Мәдениет

Құстар, құстар сызылтып ән салады...

Құстар, құстар сызылтып ән салады...

СихаМенің дүниеге келіп, өмір сүріп жүрген жерім – Тараз қаласы. Әрине, мұным өзгеге «Ол осы жерден басқа жақтарды көрмеген екен» деген ой туғызбас. Себебі, жас кезімізде, оқып- тоқып, білім алып жүрген шақтарымызда, біз де оқуды Алматыдан бастап, сол кеңестер кезіндегі ел астанасы Мәскеуде жалғастырдық, Ленинград қаласына да барып эрмитаж, галереяларын көрдік. Аталған қалаларда тұрақтанып қызмет жасауға да мүмкіндіктер болды, жағдайлар жасалды. Біздер сол кездерде салыстырмалы түрде қарағанда, көңілімізді өзгеше әсерлерге бөлеген жағдайларды да аңғарып жүрдік. Мысалы, үлкен қалалардан, желекті орманды жерлерден өз елімізге ұшақпен немесе пойызбен келгенде туған жер көрінісі бір түрлі жұтаң болып көрінетін. Адамдары, мал жандары кіп-кішкентай, арық, қап-қара, шаң басқандай тозаңды кең дала, талдары да аласа бір түрлі, адам тасымалдайтын қала автобустары да ескі, кішкентай, есіктері шиқылдай ашылып, жанармай сасып, салдырлап шуылдап жүретін, көшелері де тар, ойқы-шойқы, қоқыстарға толған, көзге қораш көрінетін. Үлкен деген Алматымыздың өзі шағын қала сияқты етін. Сонда әке-шешелеріміздің біздерге: «Біздің ата-бабаларымыз батыр, шеттерінен алып болған, кең жерімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен сырттан төнген жауларға бермей қорғап қалған. Ал қазіргілер майдаланып, ұсақ болып кеткен...» – деген сөздері көңілде күдік тудырып, әшейін бір аңыз-қиссалардай нанымсыз күйге түсіретін. Сол көңіл ауанын сыртқа шығармай, іште сақтадық. Оны айтсақ, әке-шешені, Отанды құрметтемеген болушы едік. Өзімізді үлкендердің айтқан сөздеріне сендірдік. Бейне бір ғалымдардың айтып жатқан акселерациясының біздің елдің ұрпақтарына қатысы жоқтай етіп, ол жөнінде үндемедік. Біз қандай жағдайды бастан өткізсек те, ауылға оралдық, үлкен елдерге, қалаларға қызығып сенделмей, елде қалдық. Сол кезде бірге болған, әр елдерден өздерінің бар екенін білдіріп қойып жүретін достар анда-санда өз елдеріне қонаққа да шақырып қоятын. Оған да біз әртүрлі жағдайларымызды желеу етіп бір барып көрмеппіз. Ауылдан шықпадық. Міне, осылай салым суға кетіп жүргенде тағы бір достарымыздан шетелге деген арнайы шақыртулары келіп жетті. Бұл жолғы шақырту, суретшілердің Венгрияда өтетін халықаралық симпозиум-пленеріне қатысу туралы екен. Олар тіпті жол ақысына дейін өздері төлейтіні туралы айтты. Мұны естіген жақындарым мен әріптестерім мүмкіндікті жібермеу керектігін ескертті. Ал менің уайымым, сол Еуропа еліне барғаннан бұрын менің бұрындары шетелде болғаннан кейінгі бастан өткерген азапты шағымның қайта қайталануынан сақтану еді. Ол жақты көргеннен кейін өз елімнің жағдайымен салыстырып, көңіл-күйім бұзыла ма деген қорқыныш та болды. Шыны керек, мен Тараздан сол үшін де еш жаққа шыққым келмейтін. Бірақ бұл жолы менің жан-жағымнан қысқан жақындарымның тегеурінді сөздері Еуропаға барып қайтуға көндірді. Әсіресе, менің баратын жерім ата-бабаларымыздың атының тұяғы тиген және біразы сонда қоныс тепкен Хунгар-Мажар елі болғандықтан, ол жаққа өзіміздің мадияр, қыпшақ елі ұрпақтарының тыныс-тіршілігін білмек болып, бармаққа бел будым. Әуежайдан сыртқа шыққанда ауасына бейне бір тал гүл жапырақтарынан хош иістер сеуіп қойғандай жұпар шашып, аңқып тұрғандығы есте қалатыны анық. Достар жан-жақтан күле қарап, арқадан қағып «бұл Еуропа» деп көліктеріне қарай жүктерімізді сүйреп бара жатты. Шынымен ауасы жұпар, көшелері тап-таза, адамдарының мінген көліктері жап-жаңа екені көзге бірден шалынады. Олар біздерді біраз қала көшелерінде серуендеткеннен кейін мейрамханаға апарып, тамақтандырды. Мейрамханада музыканттар шынайы аспаптарда: скрипка, флейтада т.б. ойнайды. Олардың біздерге қошемет көрсеткендері соншама, тіпті, қасымызға келіп, құлағымыздың түбінде тұрып, аспабының үнін, нәзіктігін жанға жапсарластырып, еліте шығарып, шын шеберліктеріне тәнті етті. Расымен де Еуропаның мәдениетін сезінгендей болдық. Міне мажар жерінің бізге деген құрметі осылай басталды. Сол күні түннің бір уағына дейін ғұндар-хундар астанасы Будапештті аралап, көне қаладан алған ғажап әсерлерге бөлендік. Корольдер мекенінде тұрып, қасиетті Дунай өзенін тамашалап, көз тастадық. Дәл осы күні Дунай өзенінің үстінде, үлкен көпірдің жанында жылына бір мәрте болатын авиа-шоуды көру құрметі бұйырыпты. Қала қысы-жазы үздіксіз туристерге, шетел қонақтарына толы екен. Біз қаланың «Батырлар алаңы» деп аталатын орталығында болдық. Онда композициялары ерекше, сюжеттері әр кезеңдердегі, әр ғасырлардағы тарихи оқиғаларға арналған барельефті мүсіндер мен тұла бойы жекелеп сомдалған король, батырлар бейнеленген көптеген портретті монументті мүсіндерден тұрады. Көп мүсіндердің дені ұлы тұлғаларының ат үстінде отырған күйінде сомдалған, өте сауатты жасалған туындылар. Нағыз атты мүсіндер мекенінің отаны венгрлер, яғни, хунгарлар екеніне көз жеткізесің. Бұл – бір ғана алаңдағы мүсін туын­ды­ларынан алған әсер. Біз басқа жер, басқа қалаларында көргендерімізді сөз етпесек те болады. Мұндай сезімді сезіне түсу, ол елдің өзінің жаныңа жақын бір жылылығын аңғартады. Осы жерде еріксіз еске түсетіні, негізі атты ескерткіштер отаны біздің ел болу керек еді деген ой. Біз қаланың басқа жерлерінде де болып мүсін туындылары мен архитектураларын тамашаладық. Арнайы түрде іздеп барып, Абай ескерткішінің алдында суретке түстік. Біз өзіміз аралап көрген жерлердің бәрінен тазалық, ұқыптылық, мейірім көрдік. Қазақтардың жақын туыстары орналасқан деген Қарсақ қаласында болып, ол жердегі тұрғындардың тарихы, этнографиясымен, шаруашылық ахуалдарымен таныстық. Олар өздерін мадиярлармыз деп, Қазақстан туралы білетіндерін айтады. Жалпы Венгрияның кез-келген қаласындағы адаммен сөйлесе кетіп сұрасаң, олар өздерінің мадияр екенін сөз етеді. Мысалы сен біреуіне өзіңнің жақындығыңды айтып құшағыңды ашсаң, ол да құшып бетіңнен сүюге дайын тұрады. Тіпті, бір емес, екі бетіңнен алма-кезек үш мәрте сүйіп тоқтайды. Көшелерінде қарт адамдар көптеп кездеседі. Велосипедпен жүрушілер көп. Жастар да жайдарлы, сөйлессе кетсең күлімдеп тұрады. Дені, тайыншадай денелі ірі адамдар. Олардың қасында біздер кішкене бойлылар болып қалдық. Көңіл аудартатын жай, солардың көбінің қолдарында қалың томды кітаптар. Біреулері трамвайда, автобустарда, гүлзарларда кітап оқып отырса, біреулері көгалда шалқаларынан түсіп, қол-аяқтарын созып демалып жатыр. Ешқайда да асықпай мимырт, тыныш тірлік кешіп жатқан жандар. Рахат... Көше бойларындағы, вокзалдардағы кездесетін жазулардың бәрі тек венгр тілінде. Қарсақ қаласында атақты мүсінші Э. Шордонның шеберханасында болып, оның жұмыс жасап жатқан сәтінің үстінен түстік. Ол қоладан мүсін құйып тапсырыс орындап жатыр екен, өзінің жұмыс жасау технологияларымен таныстырып, бізді күтумен айналысып кетті. Тәжірибе жинағысы келген мүсіншілер қасында топтасқан. Үйі мен шеберханасын қоршаған дарбазасында қыпшақ дәуіріндегі балбал тас, кісі тас бейнелерімен сомдап, әдіптеп қойған екен. Мүсінші мадиярдың үйі екені алыстан-ақ менмұндалап көрініп тұр. Бұл жердің адамдары кеш түсе бассейіндегі термальды суға түседі. Қала қонақтары мен туристері де сол суға түсіп жатады. Бұл термальды су адамның жүрек, жүйке жүйе, қан тамырларына өте шипалы көрінеді. Су қысы-жазы 38-39 градус температурада, табиғи түрде жер астынан шығады. Олардың атадан-балаға мұра етіп сақтап қойған ер тұрманы, қару-жарақ, сауыт-саймандарымен таныстық. Бәрі біздікіндей. Бірақ ол дүниелер мұражайда емес, жеке әулет, отбасы құндылықтары ретінде өз үйлерінде сақталып тұр. Суретшілер жұмыстарын бастаған кезде әрқайсысы өз еріктерімен таңдаған жағына кетіп, өздеріне ұнаған көрініс мотивтерімен қауышады, сырласады, олардың көркемдік сипаттарымен ой, сезім зерделерінен өткізіп бағады. Мұның жергілікті жер табиғатымен жіті танысуға мүмкіндік бергені анық. Онда суретші тек көріністерді көріп қана қоймайды, тылсым табиғаттың небір үнін, оның хош иістерін сезініп, көңіліне қуат, жүрегіне жұбаныш табады. Бұл суретші, жазушы, ақын үшін шабыт тудыратын сәттер. Міне осындай сәттерді сезінуден кейін ғана көңіл аласапыраны немесе қуаныштары басталатыны анық. Сол аласапыран мен қуаныш әлектері белгілі бір көркем өнер туындысын өмірге келтіруге себепші болады. Менің көңілімен орын алған әлекті сезім бұл жерде үш күннен кейін барып ой, жүйке тамырымды қозғап, мазалай бастады. Ол менің таңғалуымнан бастауын алып, күнделікті таңертең ұйқыдан оянып отыруыма себепші болды. Бұл жағдай кереметтей, баяғыда балалық шақта естіп өскен, көктем басында тыраулап, қаңқылдап келген қаз, үйрек, тырна құстарының қиқулаған үнін мына менің санама жаңғырықтырып әкелген, ғажайып та шынайы, өзім бұл жерден кетер-кеткенше куә болып отырған күнделікті көріністермен байланысты еді. Құстардың үнін алғашқы күні естігенде көктем келіп қалған екен деп оянып, төсектен атып тұрдым. Бірақ, есіме менің шілде айының ішінде, Венгрия-Хунгария жерінде жатқаным түсті. Міне қызық, мұндағы жаз көктемдей екен. Осындай бейбіт, мамыражай тірлікте, көшелерде өсіп тұрған ағаш жемістерін таңдап жеп, қалаған жеріңе жатып-тұрып, құстар әуенімен тербеле жүріп, табиғат әсемдігін тамашалап, еш қамсыз суретіңді салып жүргенге не жетсін? Осы керемет сәтті көрген түстей басымнан өткердім. Айналамдағы көптен бері көрмей кеткен, шықылықтап ұшып жүрген топ-топ қарлығаштарды, шымшықтарды, жағал торғайларды көріп, көңілім тасып, қатты қуанышқа бөлендім. Ал дегелек құстар әр үйдің шатырының төбесіне немесе жергілікті адамдардың арнайы соларға арнап жасаған мұнарасының басына ұя салып, төрт-бестен топтасып, қонақтап жатыр. Ұшып-қонып, керіле басып көшелерінде жүр. Адамдардан үрікпейді, бейне бір асыранды үй құстары сияқты. Тылсым табиғат әлемі неше түрлі құстар әуенімен көмкеріліп, адамдар мейірімімен тілдесіп жатқан ғажайып ертегі сияқты ортада, маған біраз болу сәті бұйырған екен. Ойымда тербеліп жүрген композицияларымды ысырып қойып, тек осы өзім куә болып отырған көріністердің көркемдігін шынайы бейнелеудің қажеттігін ұқтым. Осы жерде бұл көріністің әдемілігін адам сезімімен дөп басып көрсетуге ең мықты деген заманауи фотоаппарат күшінің де жетпейтінін анық түйсіндім. Суретші бұл тамаша көріністі жоғалтып алудан қорқып, оны жан ұшырған жылдамдықпен бейнелей отырып, ауыз-басының қисайып, көзінің сығырайып, сілекейі ағып, өзімен-өзі күбірлеп, жымиып, жабығып, торығып сөйлеп, бірде жекіп, бірде күліп, тарихын айтып, еміреніп, сүйсініп, жан сезімдерінің аласұрып кеткенін өзі де аңғармайды. Жан азабынан туған дүниенің қандай екенін, оның өмірдегі берген ләззатын сезінген адам ғана біле алады. Міне, оңашадағы тура осындай шығармашылық күйлерді басымнан өткеріп жүргенде бізге берілген шамалы күніміздің қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Жергілікті достарымыз бізді қайта алып кетуге келгенде, әр жақтан келген суретші достармен, жаңа достармен симпозиумды ұйымдастырған жергілікті мадиярлармен қимай қоштасып, әзер тарастық. Әсіресе, өзім сағынысып жолыққан, құстармен де қоштасып, айырылысу мен үшін ең қиынға соқты. Қайтар жолда бойында көптеген аңдардың суреттері ілінген ескертпе белгілерге сай, ерсілі-қарсылы көлік жолын кесіп өтіп жатқан қоян, елік, түлкі, бұғы сияқты түз тағысының жиі кездесетінін көрдік. Мұндай көп аңдар керек десеңіз, бүгінде біздің таулы, жыңғыл-жықпылды атырапта байқала қоймайды... Олар бұл жерлерде емін-еркін жайылып жүр. Мұнда олар еркіндігін тапқандай. Хунгария жерінде жүрген күнімде біздің елде қаптап жүретін бірде-бір көше немесе жол полицияларын көре алмай кетіп бара жатқаныма таң болып, сөз ету де әшейін әңгіме сияқты екен. Ал бала көңіліне тән құмарлықты оятатын, табиғат әлеміндегі рухани болмысыңдай болып қалған құстар әуенін, туған жеріңнен естімей, олардан бір жола айырылып, жоғалтып алу қаупін шынайы сезіну, нағыз азапты ой зардабын тарттырып, шын гөй-гөймен мазаңды алатын қасіретті жағдай ғой...

Айдархан Сихаев, ҚР Суретшілер одағы облыстық ұйымының төрағасы.

Тараз – Будапешт – Тараз.