Ұлт болашағы ұрпақ қолында
Ұлт болашағы ұрпақ қолында
Облыстық «Ақ жол» газетінің ағымдағы жылдың 14 шілдесіндегі №85 санында жарық көрген журналист Табиғат Абаилдаевтың «Брейк билеп, Шрек көрген балалар туған елі үшін тұлға болып қалыптаса ала ма?» деген мақаласы еріксіз қолыма қалам алдырды. Егемендіктің арқасында еркін пікір айтатындай жағдайға жеттік. Бұл – қоғамда сананың өскендігінің және азаматтық ұстаным қалыптасқанының белгісі. Жарты ғасыр ілгерідегі жастар тәрбиесі мен бүгінгі жастар тәрбиесін салыстырайық. Бұдан елу жыл бұрынғы жастардың әлеуметтік жағдайлары бүгінгілердікінен әлдеқайда төмен болғанына қарамастан, олар тәрбиелі және ізетті, барға қанағатшыл болатын. Ата-аналары ұлттық болмыста тәрбие көргендер балаларын да ұлттық салт-сана, дәстүрде, отбасылық құндылықтармен тәрбиелей білді. Оларға біреудің ала жібін аттамауды, обал-сауапты, аз сөйлеп көп тыңдауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасауды, жастайынан жауапкершілікке, әке балаға оқ жонуды, шеше қызға тон пішуге үйретті. Кезінде бір рудың, бір атаның ақылман қариясы мен ақ жаулықты анасы өздеріне тиесілі ағайындардың жауапкершіліктерін мойындарына алды. Бір атаның үлкен-кішісі сол кісілердің ақылын тыңдап, айтқандарымен жүріп-тұрды, одан жаман болған жоқ. Қазақи қалыпқа салсақ, бүйректен сирақ шығару, бұра тарту, кертартпалық көріністер сирек кездесті. Ондай жағдайларда жасы үлкендер жастарды сақтандырып отырды. Бүгінгі таңда сол ұлттық тәрбие жаңа кезеңмен сабақтастық тапты ма? Әрине жоқ. Себебі, біз бұрынғыдан алуға тиісті тәлімді ескіліктің қалдығы деп менсінбедік. Әкеге баланы қарсы қойдық, ағайынды өзара қырқыстырдық, бұл, ащы болса да, шындық. Кезінде қалыптасқан құндылықтарды тәрк еттік. Нәтижесінде әйелдер кең көйлегін шешіп, шалбар киді, шашын кесті, үлкендердің алдынан қымсынбай кесіп өте беретін болды. Шешенің тәрбиесін көрмеген қыздар кіндігін ашып жүр. Жастар топтасып төбелесті, шарап ішіп шалқыды, ер-азаматтардың жағасынан алуға дейін барды. БАҚ мәліметтерінде жасөспірімдер қылмыстары туралы хабарларға селт етпейтін болдық, жастар той-думан, даңғазаға тым әуес болып қалыптасып келеді. Жастардың өмірге, қоғамға, жүйеге деген көзқарастары өзгерген, қиналып еңбек еткілері келмейді, байлық пен мансапқа оңай жолмен жеткілері келеді. Бұрынғы ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтар далада қалды. Бұл күнде халқымыз имандылыққа бет бұрды. Ғылым мен білім қуған, елінің-ұлтының атын шығарып жүрген жастар аз емес. Еліміздің болашағын ойласақ, жастар тәрбиесіне әр шаңырақ жауапкершілікпен қарауы керек. Себебі, бүгінгі жас – ертеңгі қоғам мүшесі. Қоғамның әр мүшесі білімді, мәдениетті және еңбекқор болса, қоғам жаһандық үрдістің алдыңғы сапында болады. Ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіре отырып, білімді де мәдениетті ұл-қыз тәрбиелеу әр шаңырақтың парызы екенін ұмытпайық. Мақалада жазылғандай, жастарымыз даңғазадан аулақ болып, нағыз елжанды азамат болсын!
Айтмахан Тышқанбаев, зейнеткер ұстаз.
Байзақ ауданы.