Жүрекке жүрексінбей ем жасаған...
Жүрекке жүрексінбей ем жасаған...
Кардио және қан-тамыр хирургтарының конгресі өтті
Тараздағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» ұйымдастыруымен және Қазақстан қан-тамыр хирургтары қауымдастығының атсалысуымен Республика кардиохирургтарының IV конгресі мен қан-тамыр хирургтарының І симпозиумы өтті. Екі күнге созылған жиында жүрек-қантамыр жүйесі аурулары мен оны емдеу жолдары, сондай-ақ, саладағы соңғы жетістіктер мен жаңалықтар талқыға түсіп, тәжірибелер алмасылды.
Алғашқы күні еліміздің және алыс-жақын шет елдерден келген ең білікті мамандар аталған орталықта Түркияның «Medtronic Professor Belhhan Akpinar» компаниясының қолдауымен жүректің митральді ақауларын миниинвазивті тәсілмен қалыпқа келтіріп, ота жасау арқылы шеберлік сыныбы өткізілді. Сондай-ақ, ақауы бар жүректі емдеуде қолданылатын соңғы үлгідегі технологиялардың да жұмыс істеу тәсілі түсіндіріліп, көрсетілді. Екінші күні пленарлық отырыс облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Ғимараттың екінші қабатында орналасқан фойеде жүрек-қантамыр жүйесін емдеу ісіне үлес қосып, осы салада ізденіп жүрген түрлі шетелдік және отандық компаниялар көрме ұйымдастырып, өз өнімдерін қатысушылар назарына ұсынды. Пленарлық отырысты «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» директоры Сейітхан Жошыбаев ашып, жүргізіп отырды. Конгресс пен симпозиумға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой арнайы қатысып, өзінің ой-пікірін білдіріп, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Вице-министр жиында сөйлеген сөзінде еліміз бойынша салада жеткен жетістіктер мен қолға алынған тың бастамалардың бірқатарын ортаға салып, шешімін күткен мәселелерді де тілге тиек етті. Ал денсаулық сақтау саласының облыс бойынша көрсеткішімен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов таныстырды. Бұдан кейін дәрігер-мамандар түрлі тақырыптағы ғылыми жаңалықтарымен бөлісуді бастады. Еліміздің әр өңірінен келген жүрекке қайта жан бітіруші дәрігерлермен қатар, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғыз, Тәжікстан, Үндістан секілді шет мемлекеттен келген кардио және қан-тамыр хирургтары әрбір адамның денсаулығына тікелей қатысты, кім-кімді де толғандыратын түрлі тақырыптарды қаузады. Жасалған баяндамалар мен өткізілген шеберлік сыныптарын бақылай отырып, елдегі денсаулық сақтау саласы айтарлықтай үлкен жетістікке жеткенін және күрделі саналатын түрлі жүрек оталары елімізде де жоғары деңгейде өтіп жатқанына көз жеткізуге болады. Алайда, бұл деңгейді жоғарылату жолындағы жұмыстар бір минут та тоқтамауы тиістігін атап өтті медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаев. – Бүгінде медицинаның басты ұстанымы – ауруды алғашқы сатысында емдеу немесе оның алдын алу. Әлбетте, аурудың әбден созылмалы түрлерімен дәрігерге жүгінетін емделушілер де жетерлік. Солардың ішінде жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын емдеуді ең басты орынға қойсақ болады. Өйткені, аталған аурулар ел тұрғындарының өмір сүру көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Елбасының бізге міндеттеген «100 нақты қадамын» іске асыру арқылы «Қазақстан – 2050» Стратегиясының орындалуына атсалысып, дамыған отыздықтың қатарына дамыған медицинамен ену – біздің бүгінгі басты ұстанымымыз. Шетелдік әріптестеріміздің қатысуымен өткізіліп отырған бұл шараның да алға қойған мақсаты осы, - дейді ол.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.