«Асыл арманды» алға жетелеген
«Асыл арманды» алға жетелеген
Ринат Нұрақбаевтың мәдениет саласында атқарар жұмысы көп
Тоқтаусыз, тынымсыз арнасынан сарқырап ағып жатқан өзен тәріздес өмір айдынында өзімен-өзі еркін жүріп, қолынан келгенше руханиятқа қол ұшын соза білетін жаны жайсаң азаматтар болады. Олар өлеңнің де, өнердің де шын жанашыры, жанкүйерлері. Облыс көлеміндегі рухани-мәдени іс-шараларда жүргізуші-ұйымдастырушы ретінде ерекше көзге түсіп жүрген Ринат Нұрақбаевты мәдениеттің өркендеуіне өз мүмкіндігінше үлесін қосып жүрген игі жандардың қатарына жатқызуға болады.
Ол 1995 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң еңбек жолын облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығында мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы болып бастады. Міне, оның жастай жарқырап көзге түскен сәттері де осы жылдар. Орталық жұмыс өте ауқымды еді. Бұл қиындықтан қашпады. Жоспарлы түрде өткізіліп жататын іс-шаралардан бөлек Ринат дайындаған өнерлі өрендер республикамыздың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған республикалық ән, өнер, театр байқауларынан жеңімпаз және жүлдегер атанып жүрді. Р.Нұрақбаев өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдеп, аталған орталықтың директорының міндетін атқарушы жауапкершілігіне дейін жоғарылады. Шәкірт тәрбиелеумен шектелмей, өзі де түрлі республикалық, облыстық өнер додаларына қатысты. Әсіресе, 2003 жылы Өскемен қаласында өткен Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауында жүлделі ІІ орынды олжалағаны Ринаттың ұзақ жылғы ізденісінің өтеуіндей болғаны анық. 2001-2010 жылдар арасында облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасында оқушыларға арналған «Жүзден жүйрік» зияткерлік телеойынының ұйымдастырушысы, жүргізуші-редакторы ретінде тағы бір талантты қырынан танылды. «Жүзден жүйрікте» талабын шыңдаған кейбір түлектер сол жылдары оқу орындарының гранттарын иеленіп жатты. «Ринат пен Перизат» дуэтін құрып, 2008 жылдардан бастап әншілік қырын да танытты. Дуэттің орындауындағы «Той көріңіз» әні еліміздің аумағына кеңінен тарап, көрші елдердің жиын-қуаныштарында да айтылатын болды. Қазіргі тілмен айтқанда, хит әнге айналды. Білім саласының үнемі қайнап жататын іс-шараларын өткізетін орталықта жүріп, Ринат өзін әбден шыңдады, ширықтырды. 2011 жылдың тамыз айынан бастап «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау орталығын құрып, төраға ретінде өзінің ойында пісіп-жетілген жобаларын жүзеге асыра бастады. Бұл орталық Ринат Даниярұлының басқаруымен Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңбері аясында қазақстандық патриотизм мен ұлттық руханият тақырыбындағы жобаларды жүзеге асырып келеді. «Асыл арманның» алғашқы күннен қолға алған жобаларының бірі – жасөспірімдер мен жастарға ұлттық тәрбие беруге арналған «Инабат» қыздар клубы. Клуб жұмысын мектеп оқушылары арасында насихаттау мақсатында 2011-2014 жылдары Тараз қалалық «Инабатты ару» байқаулары өтті. Бұл бастамаға сол кездегі Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Маржан Қожаеваның (қазір қала әкімінің орынбасары) және Тараз қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырзағалидың қолдау білдіргенін ерекше атап өтуге болады. 2015 жылы облыстық «Инабатты ару» байқауын ұйымдастырып, өткізді. Бұл іс-шараға облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі қолдау білдірді. 2015 жылдың ақпан-маусым айлары аралығында Ринат Даниярұлы «Қазақстан – Тараз» телеарнасында облыстық мектеп бітірушілерге арналған «Жас талап» интеллектуалдық телеойынын өз қаражатымен ұйымдастырып, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың 50, 75, 100 пайыздық үш оқу грантын Т.Рысқұлов, Жуалы және Жамбыл аудандарының түлектеріне алып берді. Бұл орайда облыстық «Қазақстан- Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепбергеннің қолдауы үлкен болды. Егер шамалы қаражатпен қолдайтын демеушілер табылып жатса, «Асыл арман» интеллектуалды телеойынды биыл да жалғастыруды көздейді. Орталық Тараз қаласы мектептерінің оқушыларына арналған «Қазына» балалар телестудиясын құру мақсатында қала мектептері оқушыларымен «пилоттық» түсірілімдер жасалуда. Бұл жоба аясында «Қала тарихы», «Мектеп партасындағы әзілдер», «Аталар сөзі – қазына», «Біз де бала болғанбыз» (көшедегі сұхбат) айдарлары таңдалынып жатыр. Шығармашыл жастарды қолдау мақсатында орталық аясынан «Зерделі» шығармашыл жастар клубын құрып, жас ақындар мен зиялы қауым өкілдерінің байланысын қалыптастыра отырып, жас дарындардың шығармашылығын қолдау жұмыстары қолға алынуда. «Асыл арманның» жұмысының жандануына орталыққа қарасты «Болашақ» жастар бірлестігінің жетекшісі, жас ақын Қонысбай Ембергенов, «Зерделі» шығармашыл жастар клубының мүшелері Ертай Райымбеков, Әйкен Баймұратова, Рауан Бағланұлы, Алма Махамбетқұл, Әсел Несіпбергенова, Ермұрат Баймырзаев, Асылзат Жұмабай секілді жалынды жастар жастық жігермен үлестерін қосуда. Осынау орталықтың ұйытқы болуымен елімізге, облысымызға кеңінен танымал өнер, мәдениет, баспасөз қайраткерлерімен түрлі рухани кездесулер өтті. Мұның өзі жастарға жақсы әсер, бөлекше ой мен ізденіс сыйлайды. Халқымыздың ұлттық дәстүрі дамысын, жастары өнер мен мәдениетті үйренсін деп талпынып жүрген, өзінің бай тәжірибесін жастармен бөлісе білген Ринат Нұрақбаевтың табанды істеріне бәрекелді! дейміз. Жүрегі ұлттық дәстүр, қазақтың өнері мен өлеңі, мәдениеті деп соққан азаматқа, «Асыл арман» орталығының жобаларына қолдау білдіретін азаматтар көбейсе, Ринаттың жанын салып атқарар, уақытпен санаспай жүзеге асырар жұмыстары әлі алда секілді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Тараз қаласы.