Саясат

Тірлікті түзейтін бірлік

Тірлікті түзейтін бірлік

Леля Узденова, «Архыз» республикалық ҚБ-нің облыстық қарашай мен балқарлардың «Бірлік» филиалының директоры.

Бірлігі бекем елдің алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі жоқ. Оны гүлденген Қазақстанның өсуі мен өркендеуі жолындағы сан қилы соқпағына қарап-ақ анық байқауға болады. Бүгінде Ұлы Дала еліне айналып, мәңгілікке бет бұрған халқымыздың ынтымақты арттыру жолындағы қай ісі де алға басып, дамудың жаңа сатысына өтуде. Ұлт көшбасшысы Елбасымыздың бастамасымен, бұқара халықтың қолдауымен қолға алынып, іске асатын ендігі жоба «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы болады деп ойлаймын. Қайырымдылықты, өзара түсіністік пен қоғамдық бақылаудың рөлін арттыруға, сол арқылы билік пен бұқараның байланысын нығайтуға бағытталған бұл жобадан күтеріміз көп. Әлбетте, жыл басынан бері атқарылып келе жатқан талай игі істер, айналып келгенде, осы бағдарламаның, жобаның бір бөлшегі деп есептеуге болады. Астанада «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ҚХА Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ассамблея үшін оның мемлекеттік ішкі саясатты жүзеге асыруға қатысуына, жалпы мемлекеттік міндеттердің кешенін шешуге барша этностарды жұмылдыруға арнайы бағдарлама әзірленуі тиіс. Бізге Ассамблея қамқорлығымен жалпыұлттық «Үлкен ел – үлкен отбасы» акциясын ұйымдастыру қажет», – деп тапсырғаны белгілі. Өз кезегінде Ассамблея мүшелері де бұл бастаманы бірден құп алып, жоспар құрған болатын. Осылайша, бірлігімізді арттырып, биіктерге жетелейтін үлкен жобаның да тұсауы кесіліп, қолға алынды. Айта кету керек, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасының арқасында елдегі барлық ұлт пен ұлыстың өкілі өзінің мемлекеттің іргетасын қалаушы, елдегі толыққанды азамат екенін ерекше сезінетін болады. Өйткені, жоба әрбір азамат мемлекетіміздің басты байлығы екенін тағы да айқындап береді. Біздің қоғамдық бірлестігіміздің мүшелері де аталған жоба аясында көптеген іс-шараларды жоспарлап, жалпы халықтық шараға өз үлестерін қосуға белсеніп отыр. Тілегіміз, бастама баянды болса екен!