Айдын ағадай болғым келеді
Айдын ағадай болғым келеді
Қазақ халқы – қашанда алдыға ұлы мақсаттарды қойған халық. Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Тарихқа айналған дәуір доңғалағын кері жылжытып, өткенге көз тастасақ, ел атын аспандатқан ғарышкерлер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтар көз алдымызда зорайым көрінеді. Біздің де бала жүрегімізде әлдебір сезімдер, асқар таудай асқақ армандар атой салады. Таяуда ғарышқа сапар шегіп, елге есен оралған Айдын Айымбетов – біз үшін ірі тұлға. Тәуелсіз Қазақстанның туын көкке көтерген Айдын Айымбетовтің ерлігі – жасөспірімдерге үлкен үлгі. Зеңгір көк әлемін шарлаған ғарышкерімізге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құрмет-қошеметін аяған жоқ. Айдын Айымбетов «Халық қаһарманы» атанды. Мен де Айдын Айымбетов секілді ғарышкер болғым келеді. Аспан әлеміне, көкжиекке сапар шегіп, қазақ ғарышына үлес қосуды армандаймын. Әлбетте, қазақтың қаракөз ұлының бойындағы патриоттық сезім біздің де жүректі алау оттай шарпыды. Толқытты, тебірентті. Иә, алаштың алдаспан ұлы елінің мүддесін биік қойып, өзге мемлекет азаматтығын қабылдамай, тәуелсіз Қазақстанның ту ұстар тұлғасы ретінде ғарышқа аттанды. Бұл, әрине, үлкен ерлік екені талас тудырмайды. Шынында да әрбір жастың, замандастарымның көкірегіне енді «мен де ғарышкер боламын» деген ұлы арман ұяласа, өз басым оған еш таңғалмаймын. Өйткені біз үлкендердің өнегеге, ерлікке толы ісінен үлгі алып, солардың лайықты жалғасы болуға тырысатын жастамыз. Уақыт көші адымдап алдыға жылжи береді. Сол ұлы көштің дүрбелеңінде қалып қоймай, мен де Айдын Айымбетов ағамыздай ғарышкер болғым келеді. Асқақ арманыма жету үшін аянбай тер төгетін боламын. Мақсатым – Ұлы Дала елінің ту көтерер азаматы болу...
Әли Мұсылманқұл, оқушы. Тараз қаласы.