Әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты 2016 жылы елордада өтеді
Әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты 2016 жылы елордада өтеді
2016 жылдың 16-28 мамыры аралығында елордада Әйелдер арасында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, AIBA-дан чемпионаттың өтетін мерзімдерін қуаттаған ресми хат келген.
AIBA-ның атқарушы директоры Карим Бузидің хатында бұл мерзімнің жарысқа қатысушыларға сапалы дайындық жасауға мүмкіндік беру үшін белгіленгені айтылған.
Сонымен командалары 16-ші мамыр күні елордаға келеді. Ал 17-ші мамыр күні техникалық комиссияның отырысы өтеді. Келесі күні спортшылар салмақ өлшеп, жеребе тасталады. 19-шы мамыр күні чемпионат ресми ашылып, шаршы алаңдағы жекпе-жектер 27-ші мамырға дейін жалғасады. Сол күні жарыстың ресми жабылу салтанаты өтеді. Ал 28-ші мамыр күні командалар елдеріне қайтады.
Әлем чемпионатына әрбір мемлекеттен 10 спортшыға дейін қатыса алады. Бірақ, Рио де Жанейро олимпиадасына 48-ден 51, 57-ден 60 және 69-дан 75 келі салмақ санаттарында ғана 3 жолдама сарапқа салынады.
«Әлем біріншілігінде жеңіп алынған лицензияның өзгелерден басымдығы зор. Егер, спортшы құрлықаралық чемпионатта олимпиадалық квота жеңіп алған болса, одан кейін әлем біріншілігінде жеңіске жетсе, онда оған Риоға жолдама бұйырады. Ал құрлықтан Олимпиадаға рейтингте одан кейін тұрған қыз барады», - делінген AIBA-ның атқарушы директоры К.Бузидің хатында.
Айта кетерлігі, бұған дейінгі Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатына әлемнің 68 мемлекетінен 337 спортшы қатысқан болатын. Ал бұл жолғы чемпионатқа Қазақстан бокс федерациясы одан да көп спортшы қатысады деп күтуде.