МАЛ ӨСІРСЕҢ ҚОЙ ӨСІР, ТАБЫСЫ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР
МАЛ ӨСІРСЕҢ ҚОЙ ӨСІР, ТАБЫСЫ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР
«Алтын асық» бағдарламасы – қой шаруашылығын қолға алам деушілер үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде отандық фермерлер бұл жобаның тиімділігін көріп үлгерді. Облыс бойынша бұл бағдарлама арқылы мал басын көбейткен жанның бірі – Сәдуақас Дүйсенов. Тәжірибелі шаруаның айтуынша, «Алтын асық» – уақ мал тұқымын көбейтіп, ет экспортына жол ашады. Сарысу ауданындағы «Әсем» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері қой өсіру бағытында жұмыс істейді. Сәдуақас Дүйсенов «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 14 пайызбен несие алып, 300-ге жуық қой, бірнеше асылтұқымды қошқар сатып алды. Жоспары жүзеге асса, несие үстемақысының 7 пайызын мемлекет субсидиялап береді. – 2 жыл демалысы бар. Екі жылда малды ұрықтандырып, төл алсақ деп отырмыз. Ол екі жылда өсіп, төлдің өзі төл беруге жетеді. Соның арқасында мал басы көбеймей ме? Бұл бағдарлама – мал өсірем, қой өсірем дегенге өте тиімді бағдарлама, - дейді қожалық төрағасы Сәдуақас Дүйсенов. Қазір оның қожалығындағы мал басы көбейіп, үлкен отарға айналды. Ендігі мақсаты - мал басын асылдандыруға ден қою. Ол үшін мұнда тәжірибелі бірнеше шопан жұмысқа тартылған. Тіпті, кейбіреуі отбасымен келіп, еңбек етіп жүр. – Қысқа қамданып жатырмыз. Жинаулы жем-шөбіміз бар. Бір мая шөп жинап қойғанбыз. Еңбегіміз жемісті. Пайдасын көріп жатырмыз, – дейді жұмысшы Төрехан Нұралиев. Ауданда «Алтын асық» бағдарламасы іске қосылғалы насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Ол үшін шаруалардың қатысуымен 100-ге жуық жиын өткізілген. Ал шалғайдағы ауылдарға билік өкілдері өздері барып, түсіндіріп жатқан көрінеді. – Жалпы осы бағдарлама қолға алынғалы бері ауданда 3 шаруа қожалығы несие алып отыр. Былтыр бір шаруа қожалық алса, биыл екі шаруа қожалық алды. Әсіресе, Тоғызкент ауылындағы шаруашылықтар осы несиеге бет бұрып отыр, – дейді Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Олжас Көкей. Биыл облыс бойынша «Алтын асық» бағдарламасы шеңберінде 22 мың бас қой сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге оның 81 пайыздан астамы орындалды.
«Ақ жол-Ақпарат».
Сарысу ауданы.