Саясат

Мен жастарға сенемін

Мен жастарға сенемін

Сәкен ЕСҚАРАЕВ, Ауған соғысының ардагері.

Еліміз күні кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Оның алдында ғана Астанада «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» ұранымен Қазақстан патриоттарының республикалық форумы өткізілгені белгілі. Екі мыңдай сан түрлі мамандық иелері қатысқан аталмыш форумның мақсаты айқын, маңызы айрықша елеулі. Туған еліміз бен жерімізді шынайы сүю сезімі асқаралы міндеттерді еңсеруге бастайды. Екі іс-шара да жас ұрпақты талайлы тарихымыздан тағылым алуға үндейді. Қай заманда болса да, барлық жеңістеріміз бен жетістіктеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жастар ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы тиіс. Елбасы сөзімен айтқанда, «Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы, бейбітшілік пен келісім, татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бірлесе ұмтылу іргесі берік, керегесі мықты қара шаңырақта ғана береке орнайды». Біз, кешегі кеңестік кезең кезінде еркімізден тыс ауған жерінде, сол кездің «тілімен» айтқанда интернационалдық борышымызды өтедік. Оның әділетсіз соғыс болғанын білмедік. Алайда «ортақ Отанымызды қорғап, отқа түстік» деп ойладық. Ауған халқының сол тұста өз тәуелсіздігі үшін күрескенін енді ғана ұққандаймыз. Ол соғыстың бетін әрмен етсін. Елімізде тек бейбітшілік, тұрақтылық болсын. Ал оның орнығуы ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен бейбіт тұрақтылыққа да байланысты екендігін әлемдегі әртүрлі оқиғалар көрсетуде. Елбасымыздың бір сөзінде «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашысын, азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деп айтқаны бар. Ел сүйінер ұл болу үшін білімділікпен қатар, іскерлік, өжеттілік, намысты жани білу де қажет. Мұндай қасиет бүгінгі жастарымыздың бойында баршылық деп ойлаймын. Сондықтан да мен жастарға сенемін дегім келеді.

Талас ауданы.