Әлеумет

Қайран, желге ұшқан қаржы

Қайран, желге ұшқан қаржы

DSC_86++38 ga++sҚысты қалай қысылмай өткіземіз?

«Шу-Жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 16,737 шақырым жылу жүйесі арқылы Шу қаласындағы 56 көп пәтерлі, 241 жеке тұрғын үй және басқа да 347 нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Яғни, шулықтардың қысты қамсыз өткізуіне кепіл болатын мекеме. Ал тұрғындарға үздіксіз жылу берілуі осы кәсіпорынның қысқа дайындықты қандай деңгейде жүргізуіне байланысты. Қыс – қыр астында. Қар жауып, қара суық қысқанда «Шу-Жылу» қаланы толық жылумен қамтамасыз ете ала ма? Өткен жылы орталық қазандық көгілдір отынмен жылытуға көшетіндігі туралы қуанышты хабар жеткен болатын. Бірақ, айтылған сөз сол күйі қалған секілді. Арада жыл өтсе де, жақсы жаңалық естілмейді. Біз де осыған орай жылытудың жаңа әдісіне көшуге орталық қазандық қаншалықты дайын екенін білмек болып, тиісті мекемелерге хабарластық. Алайда, алынған жауап көңіл көншітпеді.«Көгілдір отынның» артықшылықтары

Бұрынғыдай емес, бүгінде қатты отынмен қыздыратын қазандықтарды газбен алмастырудың артықшылықтары көп екенін қарапайым жұртшылық жақсы біледі. Мамандардың айтуынша, табиғи газбен жылыту экономикалық тұрғыдан да тиімді екен. Яғни, электр энергиясы үнемделеді, қоршаған орта қара түтінмен ласталмайды. Соған қарай мекеменің экологиялық салық мөлшері кемиді және тиісінше тұтынушылар үшін тарифте де біршама өзгерістер орын алар еді. Бүгінде еліміздің көптеген жылыту кәсіпорындары қазандықты газдандыру жүйесіне ауыстырып үлгерген. Тіпті, «Шу локоматив-жөндеу» зауыты да өткен жылы қазандықтарын газға қосқан. «Шу- Жылу» мекемесі де қазандықтарын табиғи газбен жылытуға көшкісі келеді, бірақ...

Кінәліні анықтауға асығар емес

Кәсіпорын иелігінде КЕ-25/14С маркалы 4 қазандық бар. Сағатына 25 тонна бу, яғни 16,25 Гкал жылу энергиясын беруі қажет. Егер осы қазандықтар газбен жылытуға көшсе, ешқандай қиындықтар болмас еді. Бірақ, мамандар 4 қазанды түгелдей газдандыруға болмайтынын айтады. Себебі, кенеттен газ пеші істен шықса немесе көгілдір отын берілмей қалған жағдайда қатты отын қазандығы даяр тұруы тиіс екен. Сондықтан, Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 2 қазандықты газдандыру үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізеді. Құжаттар мақұлданғаннан кейін, мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес 2014 жылы Тараз қаласының «Монтажник» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты қолға алып, мердігер жұмысына облыстық бюджеттен 26 миллион 200 мың теңге қаражат бөлінеді. Мердігер өзіне жүктелген міндетті аяқтап, қазандықтар қосылатын «жұлдызды сәт» туғанда бәрі тоқырап қалған. Мұның себебін тапсырыс беруші және тапсырысты орындаушы тараптар іштей сезгенімен, кінәліні анықтауға ешкім асығар емес. Кәсіпорын да, тапсырыс беруші бөлім де, мердігер де, жобалаушы компания да. Тура аш бәледен қаш пәленің кері.

Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын

Сонымен, қазандықтар газбен жылыту жүйесіне неге қосылмады? Кемшілік қай тараптан кетті? Әр тараптың жауабы әртүрлі. Әрқайсысы даулы мәселеден бастарын ала қашып әлек. Руслан Көккөзов, «Шу жылу» мекемесінң директоры: – Жоба бойынша қазандық сағатына 25 тонна бу шығаруы тиіс, будың максималды қысымы 14 С болуы керек. Біз осыны сметалық жобада көрсеттік. Біздің қазандыққа ГМГ-5 маркалы шілтемір (горелка) орнатылды. Шілтемірді қосып көрсек, талап 40 пайызға ғана орындалған. Ең құрығанда 70-80 пайыз жылу берілсе, жұмысты қабылдауға болар еді. Менің ойымша, бұл жобалаушы компаниядан кеткен ағаттық. Проблема туындағаннан кейін мен тапсырыс беруші басшылыққа, мердігерге, жоба авторларына хат жаздым. Енді мәселені солар шешуі керек. Қазір 325 метр газ құбыры қазандыққа кіріп тұр, бірақ ГМГ-5 маркалы шілтемірдің күші жылытуға жетпейді. Ербол Оспанов, «Жамбыл агрогазпроект» жобалаушы компаниясының бас инженері: – Жобалық-сметалық құжатты біз 2013 жылы тапсырдық. Ол мемлекеттік сараптамадан өтті. Бірақ, қазандықтар сонау кеңес заманында, шамамен 70-80-жылдары құрастырылғандығын ескеру керек. Осы уақытқа дейін неше мәрте ішкі құрылымы өзгеріске ұшырап, жөндеу көргендіктен, пештер бастапқы қалпын жоғалтқан. Ал біз жобаны қазандықтың зауыттан келген сипаттамасына сай есептеп жасадық. Сол себепті, газды қосқанда қабырғалары қызып кете берді. Оның үстіне, бірінші және екінші қазандықтарға шілтемір орнатылуы тиіс еді, бірақ тапсырыс берушілер үшінші-төртінші қазандықтарға жоба дайындауды тапсырды. 3-қазандықтың қазіргі күйі нашар, ал 4-қазандық мүлде іске жарамсыз болатын. Сондықтан, біздің ешқандай кінәміз жоқ. Аман Медетбеков, Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы: – Үшінші қазандық жұмыс істеп тұрды. Төртінші қазандықтың жарамсыздығын білетінбіз. Бірақ, мердігер газды тартып бергеннен кейін, ол қазандықты жөндеп аламыз деп ойладық. Алайда, ойымыз жүзеге аспай, шілтемір орнатылған соң жұмыс істеп тұрған 3-пештің өзі жылуды мөлшердегідей бере алмады. Бүгінде 3 қазандықты қатты отынмен жағуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал «Монтажник» ЖШС мен «Жамбыл агрогазпроект» компаниясын сотқа беруге мәжбүр болдық. Қасым Керімбаев, «Монтажник» ЖШС директоры: – Біз жобадағы барлық талаптарды орындадық. 200-300 метр газ трассасын тарттық, автоматикасын, газ шкафын, есептеуіш құралдарын, шілтемірді орнаттық. Бірақ, шілтемірдің қуаты жетпеді. Жобалаушы институттың мәліметінен еш ауытқымай, ресейлік құрылғыларды сатып алғанбыз. Біріншіден, ол 70-жылдарда жасалған. Шығыны өте көп. Жалпақ тілмен айтқанда, кеңес дәуірі кезінде үнемдеу болмаған, әйтеуір «жұмыс істесе болды» деген қағида басшылыққа алынған ғой. Сондықтан, бұл жерге заманауи технологиямен жасалған шілтемірлер қойылуы керек еді. Жұмысты қолға алған кезде соны ойлап, күмәнданғанымызды жасырмаймыз. Тәжірибелі маман ретінде заманауи, күшті әрі үнемді германиялық шілтемір қоюды ұсынғым келген, бірақ, сметалық жобаға қаншама қаражат жұмсалып, сарапатамадан өтіп кеткеннен кейін, бірнәрсені өзгерту мүмкін болмады. Екіншіден, бұл қазандықтардың жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдан асып кетті. Осы уақыт ішінде қаншама жөндеу көріп, ішкі құрылымы өзгеріп кеткен. Үшіншіден, шілтемірлері ғана емес, қазандық түгелдей ауыстырылуы тиіс. Бірақ, тапсырыс берушілердің қалтасының көтергені осы болды. Біз жобадағы талаптарды түгел орындадық. Сондықтан, тапсырыс берушілердің мердігерге кінә арту орынсыз деп есептеймін.

Тілші түйіні:

Тараптардың сөзіне сенсек, әрқайсысы өзіне жүктелген міндетті мінсіз орындап шыққан. Мәселенің мән-жайын айқындай жүріп, түсінгеніміз әбден тозығы жеткен екі қазандықтың жай-күйін біле тұра тапсырыс берушілер нар тәуекелге барған. Жобалаушы компания «көзді жұмып», жобалық-сметалық құжатты әзірлер алдында пештегі проблемаларды ескермеген. Ал тәжірибелі мердігер қаражат төленген соң, нәтижесі күмәнді болатын жұмыстан бас тартпаған. Насырға шапқан істің ақ-қарасын ажыратуға облыстық экономикалық сот та араласыпты. Бірақ, «Жамбыл агрогазпроект» компаниясы сотқа дейін комиссия алдында өзін ақтап алса, мердігер де даулы мәселеде өздеріне дақ жұқтырмапты. Олардың құқықтары сотта қорғалыпты. Осылайша, жобалық-сметалық құжатқа бөлінген 4 миллион 851мың теңге, жөндеу жұмыстарына берілген 24 миллион 200 мың теңге қаражат желге ұшқан көрінеді. Сөйтіп, қирауға жақын тұрған қазандықтарды көгілдір отынға қосу тым қымбатқа түскен. Бүгінде Шу қаласының «Шу Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны әрқайсысына 3 шілтемірден қойылатын КЕ-25/14ГМ маркалы газға арналған жаңа қазандықтар орнату мәселесі қарастыруда. Оның жобалық-сметалық құны 292 150,13 мың теңгені құрап отыр. Аталмыш құжатты жасауға 919 600 теңге жұмсалып, қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде. Қорытынды қазан айының орта тұсында шығарылмақ. Ал көгілдір отынға арналған заманауи қазандықтардың құрылысы қашан басталып, қалай аяқталатындығы белгісіз. Немқұрайлылық пен жүйесіз жұмыстың салдарынан көгілдір отыннан қағылған кәсіпорын ендігі жерде биылғы жылыту маусымына қатты отынды қалай жеткіземіз деп бас қатыруда. Себебі, осы қысқа қажетті 14458 тонна көмірге 176 миллион 390 мың теңге көлеміндегі сұраныстарын республикалық бюджет қанағаттандырмапты. Әзірге өткен маусымнан қалған 266,1 тоннаны және ауданның 10 миллион теңге бюжетіне сатып алынған 819 тонна көмірді амалдай тұруға мәжбүр. Бірақ, бұл қор 1 айға ғана жетеді екен.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.