Алысты жақындат ты
Алысты жақындат ты
Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі және экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» Жолдауында: «Елдің өскенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында» деп ерекше атап өткені белгілі. Иә, кез-келген мемлекеттің әлеуеті мен даму деңгейі жолдарының жағдайынан айқын аңғарылады. Елімізде кейінгі кезде бұл салаға жыл сайын қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде елімізде, оның ішінде облысымызда бұрынғылары қайта қалпына келтірілуімен қатар, жаңа халықаралық стандарттарға сәйкес жолдар салынуда. Облысымызда Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып, салынған, ғасырдың ғаламат жобасы аталған «Батыс Еурапа – Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің құрылысы өткен жылдың соңында толық аяқталды.
[caption id="attachment_28982" align="alignleft" width="400"] Дүйсенбек Қойжанов,
«Қазақ автожол» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры.[/caption]
Жоба аясында аймақта 495,3 шақырым жол жаңартылды. Жүргізушілердің «тақтайдай тегіс жолда жүрсек» деген ұзақ жылдардағы арманы орындалды. Жолаушы атаулы діттеген жеріне кедергісіз, көзді ашып-жұмғанша жетіп баратын болды. Автобанды салып бітірген мердігерлер нысанды бізге – «Қазақ автожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміне тапсырды. Соның нәтижесінде осыдан 11 жыл бұрын өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 847 шақырымды құраса, қазір ол 1237 шақырымға жетті. Біздің кәсіпорын осы жолды ағымдағы жөндеу, күтіп ұстау және көгеріштендірумен шұғылданады. Филиалға қарасты Қордай, Меркі, Ақсүйек, Тараз қаласы және Шудағы жол пайдалану бөлімдері республикалық мәндегі 1237 шақырым жолға қызмет көрсетеді. Кәсіпорында жұмыс ауқымының ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Өткен жылы мұнда 150 адам жұмыс істесе, үстіміздегі жылы олардың саны 160-қа жетті. Бізде өз кәсіптерін жетік білетін білікті мамандар шоғырланған. Жолшылардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жоғары тиімділікпен еңбек ету нәтижесінде белгіленген тапсырма артығымен орындалуда. Қазірге дейін 123957 шаршы метр ойылған жол жөнделіп, 95200 шаршы метр қыртыстанған ирек іздер қалпына келтірілді. 29 жол сілтегіш панно ауыстырылды. Өртке қарсы 259,18 шақырымда жер жыртылды. Сондай-ақ, осы мерзімде 511 дана жол белгілері ауыстырылып, 4583 метр қоршау жөнделді. 237 дана жол бөліктеріне белгілер орнатылды, 1356 метр жол таңбасы сызылды. Қырық шақырымда көрсеткіштер орнатылды, жеті автопавильон жөнделді, үш мың метрде жарылған жерлерге битум құйылды. Кәсіпорында соңғы екі жылда жаңа 17 бірлік техника сатып алынды. Соның нәтижесінде техника саны 70 бірлікке жетті. Олардың 70 пайызы – жаңа. Оларды жаңарту келешекте де игі жалғасын табады. Статистикаға жүгінсек, еліміздегі жол-көлік оқиғаларының 30 пайызы жолдың сапасыздығынан орын алады. Осыны жақсы түсінетін мамандарымыз өздерінің міндеттеріне ұдайы жауапкершілікпен қарауға күш салады. 2015-2016 жылдардағы қыс мезгіліне тиянақты әзірлік жүргізілуде. Биыл біз қысқы кезеңде көктайғаққа қарсы қолданылатын 21250 текше метр құм, 1693 тонна тұз, 395 тонна дизельдік отын, 56 тонна бензин және 70 тонна көмір әзірлеуге тиіс болатынбыз. Қазірге дейін қажетті материалдың 80 пайызы дайындалды. Қалғаны таяу күндерде жасақталады. Қыста автомобиль жолдарын күтіп-баптау жұмысына 64 бірлік техника қатыстырылады. Қазір олардың 60 бірлігі сақадай сай әзір тұр. Асуларға және қауіпті аумақтарға қиыршық құмның қажетті мөлшері жеткізілген. Облыстың аумағында үш таулы асу бар. «Қордай», «Күйік» және «Шақпақ» асуларының ұзындығы 58 шақырымды құрайды. Қысқы кезеңде барлық асуларда күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылады. Қажетті техника қойылады. Филиалда білікті мамандар шоғырланған. Жаңадан жұмысқа орналасқан жастар тәжірибелі механизаторларға бекітіледі. Біраз уақыттан кейін олар білікті маман болып шығады. Кәсіпорында мамандар даярлауға бас инженер Әбдірахман Айтжанов, №34 жол пайдалану бөлімінің басшысы Еділ Жомартов, №37 жол пайдалану бөлімінің басшысы Ерғали Әбішев үлкен үлес қосып келеді. №82 жол пайдалану бөлімінің шебері Мұқатай Ноқаев, механизатор Рүстем Шарабасов және жүргізуші Жақсылық Мелдебеков әріптестерін ұдайы өнімді еңбекке жұмылдырып жүреді. Мұның өзі бізге ірі жұмыс ауқымын еңсеруге игі ықпалын тигізуде. Бүгінде мамандарымыздың бар күш-жігері республикалық мәндегі автомобиль жолында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тайғақ тұстарда жол белгілерін орнатып, таулы асулардағы орындарды жылытуға бағытталуда. Тараз қаласы.