Әлеумет

Ұлттық тәрбиеге баулиды

Ұлттық тәрбиеге баулиды

«Тәрбие – тал бесіктен басталады» дейді дана халқымыз. Демек, баланың қоғамға пайдасын тигізер тұлға болып дамып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу мекемесі – балабақша. Тек отбасындағы тәрбие баланың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына аздық етеді. Сондықтан бала дамуының негізгі баспалдағы деп біз ең алдымен балабақшадағы тәрбиені қалыптастыруымыз қажет. Осыдан келіп «балабақшадағы ұлттық тәрбиені неден бастауымыз керек?» деген сұрақ туындайды. Біздің халқымызда атадан балаға мирас болып қалған мұралар жетерлік. Мектеп жасына дейінгі баланы тәрбиелеуде ұлттық ойынның алатын орны ерекше. Ойын – еңбекке бейімделудің белгісі, дене шынықтыру мен сергудің құралы. Халқымыз әрдайым «ойын баласы» деп, жас баланың ойнауына мүмкіндік туғызып отырған. Әрбір ойынның тәрбиелік мақсаттары болады. Осы тұрғыда балабақшада қазақтың «Ақсерек-көксерек», «Ақсүйек», «Орамал тастамақ», «Арқан тартыс», «Қыз қуу» және «Тақия тастамақ» ойындары ойнатылып, бүлдіршіндер бойындағы қайрат пен жігерді, байқампаздық пен сезімталдықты дамытады. Балабақша – бала тұлғасының қалыптасып, білім нәрінің бастау алатын алғашқы білім ұясы. Балаларды балабақшадан бастап ақылдылыққа, алғыр ойға, тілдік шешендікке, ісмерлікке баулу – ұлттық тәрбиенің басты мақсаты. «Жәнібек» бөбекжайы» – мектепке дейінгі балалар мекемесінің жылдық жоспарына сәйкес аталған ұлттық үрдістерді оқу іс-әрекет барысында, серуен уақытында үнемі пайдаланып, баланы ұлтжанды етіп тәрбиелеуде өз үлесін қосып келе жатқан бірден-бір балабақша. Жыл сайын дәстүрлі түрде наурыз айында өткізілетін «Қош келдің, Наурыз!» атты мерекелік ертеңгілігінде балалар Наурыз жайлы, ұлттық мерекеде ұлттық дәстүрді арқау етіп, ата-баба тарихын тереңірек танытып, мұрасын қадір тұту мақсатында «Бесікке салу», «Тұсаукесер» сияқты салт-дәстүрлерді балалар өздері сахналап, оның мәні мен мағынасын түсінуге тырысады. Баланы шешендікке баулуда айтыс өнерінің маңызы зор. Балабақшамызда ертеңгілік барысында ортаңғы топтар арасындағы айтыс өте қызықты да тартымды өтеді. Балалар қыз бен жігітті сомдай отырып, «Қыз бен жігіт айтысы», «Өтірік өлеңдер айтысын» ортаға салады. Осындай іс-шаралар арқылы баланың тілі мен ой-өрісі дамып, қызығушылығы қалыптасады. Ұлттың басты құндылығы – ана тілі. Бөбекжайымызда жас ұрпақтың ана тілін қастерлеп, тілді жетік меңгеруіне баса назар аударылады. Ана тілінде сөйлеу үшін баланың сөздік қоры жеткілікті болу керек. Баланың сөздік қорын молайтудың бірнеше жолдары бар. Осыған орай бөбекжайда күнделікті оқу іс-әрекеттері барысында баланың ойлау, дүниетанымын қалыптастыру, өз ойын толық жеткізе білуге, тілін, сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында бес білім беру саласы бойынша жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар айтқызу, санамақ, өлең-жырлар үйретіп, бала санасының дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызады. Ананың ақ сүтімен бірге дарыған ана тілін терең білу, шешен сөйлеу – ақылдықтың белгісі. Осы тұрғыда бөбекжайдың жылдық жоспарында белгіленген «Ана тілің – арың бұл» атты тіл апталығы ұйымдастырылып, балалардың өз ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, өз тілін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында апталық барысында «Тіл – халық қазынасы», «Ана тілім – бал тілім», «Тіл – ұлттың құдіреті» тақырыбында II сәбилер тобы мен ортаңғы топтарда тіл дамытудан ашық ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері өткізілді. «Ана тілім – ата-баба мұрасы» атты ертеңгілігі өткізілгенде балалар өз ұлтының тілінің қасиеті мен құдіреті жайлы көп мағлұматтар алады. Сонымен қатар бөбекжайда «Ана тілді ардақта» атты тәрбиешілер арасында сайыс өтті. Балабақша тәрбиесінде баланың ынтасын өсіру, ой-өрісін дамытуда ұлттық тәрбие беру элементтерін көбірек пайдаланып, жаңартып отырса, бала тәрбиесі өз жемісін берері анық. Сондықтан халқымыздың ұлттық тәрбие құндылықтарын, салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді жас буынға дәріптеуге, оны ұрпақтан-ұрпаққа айтып жеткізіп отыруға міндеттіміз.

Гауһар Төлебаева, тәрбиеші.

Ерназар ауылы, Жамбыл ауданы.