Сұхбат

«Ақ жолға» жазылушылар ауылда көп...

«Ақ жолға» жазылушылар ауылда көп...

Биылғы баспасөзге жазылу науқаны осыдан екі апта бұрын басталды. Бұл рухани тұрғыдан қажетті істің барысы қандай? Бұр­нағы жылдарға қарағанда өзгеріс, ерекшеліктері бар ма? «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін ат­қарушы Дастан Үкібаевпен арадағы сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіді.

– Әлбетте, бұл шараға алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, өңіріміздегі 243 пошта бөлімшесі материалдық-техникалық тұрғыда ішінара жарақтандырылып, республикалық және жергілікті каталогтар, түбіртектер жеткілікті көлемде жеткізіліп берілді. Бүгінде өңірімізде жергілікті жерден шығатын 30 мерзімдік басылым бар. Біздің міндетіміз – оларды қабылдап алу және жазылым иелеріне уақтылы жеткізіп беру. Бізге басылымдар баспадан шығысымен уақтылы келеді. Оларды облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарына таңертеңгі сағат 9-10 аралығында жеткізудің мүмкіндігі бар. Пойызбен тасымалдануына байланысты газет-журналдар шалғайдағы Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарына кешігіңкіреп жетеді. Жалпы, өткен жылы жүргізілген мониторингке сәйкес кімнің, қандай басылымға жазылуы мүмкіндігін шамалап болса да болжамдай аламыз. Соған сай тиісінше шараларды жүзеге асыратын боламыз.

– Биылғы жазылым қалай жүргізілуде? – Өткен жылдардағыдан көп айырмашылық жоқ. Дегенмен, әрбір жылдың өзіндік жаңалығы болатыны белгілі. Бүгінгідей компьютерлік технологияның қарыштап дамып, өмірімізге дендеп енуі жазылымды рәсімдеу ісіне ішінара өзгерістер әкеліп отыр. Соның бірі – электронды жазылым жүйесінің енгізілуі. Осыған байланысты көктемгі жазылым барысында сынап көру жұмыстарын жүзеге асырған болатынбыз. Ендігі жерде оқырмандарымыздың пошта бөлімшелеріне бармай-ақ кезекке тұрып, уақыт жоғалтып жатпастан үйінде отырып-ақ өзі қалаған мерзімдік басылымға сұраныс беріп, жазылымды электронды түрде рәсімдеуіне мүмкіндіктері бар. Бұл – алғаш рет енгізіліп отырған үрдіс. Жалпы, жазылым барысы жаман емес. Осы және басқа да мәселелерге байланысты Орталық аппарат пен оның құрылымдық бөлімшелері тарапынан тиісінше түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада осындай шаралардың бір парасын облыс орталығындағы көпшілік орындарында жазылым ісіне мүдделі мекемелер өкілдерінің қатысуымен өткізуді ойластырып отырмыз. – «Қазпошта» мекемесінің жазылым ісіндегі бәсекелес құрылымдардан айырмашылығы қандай? – Қандай салада да бәсекелестіктің болуын жоққа шығара алмаймыз. Бүгінде облысымызда «Эврика», «Казпресс», «Таразпресс» секілді «Қазпоштаға» балама алты құрылым бар. Олардың да қала, аудандарда жазылымды рәсімдеуге құқы бар. Алайда олар ірі кәсіпорындар мен ұйымдармен ғана жұмыс істеп, газет-журналдарды белгілі бір мекемеге жеткізіп берумен ғана шектеледі. Көше-көшені аралап жеткізіп беретін пошташылары жоқ. Ал біздің аудандарда 264 хат тасушымыз бар. Бір ғана облыс орталығының өзінде жетпістен астам хат тасушы жұмыс істейді. – Облыс баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Ақ жол» газетіне жазылушылар көп пе? – «Ақ жол» – облыс көлеміндегі ең танымал, орны да, жөні де бөлек жалғыз газетіміз ғой. Алдағы уақытта жазылым мәселесінде бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Бұл басылымға оқырмандар аудандарда жақсы жазылады. Өзімен деңгейлес басылымдармен салыстыра қарағанда, өтімділігі анағұрлым жоғары әрі сұранысқа ие. Осы тұрғыда жазылушылардың 2016 жылға баспасөзге жазылу 25 қыркүйек-25 желтоқсан аралығында жүргізілетінін есте ұстағандары жөн.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».