Басқар Битанов атындағы театр ашылды
Басқар Битанов атындағы театр ашылды
Көкдөнен ауылында дүниеге келіп, өнерімен елге танылған сатира саңлағы Басқар Битановтың «Суретінен ғана таниды» атты повестері мен сықақ әңгімелері топтастырылған жинағына алғы сөз жазған белгілі журналист Қыдыралы Қойтай ол жайлы «Басқардың күлкісі – басқаша күлкі» деп оның сатира саласындағы қолтаңбасын барынша ашып көрсетеді. «Әуелетіп ән салатын, музыкалық аспаптардың кез-келгенінің құлағында ойнайтын. Сонымен бірге кез-келген адамның даусын айнытпай салатын. Жігіттің сұлтаны десе болғандай еді. Небәрі 35 жыл ғұмырында қарымды қаламгер, ақберен журналист, сатира саласында өзінің орнын ойып алып, қаламының қытығы қаншалықты қуатты, күлкісінің қаншалықты шуақты екенін аңғартып үлгерді. Оны кезінде «Тамаша» және басқа да ойын-сауық отауларында қойылған уытты әзіл-әжуалары мен баспасөз бетінде жарияланған әзіл-оспақ әңгімелерінен талай байқадық» деп еске алады.
«Жақсының аты өлмейді» деген осы шығар. Кезінде ауданға Т.Рысқұловтың, аудан орталығына тарихи атауы Құланның есімін беруге белсене атсалысқан азаматтың есімі Көкдөнен ауылының бір көшесіне берілген болатын. Енді міне, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің жанынан Басқар Битанов атындағы театр ашылды. Театрдың ашылуында облысымызға, елімізге белгілі азаматтар Басқардың адами болмысын, табиғи талантын ашып көрсетуге тырысты. Мәселен, жоғарыда сөз еткен «Ақиқат» журналы бас редакторының орынбасары Қыдыралы Қойтай Басқармен бала кезден бірге өскенін, сол жастық шақтың қызықты естелігін тілге тиек етсе, облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов та өнер жайлы өз ойымен бөлісті. Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ арнау өлеңін оқыды. Театрдың ашылуына орай Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет» драмасын сахналаған театр ұжымы жаңадан құрылғанына қарамастан, спектакль барысында актерлік шеберліктерімен көзге түсіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.