Саясат

Қауіпсіздік – қадағалаумен қамтамасыз етіледі

Қауіпсіздік – қадағалаумен қамтамасыз етіледі

Нұрби Жігітеков, Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне және ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлгені белгілі. Президенттің бес халықтық реформасында елімізді индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу міндеті қойылды. Облыстық аумақтық инспекция мамандары осы міндетті орындауда елеулі шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Инспекция – реттелетін салада мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттің аграрлық саясатын, стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік ғылыми-техникалық және өзге де бағдарламалар мен жобаларды іске асырады. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы ведомстволық, статистикалық бақылауды жүргізеді, экспорттаушы елдердің ресми органдарымен импортталатын асыл тұқымды өнімдерге берілетін куәлікті немесе оған балама құжаттардың күшін танып, өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині, астық нарығы және тұқым саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Қауіпті және аса қауіпті зиянды жәндіктер бойынша фито-санитарлық мониторингін ұйымдастырады.

Ауыл шаруашылығы саласында алқаптарды химиялық өңдеу және зиянкес жәндіктермен тұрақты күрес жүргізудің маңызы зор. Бұл шаралар уақтылы әрі сапалы жүргізілмесе, алынатын өнімнің 30-40 пайызы ысырап болады. Мемлекет бұл салаға жыл сайын қыруар қаржы бөліп келеді. Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысында облысымызда карантиндік арам шөптер мен зиянкестерге қарсы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 58180 гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Соның нәтижесінде жатаған укекіре, арамсояу, америкалық ақ көбелек, қауын шыбыны, калифорниялық қалқаншалы самыры, жеміс жемірі, жұпсыз жібек көбелегінің өсіп-өнуіне жол берілмеді. Облыстық және аудандық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар тарапынан жеке және заңды тұлғаларға фито-санитариялық және карантиндік сертификаттар беру мемлекеттік қызмет стандарты бойынша жүргізілуде.

Үстіміздегі жылы облыс бойынша аса қауіпті зиянды жәндіктерге қарсы 107290 гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған болатын. Тапсырма орындалды. Олардың арасында үйірлі шегіртке, мароккалық және азиат шегірткелері, колорадо қоңызы, тышқан тектес кеміргіштер, сарышұнақтар, зиянды бақашық кандаласы бар. Химиялық өңдеу жұмысын «Центр ПАНХ Қазақстан» ЖШС әуе ұшақтарымен және «Өсімдік қорғау К» ЖШС жерүсті бүріккіш техникасымен атқарды. Болжамдар әдістемелік орталығының хабарламасы бойынша үстіміздегі жылдың 3-4 шілде күндері Мойынқұм ауданының солтүстік-батыс аймағынан қатты жел тұруы салдарынан қанаттанған азиат шегірткелерінің Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай, Мойынқұм және Жамбыл ауылдық округтертеріндегі жайылымдық жерлерге келіп қоныстанған. Мойынқұм аудандық болжамдар әдістемелік орталығының филиал мамандары тексеру жүргізіп, азиат шегірткесі 7 мың гектар алқапқа қоныстанғанын анықтады. Оларды жою үшін осы аумаққа қосымша 7 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілді. Үкіметтің «Лицензиялау және хабарлама тәртібінің кейбір мәселелері туралы» қаулысына байланысты 2013 жылдан бері құжаттары Қазастан Республикасы «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Заңы талаптарына сай келген 93 шаруашылық субъектісі асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие болды. Оның 3-еуі асыл тұқымды мал зауыты, 90-ы асыл тұқымды мал шаруашылығы. Бұған қоса 1 дистрипьютерлік орталық, 149 жеке тұлға мүйізді ірі қара малын қолдан ұрықтандыру ретінде және 8 сыныптаушы ретінде қайта жасақталып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтына тіркелді. Сатып алынған малдың өз аумағына нақты жеткізілгені және асыл тұқымды малға сәйкестігіне 2015 жылдың 9 айында 185 бақылау жүргізіліп, нақтылығы анықталды. Бақылау кезінде заң бұзушылық деректері анықталған жоқ. Облыстық және аудандық аумақтық инспекцияның асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жеке тұлғалардың белгілі бір қызмет түрін бастағаны туралы берген хабарламаларына сәйкес, бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жергілікті органына тіркеліп, жоспардан тыс 22 тексеру жүргізді. Сатып алынған малды өз аумағына нақты жеткізгені және асыл тұқымды малға сәйкестігіне байланысты биылғы 9 айда 638 бақылау жүргізіліп, нақтылығы анықталды. Облыста биыл мүйізді ірі қара малын селекциялық асылдандыру жұмысына 468 шаруашылықта 37008 бас аналық бас тіркелген, оның 27389 басы субсидиялауға жатады. Жыл басынан бері 23294 бас малға 419292 мың теңге субсидия төлеу ұйғарылған. Бүгінгі күнге дейін 9379 басқа 168882 мың теңге төленген. Қадағалау шараларын жүйелі жүргізу кемшіліктерді дер кезінде анықтап, түзетіп, ықтимал шығындардың алдын алуға қол жеткізуде. Мұның өзі агроөнеркәсіп кешенінде қауіпсіздікті нығайтуға да игі ықпалын тигізуде. Тараз қаласы.