Қазақстанға жыл басынан бері 3 мыңнан астам оралман келді
Қазақстанға жыл басынан бері 3 мыңнан астам оралман келді
1 қазандағы мәліметтер бойынша, биылғы жылдың басынан бастап өз тарихи отанына 3012 этникалық қазақ (1164 отбасы) оралып, оралман мәртебесін алды.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, оралмандардың басым көпшілігі Жамбыл облысында - 213 отбасы (529 адам), Оңтүстік Қазақстан облысы - 208 отбасы (527 адам), Қостанай облысы - 189 отбасы (452 адам), Маңғыстау облысы - 108 отбасы (487 адам), сондай-ақ өзге де аймақтарға қоныстанған. Олардың көпшілігі 78,6% - Өзбекстаннан, 6,7% - Түрікменстаннан, 6% - Қытайдан, 3,1% - Моңғолиядан, ал 5,6 % басқа аймақтардан келген.
Еңбекке жарамды жастағы тұлғалардың көрсеткіші - 61,1%, 18 жасқа дейінгі балалар - 32,5%, зейнеткерлер - 6,3%-ды құрап отыр. Еңбекке жарамды жастағы оралмандардың 49,6%-ы жалпы орта білімді, 32,8%-орта арнаулы, 15,4% - жоғарғы білімді, 2,1%-ның білімі жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 мен 2014 жылдар аралығында Қазақстанға 259 мың 159 отбасы, яғни 952 мың 882 этникалық қазақтар қайта келіп, оралман мәртебесін алған болатын. Бұл жалпы халық санының 5,5%-ын құрады.
Қазіргі таңда ҚР Парламенті Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын қарастыруда.
Этникалық қазақтарды өз тарихи отанына оралуға ынталандыру мақсатында Заң жобасы: этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру мәселелерін қарастырады. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі; этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беріледі. Сондай-ақ еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған. Оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.