- Advertisement -

Кеңес одағының батырлары. Олардың қатарында 20 жамбылдық бар

1 681

- Advertisement -

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ халқына үлкен нәубет әкелді. Елдің болашағы үшін тарих сахнасынан өз орнын алуда мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ұландары қолына қару алып, КСРО-ны қорғау үшін майданға аттанды. Қарттар мен жас жеткіншектер тылда жанкештілікпен еңбек етті.

Бұрынғы қиындықтарды айтпағанда, 1914-1920 және 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргіннен аман қалған қазақтың әрбір отбасына бұл соғыстың аса ауыр тигені анық. Қазақтың бұрын көргенінен өзгеше шайқас болды бұл. Алапат соғыс техникасы мен жабдықтары майдан алаңына шықты. Мұндай соғыс техникасын меңгермеген қазақ солдаты соғыстың мәні мен маңызын жете түсінбесе де, майданға аттанып кете барды.
Большевиктер партиясының идеологтары осы кеңістікті толтыру үшін уақытқа қажеттіні дәл біліп, қазақ халқының ұлы батырларын сахна төріне шығарып, оларды ерлікке бастар ұранға айналдырды. Бұл сол уақытта қажет еді. Сонымен бірге, ұлттық дербес әскери құрылымдар құрылып, солардың бірі болып – өңірімізде 105-інші ұлттық дербес атты әскер дивизиясы жасақталды. Олар халықтың тұрмысын көтеруге айтарлықтай назар аудармаса да, ойын түзеуге бағытталған іс-шараларды шаршамай-шалдықпай, мақсатты түрде жүргізді. Соның нәтижесінде Кеңес өкіметін қорғап қалуда жанын беруге даяр адамдар көбейді.
Екінші дүниежүзілік соғыс қазақты әлемге ар мен намысты биік ұстайтын, ерлігімен ұрпаққа ұран болған ата-баба өсиетіне адал, қайтпас, мұқалмас халық ретінде танытты. Қазақ ерлігі соғыс басталған күннен бастап тарихи шежіреге айналды. Майданда қазақ ұландары арыстанша арпалысып, жауына жолбарыстай қайрат көрсетіп, өліспей, беріспей шайқасса, ауылда бүкіл ауыртпалықтың жүгін арқалаған жас та, кәрі де аянбай тер төгіп, барлығы Ұлы Жеңіс жолына өлшеусіз үлес қосты.
ҰОС әлемге қазақ халқының атымен бірге, оның ержүрек, батыр, батыл, қаһарман ұлдары бар екенін танытты. Кеңес жауынгерлерінің қайтпас, қайсар екендігін тағы бір рет дәлелдеген – Брест қамалын қорғау үшін болған шайқас еді. Онда жамбылдық сарбаздар да ерен ерлік көрсетіп, олардың есімдері Ұлы Отан соғысының тарихына алтын әріптермен жазылды. Брест қамалын қорғаушылардың ішінде 60-қа жуық жамбылдық жауынгер болғаны белгілі. Олардың арасында Жуалы ауданы Бақалы ауылының түлегі Мәнтай Әбдірайымов та бар. Ол Брестті қорғап, қоршауды бұзып шығып, Москваға дейін шегініп келіп, 1941 жылдың 6 желтоқсанында кеңес әскерлерінің жауға қарсы шабуылына қатысты. 1942 жылдың ақпан айында Отан үшін опат болды.
Жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге Сталинградты, Ленинградты, Москваны, Кавказды қорғауға қатысты. Днепрден өтуде болған алапат шайқаста да жерлестеріміз соғыс «сахнасынан» тыс қалған жоқ. Майданның барлық шебінде жаумен арпалысып, оларды өз ұясында – Берлинде талқандады.
Қазақтың арасынан Бауыржан Момышұлындай қолбасшы шықты. Оны ерлігі мен соғысу тактикасы даңққа бөледі. Москваны қорғауда, Балтық жағалауындағы ұрыстарда ол батальон командирінен дивизия командиріне дейінгі майдан жолынан өтті. Кезінде оның ерлік жолын, соғысты жүргізудегі шеберлігін танығысы келмегендер ұлтжандылығын алға тартып, әскери шенін көтермеді, «Батыр» деген атағын да қимады. Алайда, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен, әділдік салтанат құрды. Қазақтың хас батыры, біртуар азаматы Бауыржан Момышұлына «Кеңес Одағының Батыры» атағы марқұмға кеш болса да берілді. Мұның өзі оны мойындағандық! Осындай атақты Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерлігі үшін тағы 19 жамбылдық иеленген.
Көрсеткен бірнеше ерліктері үшін «Даңқ» орденінің І, ІІ, ІІІ дәрежесімен 6 жамбылдық батыр наградталған. Олардың қатарына Жамбыл ауданының түлегі Алақан Жапарбековті де қосуға болады. Ол майданда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен бірге ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен екі рет марапатталған. Ереже бойынша оның бір дәрежесі екі мәрте берілмеуі тиіс. Қателік құжат толтырушылардан кеткен шамасы. Олардың бірін І дәрежелісіне айырбастауға болатын еді. Сондықтан бұл кісіні батырлар қатарына қосуға әбден болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіс күнін жақындатқан, елінің, Отанының даңқын асқақтатқан «Кеңес Одағының Батыры» атағының және «Даңқ» орденінің толық иегері атанған жамбылдықтар қанша деген сұрақ алдымыздан жиі шығады. Осыған орай қолда бар құжаттарды және ақпарат көздеріндегі материалдарды саралап, сұрыптап, Жамбыл облысының 20 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығын, 7 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері болғандығын анықтадық.
Олар:
– қазақтың біртуар азаматы, даңқты қолбасшы, жуалылық – Бауыржан Момышұлы,
– қордайлық – Николай Никонорович Белашов,
– жуалылық – Владимир Михайлович Вишневецкий,
– жамбылдық – Амантай Дәулетбеков,
– шулық – Саттар Естемесов,
– жуалылық – Дмитрий Степанович Кавешников,
– жуалылық – Федор Кириллович Кердань,
– байзақтық – Семен Архипович Ларионов,
– жуалылық – Дмитрий Федорович Пахомов,
– меркілік – Владимир Артемович Савва,
– тараздық – Андрей Алексеевич Сорокин,
– байзақтық – Ақәділ Суханбаев,
– қордайлық – Степан Захарович Сущев,
– жамбылдық – Яков Николаевич Тюлькин,
– тараздық – Нуролла Гарифуллаұлы Фазлаев,
– меркілік – Николай Федорович Федоров,
– тараздық – Петр Васильевич Томасевич,
– меркілік – Иван Иосифович Трубицин,
– тараздық – Мамашариф Гиясұлы Фаязов,
– таластық – Сәду Шәкіров.
Белгіленген ереже бойынша, Кеңес Одағының Батырлары қай жердің әскери комиссариатынан шақырылса, сол жердің ұланы болып есептелінеді. Осы орайда, кейбір дерек көздерінде Мойынқұмда туды деген Мәди Бегенов Түркіменстаннан, Қордайда туған Иван Васильевич Москаленко мен Александр Иванович Романютин Қырғызстаннан майданға алынғанын еске салғымыз келеді. Оларды да «біздің батыр» десек, айып болмас. Сондай-ақ, 8 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын Днепрден өтуде көрсеткен ерлігі үшін иеленген.
«Даңқ» орденінің толық иегерлері:
– тараздық – Иргаш Досмухаметов,
– қордайлық – Василий Иванович Евман,
– тараздық – Федор Васильевич Иванов,
– шулық – Михаил Иванович Перепелов,
– қордайлық – Сергей Яковлевич Сердюков,
– жуалылық – Тайыр Бүркітбайұлы Тастандиев,
– жамбылдық – Алахан Жапарбеков.
Бұлардан басқа, Ұлы Отан соғысынан кейін облысымызда бірнеше Кеңес Одағының Батыры қоныс тепкен. 1965 жылдың 20 шілдесіндегі мәлімет бойынша олардың қатарында: генерал-майор Григорий Архипович Криволапов, подполковник Абылай Әлімбетов, майор Ардольон Вениаминович Баранов, Василий Семенович Грушко, майор Александр Федорович Петров, подполковник Петр Егорович Толстов, аға лейтенант Кенжебек Шәкенов, капитан Александр Павлович Мин, Дмитрий Александрович Стариков, Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында анасы мен інісі тұрған, өзі Маңғыстау облысында дүниеге келген, Түркіменстаннан әскерге алынған Мәди Бегенов, «Даңқ» орденінің толық кавалері Абдулла Матыгуллин бар. Бұлардың біразының отбасы Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл жеріне көшірілгендер болса, біразы қызмет бабымен келгендер.
Біз мұрағат және ақпараттың басқа да көздеріне сүйене отырып, батырлар туралы және біздің облысымызда туылмаса да, 18-ге толар-толмаста батыр атанған Алтайдың қаһарманы Жәнібек Елеуісов туралы да көп дерек жинадық. Ол Тараз қаласында ұзақ жылдар еңбек етіп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиеледі. Осында жаны мәңгі сая тапты.
Ежелден ер деген атымыз шыққан халықтың батыр ұландарының ерлігі мәңгі өшпейтіндігі, олардың ерлігі елге – мұра, ұрпаққа – ұран екендігі ақиқат! Сондықтан да 2009 жылдың қараша айында бір топ жастармен бірге мен бабаларымыз шайқасқан Москва, Калинин облыстарында болып, олар туралы тарихи жәдігерлер жинадым. Волоколамскіде, Дубосековада батырлар рухына тағзым еткенімізді, даңқты қолбасшылар Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловтың ескерткіштеріне Жамбыл жерінен жеткізілген гүл шоқтарын қойғанымызды да жеткізгім келеді.
Жылдар өтер, заман да өзгерер. Бірақ, Отан үшін отқа түскендер ешқашан да ұмытылмайды. Баукеңнің өзі айтқандай, олар отқа күймейді. Қайта ерліктері мәңгілік асқақтай береді!

Мақұлбек Рысдәулет,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support