- Advertisement -

Жеңiс!

147

- Advertisement -

Жеңіс, бізге қалай келдің – білемін,
Біледі оны байтақ, дархан, дүр елім.
Қыршын ғұмыр от пен оқтан қиылған
Рухы боп жеттің боздақтарымның гүл өрім.

Күңірене күрсініп оранғанында ғалам мұң,
Қасіретімен келдің қайғы уын ішкен анамның.
Батырлығымен, батылдығымен келдің сен, Жеңіс,
Қыршын да кеткен ағамның!

Ұңғысынан ұшқандай ақ кептер болып қатердің,
Сен, Жеңіс, бізге (бәс тігем, қолды әкелгін)
Қасықтай ғана қанымен келдің көкемнің,
Шыбындай ғана жанымен келдің әкемнің!

Қап-қара бұлт боп, қабағын ашпай түнерген,
Заһар заманнан запыранды, улы мұң емгем.
Өзегіміз талса да, өзіміз жемей талқанды
Саған жібердік! Қалайша келдің – білем мен!

Мамырда мынау құлпырып кеткен қыр қандай!
Көңілдің көгін өзіне ғана бұрғандай.
Жеңістің туы, желбірей түссең қуанам,
Әкемді көріп, ағамды көріп тұрғандай!

 

Қуандық ШОЛАҚ, 
ақын.

Тұрар Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support