Сот жүйесінде қандай өзгерістер болады?
Сот жүйесінде қандай өзгерістер болады?
Құдайберген ҮСЕНБАЕВ, аудандық соттың төрағасы.
Елімізде дүниежүзілік стандарттарға сай, қазіргі заманғы құқықтық және демократиялық мемлекеттердегідей жеткілікті сот билігі қалыптасқан. Жүргізілген барлық әлеуметтік тексерулер нәтижесіне сүйенсек, соттың жұмысы жоғары деңгейге көтерілген. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының 11-қадамы сот жүйесіне бағытталған. Мақсат – судьяларды реттеу жүйесін дамыту және сот ісін жүргізуді жаңғырту. Бүгінде бұл бағытта жүктелген міндеттерді орындау үшін Ұлттық комиссия құрылып, керекті шешімдер қабылдануда. Жалпы, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдетудің жолы – сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Ол үшін бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу. Барлық дамыған шетел мемлекеттерінде сот жүйесі 3 сатыдан тұрады. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, көп саты болған сайын істің созбалаңға салынуы да көбейе түседі. Сол себептен апелляциялық алқаның күші жоғарылауы мүмкін. Ұлт жоспарында судья лауазымына кандидаттарды іріктеу және біліктілік талаптарын қатайту мәселелері де көрініс тапқан. Онда сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі талап етіледі деп көрсетілген. Судьялардың кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесі енгізілмек. Сондай-ақ, судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан, одан кейін бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді. Судьялыққа кандидаттардың жасы 30 жасқа дейін ұлғайтылуы, 5 жыл сот жүйесінде жұмыс істеуі талап етілуі – мұның барлығы сот жүйесінде күтілетін өзгерістер. Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланысты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінеді. Аталмыш институт Жоғарғы Соттың жанында жұмыс істеп, қызмет бабындағы судьялардың біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз ететін болады. Судьялардың есеп беру тәртібі күшейтіледі. Сондай-ақ, жаңа Этикалық кодекс әзірленеді. Соның негізінде азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдана алатын болады. Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шаралары міндетті түрде енгізілуі керек. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудиожазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс. Бұл – сот жүйесінің ашықтығын сақтау үшін қойылып отырған басты талап. Алдағы уақытта Алқа билер соты қолданылатын салалар кеңейтілмекші. Ол үшін Алқа билер соты міндетті түрде қатыстырылатын қылмыстық істердің санаттары заңды түрде анықталады. Адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттілікті тергеу судьясына біртіндеп беруді қамтамасыз ету арқылы сотта айыпталушы және қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету көзделуде. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істері жүргізіледі. Жоғарғы Сотта ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа ұйымдастырылады. Жалпы, мемлекетімізге соңғы жылдары шетел компаниялары тарапынан инвестициялардың көптеп тартыла бастағаны мәлім. Соған байланысты сотқа компаниялар тарапынан талап арыздардың түсуі ұлғаюы мүмкін. Бизнес даулар да көбейеді. Сол себептен инвестициялық алқаның ұйымдастырылуы дұрыс деп есептеймін. Шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша, сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру да болашақта сот жүйесінде атқарылатын ауқымды жұмыстардың бірі болмақ. Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады. Шетелдегі тәжірибелі заңгерлер мен судьялар өз тарапынан қазіргі заманға лайықты шешімдер жасап, кеңес беріп отырады. Бұл – әрине, өз кезегінде халықаралық тұрғыда мемлекетіміздің құқықтық-демократиялық жағынан дамыған келбетін көрсететін маңызды қадам болатыны анық. Ол халықаралық беделімізді тағы бір сатыға жоғары көтеретіні сөзсіз. Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту да – маңызды қадамдардың бірі. Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіледі. Бүгінде азаматтық істердің көбейіп кеткені белгілі. Сол себептен мұндай өзгерістер өте қажет. Сот жүйесін оңтайландыру қандай да бір жұмыстың жылдам аяқталуына септеседі.
Жуалы ауданы.