Әлеумет

Нан бағасы бес теңгеге өсті

Нан бағасы бес теңгеге өсті

Кеше облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Ол журналистер алдында 15 қазаннан бастап халықты әлеуметтік қолдау мақсатында ашылған дүкендердегі бір бөлке нан бағасы 50 теңгеден белгіленіп, бұрынғысынан 5 теңгеге қымбаттайтынын айтты. 

Нұржан Молдиярұлы түсіндіргендей, ас атасының қымбаттауының бірқатар себептері бар. Біріншісі, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы халыққа ең қажетті азық-түлікке бағаны тұрақтандыру туралы меморандумның мерзімінің аяқталуы. Осынау меморандум келісімдеріне сәйкес, нан бағасы 2012 жылдан күні бүгінге дейін 45 теңге көлемінде тұрақты түрде сақталып келді. Ал сол 2012 жылдан бері электр қуаты -26, суық су -26, газ бағасы 40 пайызға көтерілген. Қазір бірінші сұрыпты ұнның бір килограмы 78 теңгені құрайды. Осындай себептерге байланысты наубайхана қожайындарының нан бағасын бұрынғы қалыпта ұстауға еш мүмкіндіктері болмай отыр. Оның үстіне, наубайханашылардың нан пісіру үшін сатып алған бидайының әр килограмына бес теңгеден субсидия төленіп келді. Алдағы жаңа жылдан кейін бұл субсидия көлемі 50 пайызға төмендейді, яғни әр килограмына 2,5 теңге ғана жеңілдік қарастырылады. Сондықтан, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап дүкендерде бөлке нанның бағасы 55 теңгеден сатылатын болады. Нұржан Нұржігітов осы аптадан бастап әр сенбіде Тараз қаласының тұрғындарына арнап «Достық» алаңында жәрмеңке өткізу жалғасын табатынын, халыққа ең қажетті өнімдердің бәрі төмен бағамен сатылатынын, қай кезде де қарапайым халықтың мүддесі қорғала беретінін жеткізді. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен, коммуналдық төлемдермен қатар нан бағасы да жоғарылады. «Көппен көрген ұлы той» дейтін қазақ атамның сөзі осындайда айтылса керек.  

Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.