Назарбаев киіп жүрген отандық костюмнің қанша тұратыны белгілі болды
Назарбаев киіп жүрген отандық костюмнің қанша тұратыны белгілі болды
Ақтөбедегі сауда орындарын аралап шыққан Керек.info тілшісі елбасы жарнамалаған костюмдерді таба алмады. Жергілікті базарлар, ірі сауда орындары мен бренд киімдер сататын дүкендерде костюмнің неше түрі бар. Бірақ дәл елбасынікіндей костюм жоқ.
Отандық кәсіпорын тіккен классикалық костюмді Ақтөбеден әзірше қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таппайсыз. Жергілікті сауда орындарындағы костюмдердің түрі де, түсі де сан алуан. “Керек.info” тілшісінің сұранысын білген соң жергілікті базарлардың біріндегі көкшіл костюмді “президентский” деп сатпақшы болды. Айтуынша, Назарбаев көк түсті костюмдерді ұнатады.
Пысық саудагер президенттің талғамын да өз кәдесіне жаратуға тырысып жатты. Бірақ сауданы костюмнің этикеткасындағы Made in Kyrgyzstan деген жазу бұзды.
Ақтөбеден президент киіп жүрген отандық костюмдерді іздеп таппаған тілші жас дизайнер Айжани Нұрлановаға хабарласқан болатын. Ақтөбеде отандық костюмдердің сатылмайтынын ол да растады.
“Неге екенін түсіне алмадым, Ақтөбенің адамдары сауда алаңдарының ақысын доллармен есептейді екен. Бұл бізге ұнамады. Өйткені, сауда алаңдарының бағасы қымбатқа шығып кетсе, автоматты түрде біздің костюмдеріміз де қымбаттап кетеді. Ақтөбемен әлі де келіссөз жүргізіп көреміз. Ыңғайы келсе, “Алтын адам” дүкендер желісін Ақтөбеден де ашпақ ойымыз бар”, – дейді дизайнер, жас кәсіпкер Айжани Нұрланова.
Президенттің жарнамасынан соң Қазақстанның түпкір-түпкірінде отандық өнімге сұраныс артқан. Астана, Алматы мен Шымкентте дүкендер желісі ашылды. Дизайнер Айжани Нұрланова тіккен костюмдердің бағасы матасына қарай 25 мың теңгеден басталады. Ал Нұрсұлтан Назарбаев құны 40 мыңдық костюмді киіп жүр.
Жас дизайнер елбасына үш жылдан бері костюм тігіп келеді. Айжани өз өнімдерін Президентке көмекшілері арқылы беріп жіберіп отырған. Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық өнімді киіп жүргенін көрген өзге де шенеуніктер “Алтын адам” дүкендер желісін жағалай бастады.
“Тауарымыздың бағасы қолжетімді болғанын қалаймыз. Бұл біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Сапа мәселесіне де қатты көңіл бөліп келеміз. Бөтен біреулердің өз өнімдеріне біздің этикеткамызды жапсырғанын да кездестірдік. Осындай жайттардың алдын алу үшін ірі қалаларда өз дүкендеріміздің болғанын қалаймыз”,-дейді дизайнер.
Айжани Нұрланованың сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаевқа арналып тігілетін костюмдердің басқа өнімдерден еш артықшылығы жоқ. Киім жұрттың бәріне бірдей етіп тігіледі. Әлбетте, костюмнің матасы, моделі мен түсі сан алуан боп жатады. Соған сәйкес бағалары да әртүрлі.
Тігін фабрикасы Шымкент қаласынан орын тепкен. Кәсіпорын тәулігіне Made in Kazakhstan деген этикеткасы бар 400 костюмнен тігіп отыр.