Экономика

Шалғай аудандардың шаруасы шаш-етектен. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Талас және Мойынқұм аудандарында жұмыс сапарымен болды

Шалғай аудандардың шаруасы шаш-етектен. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Талас және Мойынқұм аудандарында жұмыс сапарымен болды

Талас ауданы Үшарал ауылының тұрғындары Талас, Аса өзендерінің аяғында жатқандықтан не ағын суға, не жерасты суына жарымайды. соның салдарынан жері сортаңданып, экологиялық ахуал нашарлап халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Бұдан хабардар облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мәселенің мән-жайын өз көзімен көру үшін мамырдың 2-сі күні «Құрөзек» бөгенінде болып, іс барысымен танысты.

«Бином» ЖШС-нің басшысы Серік Олжабеков Талас өзенінің сағасынан бөген салып, каналды тазалап, «Құрөзектің» ішкі жағын құм көшкінінен арылтып, «Бозарық» маңынан көпір салып, бітіргенін мәлім етті. Соның арқасында бөгеннен ауылға қарай Талас өзенінің суы жіберіліп, өңірдегі өсімдіктердің қайта түрленіп, құдық суларының деңгейі тұрақтанып, экологиялық ахуал жақсара бастапты. – Халық өзен суы мен жерасты суын игілігіне жаратсын деп қаржы бөліп отырған Үкімет және облыс басшылары қамқорлықтарына алғыстары шексіз. Алайда, құрылыс жүргізген серіктестік бар жұмысты аяғына дейін жеткізе алмады, – деді Үшарал ауылының тұрғыны Сәрсенбек Қабылбеков. Облыс әкімі «Бином» ЖШС-нің басшысына жіберілген кемшіліктерді жедел түзетіп, құрылысты сапалы атқарып, аяқтауға қатаң тапсырма берді. С. Қабылбеков облыс әкіміне айтқан сөзін одан әрі былай жалғады: «Ауылдың ағын суға деген мұқтажын толық шешуге ықпал етсеңіз жөн болар еді. Біріншіден, «Құрөзектен» Үшарал ауылына дейін ағып жететін суды ары қарай Сарысу ауданындағы Тоғызкент ауылына дейін жеткізетін жобаны жүзеге асыру керек. Ол үшін «Бозарықтан» «Жыланды» деп аталатын жерге дейінгі арық – атызды тазалап, құм көшкінін біржолата тоқтатуға күш салған жөн. Егер осы жоба жүзеге асса, қатарлас жатқан екі ауылдың да экологиялық ахуалы жақсарып, құдық суларының тұщылығы артып, өсімдіктердің шығуы жақсарып, қырым қанды безгегі ошағының жойылуына мүмкіндік туады». Ауыл ақсақалы одан әрі қарай тазаланған каналдың үстіне үш көпір, бір гидроқұрылғы, төрт жаяу жүргіншілер жүретін көпір салу қажет екенін де еске салды. – Осы айтылған мәселелер сарапталып, техникалық негіздемелері жасалынған ба? – деп сауал тастады облыс әкімі. – Бар, – деп жауап берді аудан әкімінің міндетін атқарушы Серік Дадабаев, – санап шыққанымызда қажетті қаражаттың шамасы 82 миллион теңгені құрап отыр. Кәрім Нәсбекұлы облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Байтелиевке тиісті мекемелерге құрылыстың жобалық-сметалық құжатын жасатуға, қажетті қаржы көзін қарастырып, мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуді тапсырды. Әңгіме барысында Үшарал ауылы халқының елді мекенде ауыз су құбыры тартылса да тұщы суға жарымай отырғандығы белгілі болды. Бұдан бірнеше жыл бұрын геологиялық – барлау экспедициясы ауыл ішінен жиырма жерді бұрғылап, он сегізінің аузын бекітіп, екі ұңғыны ашық тастап кеткен. Соның кесірінен олардан шыққан газды сулар жерасты су көздерін былғап жатыр. Су құрамының бұзылуынан адамдар арасында ауру көбейді. Облыс әкімі осы мәселені шешудің жолдарын сұрастырды. Мәлім болғандай, «Шапантай» деп аталатын аймақта жерасты суының мол қоры бары анықталған. Егер сол суды ауылға жеткізуге қаржы бөлінсе, үшаралдықтардың тұщы суға қолдары жететін көрінеді. Бұл мәселе де оң шешімін табатын болды. Оның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлінетіні айтылды. * * * Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданына жасаған сапарын Ұланбел ауылынан бастады. Оның өзіндік себебі бар. Аудан орталығынан шалғайдағы ұланбелдіктер қаншама уақыттан бері жол азабын тартып, ауызсуды Шу өзенінен ішіп келеді. Өткен жылы Үкіметтің «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға «ТемірСтройСервис» серіктестігі 832,0 миллион теңгеге ауызсу жүйесінің құрылысын бастаған еді. Өңір басшысы аталған қаржының 300 миллион теңгесі былтыр, ал, биылғы жылдың өткен төрт айында 219,9 миллион теңгесі игерілген үлкен құрылысты көрді. – Бізде жұмыс бір қалыпты жүріп жатыр. Су шығарылып, сапасы тексерілді. Жердің қатпар-қатпар тас болуына қарамастан ауылдың ішіндегі 14,8 шақырымның 7 шақырымы 1,5 метр тереңдікте қазылып, құбырлар төселуде. Біз өз жұмысымызды тамыз айында аяқтап, ауызсуды жоспарлы уақыттан 3-4 ай ерте пайдалануға бергелі отырмыз, – деді серіктестіктің бас инженері Темірғали Өтемұратов. Кәрім Нәсбекұлы бұдан кейін Құмөзек ауылында болды. «Бірлік-Ұланбел» тас жолының бұзылып, жүруге жарамай қалғанына бірнеше жыл болған. Алайда, 2012-2013 жылдары бұл жолдың 30 шақырымға жуық жері орта жөндеуден өтіп, сең қозғалған болатын. Биыл аталған жолдың 61 шақырымын орта жөндеуден өткізуге 1173,9 миллион теңге бөлініп, жұмысты «Құлан жолдары»,«Тараз көлік жолы», «Компания инвест mk» құрылысшылары бастап кетті. Облыс әкімі аудан орталығына келген бетте «АН-Б-2005» ЖШС соғып жатқан, құны 265,7 миллион теңге спорт кешенінің құрылысына атбасын тіреді. Құрылыс жұмысы туралы бас мердігер – мекеме басшысы Бақтияр Жантинов айтып берді. Осы ауылдағы ұзындығы 36,3 шақырымды құрайтын ауызсу жүйесінің үшінші кезеңіне былтыр 937,4 миллион теңге қаралған. Өткен жылы оның 400 миллион теңгесі игерілсе, биыл 58,1 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Жұмыс туралы өңір басшысына «ТемірСтройСервис» ЖШС директорының орынбасары Төлеген Қарагойшин баяндады. Жұмыс толық біткенде тағы 14 көше ауызсумен толық қамтылып, аудан орталығындағы ауызсу мәселесі түпкілікті шешімін табатын болады. Кәрім Нәсбекұлы Кеңес одағы кезінде өрісті малға толтырған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың ұрпақтарымен, аудандағы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Мал тұқымын асылдандыруға байланысты сырттан сатып әкелінген асыл тұқымды төрт түлік малдың жайын көрді. Осында Парламент Мәжілісінің депутаты Азамат Әбілдаев облыс басшысымен кездесіп, осы ауданда мал шаруашылығын өркендетуге байланысты өз ойымен бөлісті. Бұған дейін аудан басшылығының қолдауымен 10000 гектар шабындық жер бөлінгенін, енді орман қоры жерінен жер бөлінуіне көмектесуді сұранды. Осы мәселе шешілген жағдайда аудан аумағына шетелден асыл тұқымды 5000 бас еттік бағыттағы мүйізді ірі қара әкелінетінін, бұл жобаны іске асыруға 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынатынын сөз арасында айтып қалды. Депутат мырзаның айтуы бойынша, ол кезде 165 адам жұмысқа тартылатын болады. Облыс басшысы К.Көкірекбаев аталған ұсынысты мұқият тыңдап, бұл жобаны қолдайтындығын білдірді. Сөйтіп, аудан тарапынан бұған көмектесуді, ал, аталған сұранысты тиісті орындар арқылы шешуге көмектесетінін жеткізді.

К. Көкірекбаев Шығанақ ауылында болғанда осында соғылып жатқан 140 орындық балабақшаның құрылысымен танысты. «Құрылыс» ЖШС жұмысты өткен жылы бастаған. Ғимараттың жалпы құны – 336,9 миллион теңге. Өткен жылы мұның 150,0 миллион теңгесі игерілсе, биыл 64,2 миллион теңгенің жұмысы атқарылған. «Хантау» цемент зауыты құрылысының бірнеше жылдан бері жұмысы жүрмей, тоқтап тұрғаны жасырын емес. Бұл жердегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы зауыт директоры Василий Заярний айтып берді. Оның айтуынша биыл асхана, жатақхана тәрізді қосалқы жұмыстар, зауыттың сыртқы қоршауы жасалып жатыр екен. – Бұл зауыттың құрылысы созылып кетті. Қытайлық мамандар келеді дегелі де үш айдан астам уақыт өтті. Нысан Елбасымыздың бақылауында тұрғанын жақсы білесіздер. Демек, зауытты тездетіп іске қосу керек. Содан соң, оған қажетті жұмысшылар жергілікті жерден алынуы қажеттігін алдын ала ескертемін, – деді К. Көкірекбаев. – Біз үлкен өндіріс орындарына қажетті мамандарды сол жергілікті жерлерде аудандық бюджет есебінен оқытып жатырмыз. Бұған дейін «Мыңарал цемент зауыты» «Ақбақай» кен байыту комбинатында 40 жасты оқытып, жұмысқа орналастырдық. Енді міне, осы зауыт базасында 20 жасты оқытуды жоспарлап отырмыз. Оқыған жастар алдын ала жасалған келісім бойынша зауытқа жұмысқа орналасатын болады, – деді аудан әкімі Болат Мәдікенов. Облыс әкімі осы жерде Хантау ауылы жанынан салынып жатқан асфальт зауытының құрылысымен де танысты. Зауыт директоры Сәтбай Қожамқұлов құны 67,0 миллион теңге зауыттың жұмысы туралы хабардар етті. Жылына 30000 тонна ыстық, суық асфальт-бетон қосындысын шығаратын өндіріс ошағы екі-үш айдың көлемінде өз өнімін бере бастайтын болады. – Асфальт зауыты бұл өңірге өте пайдалы, керек. Себебі, аудандағы жолдарды жөндеуге көп қаржы бөлініп отыр. «Бірлік-Мойынқұм», «Мирный-Қияқты» жолдары да жөнделуде. Ауыл ішіндегі жолдар да бар. Осы «Хантау» цемент зауытының төңірегіне де қаншама асфальт керек. Демек, бұл зауытқа деген сұраныс көп болады. Мен зауыт жұмысын қолдай отырып, оның жұмысына табыс тілеймін, – деді облыс әкімі. Облыс басшысы «Ақбақай» кен байыту комбинатының президенті Марат Асубаевпен де кездесіп, комбинаттың жағдайын білді. Ондағы Ақбақай-Приозерск аралығындағы 110 шақырым электр қуатын тасымалдау жүйесі құрылысының кешеуілдеп бара жатқанын сынға алып, мердігер мекеме өкіліне қатаң талап қойды. Аталған жұмыс өткен жылы бітуі тиіс болғанмен 122 шақырымның әлі күнге 8 шақырымындағы жұмыс аяқталмай отыр. Бас мердігер өкілі бұл жұмыстарды 20-25 күн ішінде бітіруге сөз берді. – Бұл ауданда өткен жылы да көптеген жаңа нысандар салынып, елдің игілігіне пайдалануға берілді. Әсіресе, мектеп, балабақша, ауызсу жүйесі. Қаншама жол жөндеуден өтті. Соған қарамастан, биыл жол жөндеуге қыруар қаржы бөлініп отыр. Енді аудан орталығы ғана емес, ауылдарда басты-басты көшелер жөнделетін болады. Бүгіннің өзінде бірнеше жаңа құрылыстарды көрдік. Ауыз су мәселесі де ауданда толықтай шешімін табуға жақын, – деді облыс әкімі К. Көкірекбаев. Иә, шалғай аудандарда атқарылар шаруа шаш етектен. Сондықтан бұл игілікті істе аудан, ауыл әкімдері талапшыл болуы қажет деп білеміз.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.

Талас, Мойынқұм аудандары.