]

Біз өзіміздің әрбір ісімізге Елбасының «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз қажет. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деген сөзін түп қазық етіп алуға тиіспіз. Патриотизм, Отан үшін үлкен шаруалар жасау – ең ұлы қасиет. Өскелең ұрпақ саналы, саламатты болып өсу үшін аға буын өкілдері барлық тарихты түгендеуі тиіс. Түгендеп те жатыр. Әнебір жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында сан ғасырлық әдеби, мәдени, фольклорық мұраларымыздың жинақталып, «Бабалар өсиеті» деген атпен жүз том болып басылып шыққаны мұның нақты дәлеліндей. Күні кеше ғана әлем құлақ түрген айтулы оқиғалардың бірі – Қазақ хандығының 550 жылдық тойы да талайдың жүрегін ұлы тағылымымен баурап, алаш жұртының айбынын асырған шара болды. Ал жыл сайынғы дәстүрлі ел патриоттарының форумының Қазақстан халқы Ассамблеясы жылындағы биылғы өткізілімі барша қазақстандықтарды ортақ мүдде, бір ел, бір болашақ аясына бұрнағыдан да тығыз топтастыра түсті. Осынау форум мінберінен тасталған ұран қандай! «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» болуға шақырған ел патриоттарының үндеуін мен де қуана құптаймын. Осы басқосу барысында париоттылық деген ұғымның сыр-сипаты мен мән-мағынасы жарқырай ашылып, ата-бабаларымыздың ерлік рухы, елжандылық, отансүйгіштік қасиеттері тамырын үзбей бүгінге жетіп, ұрпақтары бойына да молынан ұялағанына көз жеткіздік. Жеке басы қасиеттерімен, батыл да тың бастамаларымен, ізденісті еңбегімен, ерлігімен ортақ үй – Отанымызды патриоттық рухта сүюдің таңғажайып үлгісін танытқан еліміздің бірнеше жүздеген қаһарман перзенттерінің қарапайым өмір сүріп қатарымызда жүргені осы форум барысында паш етілді. Бүгінгі жас ұрпақ солардың өмір сүру салты мен ерлігіне қарап бойын да, ойын да түзейтініне бек сенімдіміз. Біздіңше, қазіргідей дағдарыс дауылы мен жаһандық құбылыстар өтінде шайқатылған, адами құндылықтар ескерілмеуге, еленбеуге айналған өзгермелі қоғамда күні кешегі қарапайым еңбегімен ел игілігін үстеген аға ұрпақ өкілдерінің өмір жолы үлгі етілуге де тиіс. Отанды сүю – отбасынан, елге қызмет етуден, еңбекті құрметтеуден басталмақ. Осы ретте Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы қоғамымызда, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер арасында жүйелі түрде жан-жақты насихатталуға да тиіс. Біз ұл-қыздарымызды жастайынан еңбекке баулуды әсте естен шығармауымыз керек. Шынайы патриоттылықтың бастау көзі, міне, осында жатыр.