Денсаулық

Қазақстанның автонарығы ескірген автокөліктерден қорғалатын болады - А. Рау

Қазақстанның автонарығы ескірген автокөліктерден қорғалатын болады - А. Рау

20151001124824Қазақстанның автонарығы ескірген автокөліктерден қорғалатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

Еске сала кетейік, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.

«Заң жобасындағы тағы бір тың жаңалық - автонарықты ескірген, қолданылған автокөліктерден қорғау шараларын қамту. Қазіргі уақытта қолданыстағы нормаға сәйкес, ескірген автокөліктерді әкелудің кедендік баж салығы 35 пайызды құрайды, бұдан бөлек, көліктің қозғалтқышының әрбір текше сантиметріне 2-4 еуро шамасында алым алынады. Ал біз ДСҰ-ға кіргенде бұл кедендік баж 19 пайызға дейін төмендетіліп, әлгіндей алым жинау түгелімен алынып тасталады. Сондықтан да, біздің министрлік өтемақылық шаралар ретінде автокөліктердің бірінші тіркелімі барысында бірреткі мемлекеттік алым енгізуді ұсынып отыр. Бұл ДСҰ аясындағы рұқсат етілген шара болып табылады», - дейді вице-министр. Оның пайымдауынша, аталған норма енгізілсе автокөліктер иелері үшін жалпы шығыстар сомасы артып кетпейді, есесіне мемлекеттік бюджетке түсім жылына 8 миллиард теңгеге дейін артуы ықтимал.

«Айта кетерлігі, бүгінгі таңда қолданыстағы жоғарыда көрсетілген елге әкелінген көліктерге салынатын салық ЕАЭО мүше-мемлекеттер арасында бөлініске түссе, ал біз енгізгелі  отырған мемлекеттік бірреткі алым Қазақстанның бюджетінде тұтастай қалатын болады», - дейді А. Рау.

Тоқтала кететін жайт, заң жобасы аясында бірқатар  жаңалықтар қамтылып отыр. Мәселен, инновациялық кластер саласында ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру үшін екі инновациялық кластер жүзеге аспақ. Оның бірі, Астанада Назарбаев Университеті базасында құрылады. Онда ғылыми зерттеулер жасау және оны соңынан коммерцияландыру үшін ғылыми орталықтар, зертханалар орналасады. Екіншісі, Алматы қаласында өңірдегі жоғары оқу орындары мен ұлттық орталықтардың ғылыми-шығармашылық әлеуетін пайдалану үшін құрылады. Алматыдағы инновациялық кластер алдына ірі шетелдік жоғары технологиялық компаниялар мен жергілікті компанияларды тарта отырып, жобаларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Бұл үшін инновациялық технологиялар паркіне бірлескен кәсіпорындар құру үшін басқарушы органның өкілеттігін кеңейту ұсынылады.

Сенат комитеті заң жобасын алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.