Экономика

Тасы өрге домалаған кәсіпорын

Тасы өрге домалаған кәсіпорын

_IJL5067Тауар болса, тұтынушы табылады. Бизнестің бұлтармас қағидасы осы. Ал өнімнің түрі мен көлемі артқан сайын, айналымға шығарылып, экономикалық өсімнің серпініне әсер етеді. Шу ауданындағы қиыршық тас өндірісімен айналысатын «Шоқпартас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі экономиканың осы қағидасын басшылыққа алып, өнім көлемін еселеу бағытында қарқынды жұмыс атқарып келеді. Жуырда зауыт жұмысының жаңа тынысы ашылып, тағы бір тас үккіш технологиялық жүйе іске қосылды. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу туралы тапсырмасының Шу өңірінде қолдау табуының айқын көрінісі. 

Ауданның шалғайдағы Шоқпар ауылында орналасқан «Шоқпартас» өндіріс орны – алғаш тас карьері ретінде 1943 жылы қолданылған екен. Кәсіпорын 2009 жылы «Шоқпартас» серіктестігінің иелігіне өтеді. Ол кезде карьермен қатар, сағатына 30 текшеметр қиыршық тас өндіретін технологиялық жүйе жұмыс істеп тұрған. Өндіріс орнының жаңа басшысы 2011 жылы сағатына 60 текшеметр өнім беретін тағы бір жүйені іске қосты. Жылдан-жылға сұраныс көлемі арта түсуде, соған орай өндіріс қуатын арттыру қажеттігі айқын сезіліп отыр. Сондықтан, кәсіпорын директоры биыл бастапқыдағы 30 текшеметрлік жүйені 200 текшеметрлік жүйемен алмастырды. Осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген зауыт құрылғысын Қытай мемлекетінен әкелсе, жаңасын Ресейден алдырыпты. Себебі, ескі құрылғы сыр берсе, Қытайдан қосалқы бөлшектерді әкелу қиынға соғады екен. Кәсіпорын карьерлік жер телімінің аумағы 21 гектар, ал технологиялық процесс жүргізілетін өндіріс алаңы 10 гектар жерді алып жатыр. Мұндағы күрделі жұмыс процесі таудың басынан басталады. Зауыт 3 түрлі фракциялы тастарды шығарады. Олардың әрқайсысының тұтынушылары әртүрлі. Мәселен, 25-60 милиметрлік қиыршық тас темір жол құрылысында, 10-20 милиметрлік тас автомобиль жолдарының құрылысында, күрделі жөндеу жұмыстарында қолданылса, ал сұрыпталғаннан қалған 0,10 милиметрлік құм тас тақталар мен бордюрлер жасауға жарайды. «Шоқпартас» кәсіпорнының өсіп-өркендеуі темір жолмен тікелей байланысты. Себебі, зауыт тұтынушыларының 90 пайызы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы. Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауында: «Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашылады» деп атап көрсетті. Шу ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бүгінде аудан аумағынан өтетін темір жол бойында жаңа құрылыстар жүргізілуде. «Шоқпартас» ЖШС-ның жаңа технологиялық жүйені енгізіп, өндіріс қуатын арттыруы да, сондықтан болса керек. «Шоқпартас» ЖШС-ның бас директоры Ақжүніс Әбдіхалықованың айтуынша, өндіріске жаңа технологиялық жүйені енгізу үшін 100 миллион теңге қаражат жұмсаған екен. Жылдық табыс та жобамен 100 миллион теңгені құрайды. «Шалғайдағы елді мекенге кез-келген кәсіпкер қаражат салып, зауыт ашпайды. Шоқпар ауылының ауа райы құбылмалы әрі қатал. Ауданмен байланыстыратын жолды қыста қар басса, лайсаңнан жүре алмайтындай жағдайда қиыршық тас төсеу керек болса, біз техникамызды беріп, көмектесіп тұрамыз», – дейді Ақжүніс Боранбайқызы. Зауыт иелігінде бүгінде 1 бульдозер, 2 экскаватор, тағы басқа техника бар. Сонымен қатар, жуырда 2 жүк тиеу көлігін алмақшы. Кәсіпорын қиыршық тасты тасымалдаумен айналыспайды. Бұған дейін тауарды вагонға тиеу үшін «Қазақстан темір жолының» тұйығын пайдаланып келсе, өндіріс қуатының артуына байланысты серіктестік 200 метрлік темір жол тұйығын салды. Шоқпар – желдің өтінде қоныстанған ауыл. Содан болар өндіріс кезінде шаң-тозаң аймаққа тарайды. Зауыт басшылығы мәселені оңтайландыру үшін кәсіпорын айналасына су жүргізіп, ылғалдандыруда. Сонымен қатар, өндіріс аумағын биыл елді мекеннен біршама алыстатқандарын айтады. Шоқпар ауылы темір жолдың бойында қоныс тепкен. Сондықтан, тұрғындарының көпшілігі нәпақасын темір жол саласынан тауып отыр. Дегенмен, бүгінде аталмыш зауыт та шоқпарлықтарды жұмыспен қамтуда. Өндірісте қазір 40 адам еңбек етуде. Шоқпарлық Ербол Бажиков зауытта оператор болып жұмыс істейді екен. Ол 70-75 мың теңге көлемінде жалақы алатынын, мұнда жұмысшыларға жақсы жағдай жасалғанын, ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін айтады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол». Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Петр Норкин.