Өнегелі Өмір өткелдері
Өнегелі Өмір өткелдері
Әнуарбек Сандыбаев Қызылорда облысының Қазалы ауданында туылғаны болмаса, шын мәнінде осы Жамбыл өңірінің бір перзенті болып кетті. 1938 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп, ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Жамбыл қаласындағы МТС-ке келген оның бұдан былайғы өмірі осы өңірмен байланысты болды. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен оның алапат майдандарына қатысып, өзі еңбек жолын бастаған Жамбылына жеңіспен қайтып оралды. Әнекеңмен қызмет бабында да, өмірде де көп араласқан адамның бірімін. Ол кісі туралы жақсы білемін және басшы ретінде де, азамат ретінде де жоғары бағалаймын. Ол кісі соғыс жылдарындағы қарулас жауынгерлерінің жанқиярлық ерліктерін жиі айтып отыратын. «Мен сұрапыл соғысқа алғашқы күннен бастап қатыстым. Ленин және Кутузов орденді бірінші гвардиялық механикаландырылған корпустың құрамында жауынгерлік сапта Мәскеуден Венаға дейін майдан даласында ерлікпен шайқастық. Мәскеу, Сталинград түбіндегі тарихи ұрыстарға, Украинаны, Венгрияны неміс басқыншыларынан азат етуге қатыстым. Жеңіс күнін алыстағы Австрияның Венасында қарсы алдым. Айтары жоқ, бұл енді айрықша күн болды...» деп жарықтық еске алып отыратын. Біз мереке күндерінде оның көкірегінде қос-қостан ілінген «Отан соғысы» мен «Қызыл жұлдыз» ордендеріне, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Сталинградты азат еткені үшін» медальдарына қызыға қарайтынбыз. 1947 жылы Кеңес армиясы қатарынан босап, елге оралған Ә.Сандыбаев бірден облыстық партия комитетіне кіреді. Майдан даласында шыңдалған жауынгерге партиялық қызмет ұсынылып, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. Соғыста оқ пен оттың ортасынан есейіп оралған жауынгер еңбек майданында да алдыңғы шепте болды. Іскерлігімен, пайым-парасатымен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге ілінді. 1950 жылы Талас аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалған ол бұл қызметте де жақсы қырынан танылды. Жоғары басшылық оған зор сенім көрсетіп көп ұзамай осы ауданның бірінші хатшылығына ұсынады. Әнекеңнің қайраткерлік қыры кеңінен ашылған жылдар еді, бұл кезең. Одан кейін Свердлов (қазіргі Байзақ), Жуалы, Жамбыл аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып табаны күректей (аздаған үзілістерімен) 28 жыл бойы қызмет жасады. Бұл айтуға оңай. Төрт ауданда 30 жылға жуық уақыт бойы бірінші басшылық қызметте болу кез-келген адамның пешенесіне бұйыра бермейтін бақ. Әнуарбек Сандыбаевпен жақын араласуым 1958 жылы осы ауданға байланыс торабының бастығы болып келуіммен байланысты орын алды. Ол кезде бар болғаны 26 жастамын. Ол кісі болса 40-тан асқан жігіт ағасы. Алты жыл Әнекеңнің басшылығымен жұмыс істедім. Білмегенімді үйрендім, тәжірибе жинадым. Тапқыр, шешен кісі еді Әнекең. Бір жолы ауданға атақты өнерпаз, халық ақыны Кенен Әзірбаев келді. Аудандық милиция бастығы Әбдіқадыр Қостүтінов деген азамат Кенекеңге ағайындығы бар екен, ауданның игі жақсыларының басын қосып, ақын-сазгердің келу құрметіне қонақасын берді. Кенекеңнің әнін тыңдадық. Кенекең сөз арасында жігіттердің жағалай руын сұрай бастады. Ә.Сандыбаев өзінің Қазалыдан Кіші жүздің Әлімі болатындығын айтты. – Келін қайдан болады? – деді ақын. Әнекең ойланбастан: – Әкесі қырғыз, шешесі татар, руын өзім де білмеймін, – деп салған ғой. Отырған жұрт ду күлді. Бүгежектемей турасын айтты. Бұл сөзге Кенекең де риза. Арыстан Өтеулин Свердлов аудандық атқару комитетінің төрағасы еді. Бірінші хатшы Әнекең бастап үшеуіміз бірде «Кеңес» ұжымшарының қызылшалығына бардық. Қызылша қазылып жатқан кез болатын. Ұжымшар төрағасы бұрын аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, басқа да жауапты қызметтер атқарған Сәрсен Мүсірепов еді. Егістіктің ішінде жүр екен. Арекең жұмыс басында ұжымшар төрағасына бірқатар ескертулер жасады. Ескертулерге ұжымшар басшысы шамданып, жақтырмай: – Ол айтқандарыңызды өзіңіз атқарғаныңыз жөн болар, – деп қитығып жауап қайтарды. Осы арада Арекең бірінші хатшыға жүгінді. – Жөнін айтсаң осылай қитығатыны бар, осы Сәрсеннің ылғи бір ені ішінде жүреді, – деп салды. Ұжымшар төрағасы болса қызарақтап, ашу шақырғандай болды. Әңгіме осымен тәмамдалды. Барлық түсініспеушілікті Әнекең осылайша орнына қойды. Сөйтіп, бірлесіп түскі асқа бет алдық... Әнуарбек Сандыбаев сөз жоқ тапқыр, ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы болатын. Ол заманда телефон байланысы нашар, бір желінің бойында бірнеше елді мекен болатын. Мәселен, Амангелді, Сухамбаев атындағы кеңшарлар бір телефон желісінің бойында еді. Байланыс кезінде бірінің сөзін бірі ести беретін. Бірінші хатшы мені өзіне шақырып: – Осы телефон байланысын бір жөнге келтіруге болмас па екен?! – деді. Мен: – Кеңшарлар қаражатын көтеретін болса бір ұжымшарға 40 нөмерлік автоматты телефон станциясын қоюға болады, – дедім. Ол кісі менің бұл ұсынысымды қолдады, дереу ұжымшарлар есебінен қаржы бөлуді ұйымдастырды. Сөйтіп, аталған төрт шаруашылықты қамтитын 40 нөмірлік автоматты телефон станциясын орнаттық. Техникалық себептермен орнатылған станция бірден жұмыс істеп кете алмады. Мың-сан кемшіліктер орын алды. Бірде аудандық партия комитетінің пленумында Әнуарбек Сандыбаев сөйлеп тұр. – Мына Тәжібаевтың ұсынысымен төрт ұжымшарға автоматты телефон станциясын қойып едік. Телефонды көтерсек «пик-пик» дейтін болды, даусы естілмейді. Бұрынғымыз жақсы еді, ең болмағанда біреулердің әңгімесін естіп отыратын, – деді бірінші хатшы. Ел ду күлді. Бұл да сынның, қарамағындағылардың кемшілігін түзетудің бір жолы болатын. Әнекең көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толатын еді. Әнуарбек Сандыбаев сынды қайраткер туралы айта берсек әңгіме көп. Оның жарқын істері, абыройлы есімі халық жадында ешқашан ұмытылмақ емес.
Жақсылықбай Тәжібаев, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.