Денсаулық

Ақтөбе облысында мектеп қызметкерлері бірін бірі пышақтап тастады

Ақтөбе облысында мектеп қызметкерлері бірін бірі пышақтап тастады

pogudx1pcbvg1qg3a8.69688e88Ақтөбе облысы Шалқар ауданында мектеп қызметкерлері бірін бірі пышақтап тастады деп хабарлайды Ақтөбеден NUR.KZ тілшісі.

Ауыл тұрғындары араққа тойып, пышақтасып қалған мектеп қызметкерлерінің бұл əрекеті “əкім келеді деп жасалған сенбіліктен” кейін болған оқиға деп отыр.

Шалқар ауданы Байқадам ауылы Қорғантұз орта мектебінің қызметкерлері бірін бірі пышақтап, ауруханаға жатып шыққан. Байқадамдықтар бұл жағдай мектеп қызметкерлері жасаған сенбіліктен кейін болды деп сендіреді. Ал əкімдер басқаша айтуда.

“Мен кеше ғана сол ауылға  бардым. Мектеп қызметкерлерімен кездестім. Ауыл тыныш, ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ”, – дейді Ақтөбе облысы Шалқар ауданының əкімі Ербол Данағұлов.

Сондай-ақ, болған оқыс оқиғаны сол ауылдың əкімі де жоққа шығарып отыр.

“Жоқ ондай болуы мүмкін емес. Біздің ауыл тыныш. Мектеп те, мұғалімдер де жұмыс жасап жатыр”, – дейді Байқадам селолық округының əкімі Ануар Мұратов.

Екі əкімге де ауылда болған қылмыстық оқиғаны прокуратураның растап отырғанын айтқанымызда тұтқаны тастай салды. Қайта көтерген жоқ. Ал Шалқарда болған шатақты құзырлы мекеме былай баяндады:

“Мектеп қызметкерлерінің арасында ондай оқиғаның болғаны рас. 17  қазан күні сағат 16:30 уақытымен тіркелген. Олар мұғалімдер емес. Бірақ екеуі де мектеп қызметкерлері”, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық прокуратурасының өкілі Жасұлан Орынбасарұлы.

Ауруханадан ем алып шыққан мектеп қызметкерлері қазір татуласқан көрінеді.