Экономика

Беларусь елімен байланыс беки түспек

Беларусь елімен байланыс беки түспек

3 1423455148_zagruzheno-1Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Беларусь Республикасының Гродно облысына іссапармен барып қайтты. Құрамында аудан әкімдері, жоғары оқу орнының, сауда-саттық мекемелерінің, шаруа қожалықтарының басшылары бар делегацияны Гродно қаласында Гродно облысының губернаторы Владимир Кравцов құшақ жая қарсы алды. Іссапар барысында жамбылдық топ «Лидсельмаш» ААҚ, «Лидагропроммаш» ААҚ, «Агрокомбинат Снов», «Прогресс-Вертилишки» ӘКК-ында болып, олардың жұмысымен жан-жақты танысты. Кездесу барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев:

– Мен Белоруссияға екінші рет, ал Гродно облысына бірінші рет табан тіреп тұрмын. Елдің, соның ішінде осы өңірдің өнеркәсібі ғана емес, әлеуметтік дамуы мені таңғалдырды. Екі тарап үшін де іскерлік байланыс орнатып, экономикалық, білім, мәдениет және туризм салалары бойынша қарым-қатынасты нығайту тиімді деп есептеймін, – деді. Сонымен қатар, облыс басшысы өз сөзінде көршілес елдің облыс, аудан басшыларымен тіл табысу жеңіл екендігін айта келе, Белоруссиядағы халық саны облысымызбен шамалас өңірлермен туыстас болуға ниетті екендігін жеткізді. Өз кезегінде Владимир Кравцов әріптесіне қолдау білдіріп, сыртқы экономикалық ведомствоға тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды. Кездесу аясында Гродно губернаторы мен облыс әкімі құрастырмалы өндіріспен айналысатын «Лидсельмаш» холдингінің филиалын құруға алдын ала келісім жасады. Мұнымен қоса, гроднолық ауыл шаруашылығы техникаларының көрме павильонын, аяқ киім фабрикасының филиалын құру, жиһаздарын Жамбыл жеріне жеткізу мәселесі бойынша да пікір алмасты. Аймақ басшылары экономикалық, әріптестік жайын ғана қозғап қоймай, мобильдік сауаттылық, мәдени, әлеуметтік байланыс жайын да талқылады. – Біз мамандармен тәжірибе алмасып, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі бойынша ғана емес, мәдени байланыстарды да нығайтуымыз керек. Сонымен бірге, көшпелі және сыртқы туризмді дамытуға да ниеттіміз. Біздің облысымыз арқылы Ұлы Жібек жолы өткен. Бізде екі мыңнан астам көне тарихи ескерткіштер бар. Сіздердің де тарихтарыңыз бай. Менің ойымша, біз осы салада да мықты байланыс орната аламыз. Мәдени байланыстарды да қарқынды дамытуға мүмкіндік зор, – деген Кәрім Көкірекбаев 2016 жылы Гроднодағы Жамбыл облысының мәдени күндерін, онан соң Гродно облысының Тараздағы мәдени күндерін өткізуді ұсынды. Ал Владимир Кравцов өз кезегінде әріптесін келер жылдың маусым айында Гроднода өтетін республикалық ұлттық мәдени іс-шараға қатысуға шақырды. Қос тарап та мұнымен қоса, авиатасымал мәселесін дамытуға қызығушылық танытты. Кәрім Нәсбекұлы Тараздан Гродно қаласына немесе Минскіге тікелей ұшу бағытын ұйымдастыру жағына көңіл бөлетінін айтты. Беларустардың шипажайларын қазақстандық туристердің пайдалануына мүмкіндік туғызу жағы да ұмыт қалмады. Облыс әкімі тынығу, сауықтыру қызметтерін көрсету үшін тікелей келісімшарттарға қол қоюға дайын екендігін білдірді. Демек, екі ел арасында экономикалық қана емес, достық, туыстық байланыс нығая түспек.