Бірлік бар жерде, тірлік бар
Бірлік бар жерде, тірлік бар
Бүгінде осы игі бастамаға еліміздің барлық аймақтарында қолдау көрсетіліп, түрлі іс-шаралар аталып өтілуде. Соның бірі – облыс әкімдігінің дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Рухани келісім күні аясында «Біргеміз – берік іргеміз» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған облыс аумағындағы жұмыс атқаратын ислам, христиан бағытындағы діни бірлестіктер мен филиалдардың өкілдері, Қазақстан халқы ассамблеясы Жамбыл облысы хатшылығының басшысы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жиынды ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен өзінінің тақырып аясындағы алуан ойларын ортаға салып, шараның мән-маңызына тоқталды. Бұдан кейін сөз кезегін алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жиналғандарды Рухани келісім күнімен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. – Бүгінгі мереке – біздің еліміз үшін атаулы күн. Себебі ата-бабаларымыз әр уақытта да өз өмірінде ар мен ұятты жоғары бағалаған. Соның нәтижесінде бүгінде елімізде жасап жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың және әртүрлі мәдениеттің өкілдері бар. Олар өздерін еркін сезініп, бейбіт өмір сүрулері қазақ халқының бойына сіңген дархандық, мейірімділік пен қонақжайлылықтың арқасында. Халқымыздың бойындағы бұл асыл қасиет ата-бабаларымыздың қанынан дарыған. Исламға дейінгі түркілердің далалық заңдарында бір адам қылмыс, болмаса қателік жасайтын болса, ол бүкіл рудың намысы болып саналатын. Сонымен қоса, бір адам қиыншылыққа тап болса оған бүкіл ел болып жұмыла көмек беретін. Міне, осы жақсы қасиеттер қазақ халқының бойынан Ислам діні қабылданған соң да жоғалмай, керісінше дамып, қуаттана түсті. Бүгінгі жаһандану заманында осы адами құндылығымызды бойымызда жоғалтпай ұстау – біздің басты міндетіміз. Адамгершілік принциптеріміздің арқасында бүгінде елімізде тыныштық пен ынтымақтастық орнауда. Сондықтан біз үшін бұл атаулы күннің маңызы зор, – деді Б. Орынбеков. Мұнан соң сөз алған «Дніпро» украин этномәдени орталығының жетекшісі Федор Клименко өзінің орамды ойларын ортаға салып, ел татулығы жолындағы Елбасының орасан еңбегін тіліне тиек етті. Сондай-ақ ҚМДБ-ның бас өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев «Ислам діні рухани үйлесімдікке шақырады» тақырыбында сөз қозғап, атаулы күннің еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына қосатын үлесін ескерді. Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының бас инспекторы Зубайра Сембина, Меркі ауданындағы православ шіркеуінің басшысы Владимир Воронцов, Тараз қалалық шіркеуінің өкілі Тамара Шин, Қордай ауданындағы Лютеран шіркеуінің басшысы Александр Шелудько және өзгелер тақырып аясындағы түрлі пікірлерін білдірді. Әңгіме барысында барлық қатысушылар мемлекеттік тұрақтылықты сақтаудағы рухани келісімнің маңыздылығын алға тартты.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».