«ҚазАқпараттан» жеткен тарту
«ҚазАқпараттан» жеткен тарту
Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арнайы шақырылған «ҚазАқпарат» баспасы корпорациясының директоры Қоныс Ботбай облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын редакциямызда болып, ұжым мүшелерімен әңгімелескен болатын. Сол сапарында Қоныс Қожамжарұлының «Ақ жол» газетінің бүгінгі жаңашыл жұмысына, редакцияның жеке сайтына көңілі толып, жоғары бағасын берген еді. Жақында газетіміздің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының атына «ҚазАқпарат» баспасы корпорациясының директоры Қоныс Ботбайдан арнайы сәлемдеме келді. Қоныс Ботбай «Ақ жол» газетінің редакциясына зор алғысын айта келіп, өзі басқаратын баспадан шыққан кітаптарды тарту-таралғы ретінде салып жіберіпті. Атап айтқанда, Қытайда ғұмыр кешкен қазақтың дарынды перзенті Елібай ақынның «Елібай» кітабының – 5, тарихшы Талас Омарбековтің «Ұлы даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары» кітабының – 20, Мұқағали Мақатаевтың «Жүрек арызы» кітабының 20 данасы баға жетпес тарту ретінде редакция қызметкерлерінің қолына тиді. Әсіресе, алғы сөзін қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді жазған «Елібай» кітабының құны өте жоғары. Елібай ақын өлеңдерінің қалай табылғаны жөнінде филология ғылымдарының докторы, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Сауытбек Әбдірахмановтың көлемді мақаласы да жан-жақты сараланып, терең жазылуымен үлкен мазмұнға ие болып тұр. Елібай ақынның өлеңдерін Несіпбек Айтұлы, Ғалым Жайлыбай, Оразақын Асқар, Аян Нысаналин, Рафаэль Ниязбек, Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқарұлы, Жәркен Бөдешұлы, Бауыржан Жақып, Баян Бекетова секілді қазақ әдебиетінің бүгінгі таланттары қазақ тілінде сөйлетуінің өзі Елібай ақынның болмысының өте жоғары екенін, ақындық деңгейінің құзар шыңда болғанын байқатады. Мұқағали Мақатаевтың «Жүрек арызы» да, Талас Омарбековтің тарихи кітабының жүрек төрінен орын алғаны сөзсіз. Сондықтан, біздің редакция журналистеріне баға жетпес тарту жасаған Қоныс Ботбай мырзаға үлкен алғыс айтамыз!
«Ақ жол-Ақпарат».