Экономика

Сүт өнімдері мол болсын деп

Сүт өнімдері мол болсын деп

IMG_5818

Байзақ ауданында іске қосылған «Талас» сүт цехы тәулігіне 2 тонна сүт өңдейді

Елбасымыз «Ұлт жоспары:100 нақты қадам» бағдарламасының 6-қадамында ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыруды ерекше атап өткен болатын. Бұл бағытта біздің облыста да нәтижелі жұмыстар жүзеге асуда. Бүгінгі таңда өңірімізде 210 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары тынымсыз жұмыс істеп тұр. Биыл облысымызда 227 мың тонна ауыл шаруашылық өнімдері қайта өңдеуден өтсе, оның 96 мың тоннасы сүт өнімдері. Кеше Байзақ ауданы, Талас ауылында «Ағали» шаруа қожалығының «Талас» сүт өнімдерін қайта өңдеу цехы жаңадан ашылды.

Аталған кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев қатысып, сөз сөйледі. «Биыл облыста өндірілетін сүттің 53 пайызын қайта өңдеуге қол жеткізіп отырмыз. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей қолдауымен сыйымдылығы 56 мың литрлік 18 танкир сатып алынып, аудандардағы бірнеше шаруашылыққа берілді. Облыс басшысы бұл мәселеге үлкен талаппен қарап отыр. Жақында Шу және Т.Рысқұлов аудандарында сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылады. Осындай бағытта жұмыс істейтін, тәулігіне 5 тонна сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын Жуалы ауданында алдағы желтоқсан айында жаңадан жұмысын бастамақшы. Сүт өнімдерін қайта өңдеуге мемлекет тарапынан бөлініп жатқан субсидия көлемі де айтарлықтай. Мәселен, биыл Байзақ ауданындағы «Лесняк» шаруа қожалығы 18 миллион, Жуалы ауданындағы «Бурный-ірімшік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 60 миллион теңге субсидияға қол жеткізді. Ал бүгін сүт өңдеу цехын ашып отырған «Ағали» – аймаққа белгілі шаруа қожалық. Еңбектері жемісті. Сіздерді жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, жақсы бастамаға табыс тілеймін» – деді Абдалы Тоқбергенұлы.

Содан кейін сөз алған Талас ауылының қадірлі ақсақалы Мәмет Сүлейменов «Ағали» шаруа қожалығының жемісті жұмысына тоқталып, келешекте мұнда 60 адам еңбек ететінін, ауыл іргесіндегі Тараз қаласының тұрғындарына ет, көкөніс, сүт өнімдерін жөнелтіп жатқанын айтып өтті. «Талас» сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорынының ашылуына арналған лентаны облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев пен ауыл ақсақалы Мәмет Сүлейменов қиды. Келесі сәтте Абдалы Тоқбергенұлы жаңа кәсіпорынды аралап көрді. Облыс әкімінің орынбасарын қайта өңдеу цехының жағдайынан хабардар еткен «Ағали» шаруа қожалығының төрағасы Нәби Ағалиев кәсіпорын жұмысын жолға қоюға 40 миллион теңге жұмсалғанын, 30 миллион теңгені «Евразиялық банкі» арқылы несиеге алғанын, 10 миллион теңгені жеке қаржысынан шығарғанын айтып берді. Ресейлік «Селхоз лидер» компаниясының сүтті қайта өңдеуге арналған қондырғысын сатып алуға 20 миллионнан астам теңге жұмсалыпты. Есесіне Мәскеуден жеткізілген технологиялық қондырғыны –кәсіпорынның жүрегі десе де болады. Бұл кәсіпорынның тәулігіне 10 тонна сүт өңдеуге мүмкіндігі бар. Әзірге тәулігіне 2 тонна сүт өнімдерін өңдеуде. «Қожалықтың 500 гектар суармалы жері бар. 400 мүйізді ірі қара өсіріп отырмыз. Оның 227-сі аналық бас. Осы сиырлардан алынған сүтпен жаңа ашылған сүт өңдеу цехын қамтимыз. Алдағы уақытта басқа ауылдар мен қожалықтардан да сүт алынатын болады. Біз сүтті қайта өңдеу арқылы өнімнің 50 түрін шығаруды көздеп отырмыз» – дейді «Ағали» шаруа қожалығының төрағасы Нәби Әміршеұлы. Облыс басшылығы алдағы жылдарда облыс аумағында өндірілетін сүттің 70 пайызын қайта өңдеуді көздейді. Бұл мақсатта «Талас» сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорыны жұмысының маңызы жоғары. Мұнда жаңадан 10 жұмыс орны ашылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 60-70 мың теңге көлемінде.

Есет Досалы, «Ақ жол». Байзақ ауданы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.