Қорқыт атаның әйел туралы пайымы
Қорқыт атаның әйел туралы пайымы
Түркілердің исламға дейінгі дүниетанымынан сыр шертетін жауһар туындылардың бірі – «Қорқыт ата кітабы». Бұл тарихи шығармада түркілердің әйел туралы пайымдаулары да көрініс береді. Қорқыт атаның пайымдауынша, әйел төрт түрлі болады. Оның бірі – салақ әйел, екіншісі – ниеті қураған, ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел. «Отбасының құты болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар – Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Мұндай әйелдер өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға да сондай әйел кез болсын. Одан кейінгісі – ниеті қураған, ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап, жылана бастайды да: «Қараң қалғыр, осы күйге мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген кебісім болмады, бетімнен перде түспеді. Ерім өліп басқаға тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», – дейді. Ондай әйел мың болса да, өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін. Одан соңғысын салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті-қолын жуады, үйдің ол шеті мен бұл шетіне қарайды да, күбіні апыл-құпыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу!» деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорадағы байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылихам, Зүбайрам, Руғейдам, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна Мәлік, Құтлы Мәлік, қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы – Тәңір ақысы деген қайда?» – деп, безек қағады. Ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын. Ең соңғысы – адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін», – десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ», – дейді. «Барыңды бер», – десе, әйелі: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарханымды жемесе, берерім жоқ», – деп, бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне жауап қатады, ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын!»
Жоба жетекшісі: Фариза ӘБДІКЕРІМОВА fariza_abdikerimova@mail.ru
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА elvirkz@mail.ru
Ардақ үсейінова ardak_31@mail.ru