Жеңісті жылдың көктемі
Жеңісті жылдың көктемі
Жастық шақ, алғашқы махаббат кімнің болса да жүрегіне өшпес із қалдырып, бүкіл ғұмыр бойы есінде жүреді. Осы ғажайып сезімнің жан жадыратар шұғылалы сәттеріне іңкәрліктің әсте толастамай жалғаса беретіні бір керемет емес пе?!. Ол адамның өмірге деген құштарлығының қашанда тозбайтын жібек арқауы, болашақпен жалғастыратын алтын көпірі. Сақаңның жеңісті жылдың сезімдерін арқау еткен балауса жастық туралы жырларының бір парасы құдай қосқан қосағы Қанай Есенқалиқызына арналыпты. Сексеннің сеңгіріне шығып, бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі, төрт бала өсіріп, немере-шөбере сүйіп, қуанышқа кенелген аяулы әжеге денсаулық тілей отырып, өндірдей жас кезінде өзіне арналған жырларды өзінің сүйікті газетінің бетінен тағы бір оқып көрсе дедік. Руханият бөлімі.
Сағат АРЫНҰЛЫ
Ол кезде біз жас едік
Ол кезде біз жас едік, Қабаққа мұң түспеген. Жас сезімге мас едік, Жарысатын құспенен.
Ғашықтықты кім білген, Махаббат қашан оянған? Естігенбіз оны алғаш, Қозы Көрпеш-Баяннан.
Ұйытқып көңіл құйыны, Әлденеге бастайды. Сол екен ең қиыны, Белгісіз, қайда тастайды.
Қаның қызып кей кезде, Өрекписің еліріп. Көзге түссе бұрымды, Мөлиесің телміріп.
Жеңісті жылдың көктемі, Қосқұдықтың басында. Желбіреп жастық желкені, Сен болғансың қасымда.
Қой күзеттік сол күні, Ай да жарық болатын, Естілгендей бүлкілі, Жүрек жиі соғатын.
Күзетші еді Қарақыз, Бізге сеніп қор етті. Бала жігіт, бала қыз, Қоралы қойды күзетті.
Барады ғой ай жүзіп, Бұлттар бетін басады. Мен болсам үздігіп, Ұстатпай үміт қашады.
Әуелде біз үнсізбіз, Өзімізше сыр бермей. Әйтеуір мұңсызбыз, Ештеңені бүлдірмей.
Қайран қалдым өзіме, Айтпағанға әрнені. Шек бола ма төзімге, Шымшып алдың сен мені.
Кенет, солай селк еттім, Марғаулықтан оянып. Осылай күлкі еттің, Ақ жүзің нұрланып.
Жарқырайды күмістей, Қыздың аппақ тамағы. Сүйгім келді иіскей, Сонда мейір қанады.
Өппекшімін бұғақтан, Еміне бір ұмтылып. Ырғып тұрып орныңнан, Босап кеттің сытылып.
Сыңғырлап сен күлдің, Тұрмын мен алақтап. Айтшы, қу қыз не білдің? Түк бітпеді далақтап.
Білем қайдан қыз сырын, Әрекетім – асылық. Сүйіспеп ем мен бұрын, Түпке жетті тасырлық. Жасөспірім қыз-бала, Қылығымен арбайды. Он бестегі бозбала, Жарға соқты маңдайды.
Қойшы сыртқа қарады, Уқалап көзін, есінеп. Малы өріп барады. Қойторысы кісінеп.
Қайту керек ауылға, Ерттеулі тұр құнаным. Болмас мұнда қалуға, Басқа жақта тұрағым.
Қолға түспей ол кетті, Кездескендей ғайыптан. Бір сүйгізсең нең кетті, Қарайсың енді жабықтан.
Алабұртып көңліміз, Аңғардық не, біз деген. Көз жеткіздік оған да, Тез өседі қыз деген.
Ерге тән ғой аңғалдық, Қыздар мұны тез байқар. Қисынына таңғалдық, Көзі күліп, мұң айтар.
Жігіт сені мақтамақ, Пәктігіне сенген соң. Аймаңдайлы Ақтамақ, Шерттің сезім пернесін.
Сарысу ауданы. Қамысты бұлақ. 1945 ж. Апрельдің 21-і.
От боп сезім
(Абайша)
Сүйе білгем, Жүрегімнен, Алтын иек атқан таңдай. Күлімдеген, Гүлім деген, Ғашығым сенсің ақмаңдай.
Ой мен сана, Саған ғана Нәзік сезім жалғанған. Жанның сыры, Жүрек жыры, Өзіңе қалқам арналған.
Айтқан сөзің, Мөлдір көзің, Көңілден ешбір кетер ме? От боп сезім, Берік төзім Серттен таймай жетер ме?
Шын махаббат, Жанға рахат Болар ма екен көңіл хош. «Жүрек мендік, Рас сендік», Демеп пе едің қиғаш қас.
Сол уәдеңді, Тұмар етіп, Жүрегіме мен тағындым. Сүйген сәулем, Жетер әурең, Күн құрғатпай сағындым.
Айтқан сөзбен, Көрген көзден, Келер маған не пайда. Ғашық жүрек, Жанып күйед, Таппасаң өзің бір айла.
Ұқсаң соны, Көңіл мұңы, Бұлттан қалай серпілер? Бәрі бізден, Күдер үзбен, Сағынған сол күн келер.
Сүйші жаным, Атар таңым, Күлімдесін күн көгімде. Арманым жоқ, Көңілім тоқ. Болсаң жүрек төрінде!
Алматы, 1950 ж. Май айы.
Басталған жаңа базары, Әрқашанда жылы жүз. Бақытқа бөлер назары, Қайда, сол бір ерке қыз?
Таңғы шықтай ажары, Тал бойы сондай мінсіз. Жақұттай еді жанары Қайда, сол бір ерке қыз?
Құбылады сағымдай, Біліп болмас ғажайып. Сұлуды көрдім сондай, Тәнті етті жамалы.
Қыпша белі – сәмбі тал, Самалменен тербелер. Үні тәтті – шекер-бал, Сылаң қағып, еркелер.
Елде жоқ керме иық, Маржан тістер от шашар. Мінезі бір тұңғиық, Күн болар ма сырласар.
Айдарынан жел есіп, Толқындайды қара шаш. Көргенде көңіл өсіп, Дейді – мені ала қаш.
Кеуде керген анары, Көздің жауын алады. Сол – құмарың қанары, Қолың жетпей талады.
Үстіндегі шыт көйлек, Жарасқан құлын мүсінге. Етегінен жел кеулеп, От түсіреді ішіңе.
Абайсызда дәлізде. Кез болдым өзімен. Дегенді – мені ізде, Ұқтырғандай көзімен.
Қимылы да тым әсем, Қымсына ол бұрылды. Қапелімде не десем, Діңкем солай құрыды.
Бірдеңені лып етіп, Ұстатқандай қолыма. Кірді класқа сып өтіп, Қарап қалдым соңынан.
Сенбедім мен көзіме, Қағазды әлгі ашқанда. Депті: «Ғашықпын өзіңе» Мұнысы не, сасқан ба? Бар ма үрдіс қазақта, Қыз айтатын: «Сүйдім» деп. Шын ба әлде мазақ па? Жігіттен бұрын «күйдім» деу.
Қалдым солай аңырып, Не істерімді білмедім. Қылығыңмен таң қылып, Естен кетпес күлгенің.
Көзге түспей сен кеттің, Өтпеді күнім алаңсыз. Мені солай сенделттің, Өтпеді түнім мазасыз.
Күттім талай үмітпен, Қиялға сонша беріліп. Көрісуге жігітпен, Келмедің неге ерке қыз?
Уақыт деген зымырап, Жай таппады жаным. Көрінбедің сен бірақ, Мүсіркерліктей халім.
Алматыға жол тарттым, Артыма қарай-қарай. Елесіңе тіл қаттым Қол бұлғап талай-талай.
Ешбір хабар болмады, Сағынышпен сарғайдым, Көңілім бір толмады, Өзің ғана бар қайғым.
Келді бірде ашық хат, Жазуы сол, таныдым. «Сүйем» депті ғашық хат, Өртеді мені жалының.
Военком-ды ағасы, Әкетіпті алысқа. Ермеске жоқ шарасы, Өмір деген ағысқа.
Сол періште әдейі, Әдірісін жазбаған. Бұған енді не дейін, Тағдыр ғой жазбаған.
Ойымда жоқ айрылам, Бермеді бізге тілекті. Қамығамын, қайғырам, Өкініш кернеп жүректі.
Жауқазын ол гүл еді, Алмаққа қол создым. Сайраған бұлбұл еді, Қапияда көз жаздым.
Билеп алған сананы, Қалмаса да ешбір із. Қояр ма, көңіл алаңы, Қайда, сол бір ерке қыз?
Алматы. Август айы. 1949 ж.
Сағынышым өзіңсің
(Қ...ҒА)
Хатыңды алсам қолыма, Лүпілдеп соғар жүрегім, Жайлы тиіп жаныма, Жайнайды менің реңім.
Себебін мұның сезінем, Достықтан туған қуаныш. Тілдескендеймін сенімен, Көңілге демеу жұбаныш.
Ұқтым сәулем сөзіңді, Қабыл болғай сол тілек. Асыға күтем өзіңді, Жүрек шіркін лүпілдеп.
Есіңде ме сол бір күн, Кездестік қой кешқұрым. Ұмытылып барлық мұң. Махаббат төкті ғой нұрын.
Ашылып сонда құшағың, Сүйіп ем қысып беріле. Елесіңді енді құшамын, Тұрмасаң да сен көріне.
Гүлдемейді махаббат, Мөлдір таза сезімсіз. Алаңдаймын, жоқ тағат, Сағынышым тек өзіңсің.
Алматы. 24 қараша, 1954 жыл.
Төгілді күй сыңғырлап...
Қанай ЕСЕНҒАЛИҚЫЗЫНА
Ол кезде сен аққудың көгілдірі ең, Еркелеп ақ көбіктен маржан терген. Төгілді күй сыңғырлап қанатыңнан, Естіліп әуен болып әудем жерден.
Айдында ертелі-кеш сылаң қақтың, Ішінде жүргендейсің Иранбақтың, Қалықтап ақша бұлттай желбіредің, Көркіңе ғашық болып, таңдай қақтым.
Сиқырлап қоятынсың жан біткенді, Ұмытпан еш бал-бұл жанған сол реңді, Еркелей қара көзің нұр шашқанда «Осы ғой деп», іздегенім жүрек сенді.
Арманға биік құлашты сермеген, Бесігін шын махаббатың тербеген, Бағыма туып едің елден текті, Ешкімге Мұрат ақын дес бермеген.
Боранбайдан өз атаң Есенғали, Бақ қонып, қалың елі соңына ерген Құда боп Сарыарқа – Атырауға, Қазақтың салтыменен сәлем берген.
Оң аяқпен ақ босаға аттаған ең, Қол жайды батамен Бибі-Айша енең. Жар болдың Тәңір қосқан өмір бойғы, Өзіңмен жарты ғасыр бірге келем.
Қылықты мінезіңе ақылың сай, Сондықтан алаңым жоқ, көңілім жай, Жалғадың өмір көшін ұл мен қызға, Қабыл етіп тілегімізді бір Құдай.
Аллаға тағзым еттің, шүкірлік деп, Қатеден аулақ жүрдің күпірлік деп. Денің сау, бала-шағаң аман болып, Шалқысын көңіл, жалғассын қызығың көп.
Болыстың ерке қызы есті Қанай, Бұл күнде шау тартқан ақша самай, Ағайын, дос-жараңдар құрмет тұтар, Ел-жұрттың кейуана анасындай.
Тараз қаласы, Мамыр айы.