Саясат

«Мәңгілік Ел» идеясы жасампаздыққа бастайды

«Мәңгілік Ел» идеясы жасампаздыққа бастайды

Мұхабат Тұрдыева,М.Қашқари атындағы облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы.

«Мәңгілік Ел» идеясы — бұл біздің тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың арқасында жүзеге асырылатын үлкен бағыт. Елді отаншылдық пен ұлтжандылыққа, этносаралық ынтымақ пен татулыққа, тұрақтылық пен береке-бірлікке бастайтын жол. Әсіресе, жастарды көп ұлтты мемлекетімізде Отанымыз – Қазақстанды жан-тәнімен сүйетін нағыз патриот болуға тәрбиелеуде үлкен рөл атқармақ. Олардың Отан үшін өмір сүріп, қоғамға, мемлекетке адал қызмет етуіне айтарлықтай септігін тигізбек. Осы ұлттық идеяны ең қажетті сәтте өмірге әкеліп, халқымыздың әлемде алар орнын айқындап, адаспас жол, айнымас бағытты нұсқаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа айтар алғысым шексіз. Себебі, ата-бабаларымыздың аңсаған арманы бүгінгі таңда сәтімен орындалып, болашақтың бақыт мекеніне даңғыл жол ашылды. Осыны көзбен көріп, санасымен сезінген тәуелсіз мемлекетіміздің белсенділері 2007 жылдан бері республика көлемінде ауқымды тақырыптар бойынша патриоттар форумын өткізіп келеді. Жуырда Астана қаласында өткен «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» атты республикалық Патриоттар форумы Мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналып, онда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институционалдық реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қаралды. Жоба қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтудың озық үлгісіне айналмақ. Аталмыш жоба жаңа қазақстандық отансүйгіштікті қалыптастыруға бағытталғандығымен құнды болмақ. Сондай-ақ, жобаның қоғам үшін өзектілігі ұлттық бірлік, ынтымақ және келісім, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік және адалдық, шынайылық, патриотизм сияқты негізгі біріктіруші құндылықтар негізінде жатыр. Ендігі біздің міндет – бір мақсат, бір болашақ үшін аянбай тер төгіп, ерінбей еңбек ету тиіспіз. Ел жастары белсенділік танытып, қандай кез болмасын ел дамуына шынайы үлес қосады деп сенемін.