Ұлы Дала елінің қуанышы ортақ
Ұлы Дала елінің қуанышы ортақ
Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.
Таразда ілгеріде бір болғаным бар. Бертінде қазақтың хас батыры Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуы мерейтойына байланысты тағы да жолым түсті. Әр келгенімде, осындағы Қарахан баба мен Айша бибі анамыздың кесенесіне ат басын бұрып, тағзым ету бұлжымас қағидама да айналып еді. Бұл жолы да сөйттім. Бұл жолғы сапарымыз Қазақ хандығының 550 жылдық тойына байланысты болды. Қасиетті Әулиеата өңірінің жұрты қашанғы ашық пейіл, қонақжайлылығынан жазбай, бауырмал құшақтарын айқара ашты тағы да. Әсіресе, Тараз, Ұлы Жібек жолы бойындағы қала өне бойы қызылды-жасылды гүлге оранған, гүлтәж киген күйде қарсы алды! Тараз тотыдайын таранып, сұлудайын сылана түсіпті. Жамбылдықтар хандық тойын шын мәніндегі халық тойына айналдырып, «өшкені жанып, өлгені тірілгендей» мәре-cәре болып жатты сол күні. Шынында да тарихымыздағы орны бөлек айтулы дата бұл! «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба» демекші, әулиеаталық ағайындарымыз ұлы тойдың осы тағылымын алты алашқа жайып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсынуда айрықша еңбектенген екен. Той жасасаң, жамбылдықтар секілді етіп жаса деген түйінді ой әркімнің-ақ көңілінде бүрлеп, тамырын жайғанының да куәсіміз. Тағылымы зор, танымы мол шара ретінде отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді қазақстандықтардың бойына ұялатуды басты ұстаным еткен, міне, осындай бірі-біріне жалғасқан әрі сабақтастығы жағынан үлгі-өнегеге толы іс-шаралар, әсіресе, жас буын арасында үлкен патриоттық өрлеу туғызып, Тәуелсіздігіміздің шынайы қадір-қасиетін ұқтырғандай болды. Атшабарда шенгем (ат полосы), ұшқыр, аламан бәйгелері секілді ұлттық ат спорты ойындарының, орталық концерт залында халықаралық ақындар айтысының , «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Еуразия барысы» турнирінің дүбірлеп өткені талайдың делебесін қоздырып, ерлікке, өрлікке, ұлтжандылыққа, ептілікке баулып жатқаны қазір де көз алдымызда. Орталық стадионда 550 әртістің қатысуымен «Қилы жол», драма театрда «Қазақтар» драмалық қойылымдары көпшілік назарына ұсынылып, Жамбыл өңірі тарихи ұлы оқиғалар жаңғырығымен жарасып тұрғандай болды. Тараз қаласындағы хандықтың құрметіне тұрғызылған биіктігі отыз метрге жуықтайтын стелла мен Керей, Жәнібек хандар ескерткіштері тікелей Елбасының өзі қатысуымен ашылған сәтте қуаныштан, ұлы тарихымызбен бетпе-бет келудің алапат әсерінен жүрегіміз лүп-лүп етіп соққанын несіне жасырайық. «Мың өліп, мың тірілген» қазағымыздың, елінің азаттығы жолында жауларымен арыстанша айқасып, алмастай серпілген батыр-баһадүрлеріміздің сан ғасырлық арман, мақсатының орындалуы еді бұл. Айтулы датаның бас тойы Жамбыл топырағында аталып өтілгенмен, халқымыз үшін қастерлі мерекеге бүкіл еліміз, алыс-жақын әрбір өңірдің үн қосып, қолдарынан келгенінше қол ұшын созғаны анық. Демек, бұл – Ұлы Дала елінің ортақ тойы! Ортақ қуаныш! Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алған ауызбіршілігіміздің, ынтымақ пен бірліктің, елдіктің тойы! Той қарсаңында көптеген жаңа нысандардың ашылғанын естіп білдік. Біразын аралап көрдік. Қарахан баба кесенесі жанынан жаңа мешіттің бой көтеруі қандай жарасымды. Осы маңдағы «Көне Тараз» этнографиялық саябағы бастан-аяқ қызылды-жасылды гүлдерге оранып тұр. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бас болып ұлы тойға әзірлік барысында қыруар істі тындырғаны қонақтарды тәнті етті. Той күндері бізді қонақ еткен өңір баспасөзінің қара шаңырағы – облыстық «Ақ жол» газетінің білікті ұжымына да алғысымызды жаудырдық. Аталған тойға еліміздің өңірлері мен жиырмаға жуық алыс-жақын шет мемлекеттерден бес мыңдай мейман келіп қатысқан екен. Айтулы оқиғаны бүгінгі күні елуге таяу шетелдік ақпарат құралдары жазып көрсетіпті. Демек, бұл – Тараздағы той халықаралық деңгейде танылды деген сөз. Біздің де айтарымыз осы. Тараз, шын мәнінде де, тарихымыздың темірқазығы екенін танытты! Қазақ мемлекеттігінің түп негізі алғаш осынау киелі өңірде қаланғанын енді дүниежүзі білетін болады. Қазақтың мәртебесін, рухын көтердің. Мың да бір алғыс саған, гүлге оранған қала! Алматы қаласы.