Жаңалықтар

Әз Жәнібек пен Жиренше шешен

Әз Жәнібек пен Жиренше шешен

00000310 janibekӘз Жәнібек хан болып тұрған кезінде сол елдегі айтқыш та, тапқыр, батыл адамдарды іздеп тауып, өзіне уәзір етіпті. Солардың бірі – Жиренше шешен екен. Ол заманда зауыт, фабрика деген атымен жоқ. Қырық уәзір күнде таңертең хан ордасына жиналып, жұмысты жоспарлап, әңгіме-дүкен құрып тарқасады екен. Осындай әңгіме кезінде Жиренше шешен кімге де болса дес бермей, шешендігін байқататын болыпты. Тіпті, Әз Жәнібектің өзін де сөзден ұтып кете береді екен. Сондық­тан болар, хан басқа уәзірлеріне «Жиреншені сөзден бір сүріндірудің амалын табыңдар» деп бұйырады. Бірақ, ол уәзірлер Жиреншені сөзден ұтудың жолын таба алмайды. Сол заманда Хан уәзірлерімен, аңшыларымен бірге апталап, саятқа шығып қайтады екен. Бір күні Хан: – Уа, менің уәзірлерім, келесі жолы аңға шыққанда жұмыртқа пісіріп шығыңдар. Бірақ Жиреншеге айтпаңдар. Сол аңшылыққа барғанда мен бұйырамын, сол кезде дастарханға жұмыртқаны қойыңдар. Жиреншені сөзден осылай бір ұстайық, – депті. Хан бастаған жақсылар аңшылық сапарға шығады. Табиғаты көркем бір көлдің жағасына Ханның құрметіне дастархан жасалады. Ортаға бәрі қойылады. Сонда Әз Жәнібек: – Уа, менің тапқыр уәзірлерім-ай, дастарханды жайнатып қойыпсыңдар. Бірақ, мұнда жұмыртқа жоқ қой, – депті. – Ой, тақсыр, ол да табылады, – деп сол кезде уәзірлер қоржындарынан 4-5 жұмыртқадан алып, дастарханға қойыпты. Бірақ, Жиренше бұл жағдайдан бейхабар болғандықтан, үнсіз отыра беріпті. – Ей, Жиренше, сен де бір уәзірімсің ғой, жұмыртқа алып шықпадың ба? – деп сұрапты Хан. Сол кезде Жиренше «Ку-кереку» деп қораз болып айқайлап, шыңғырып жіберіпті. «Мұның не, қораз болғаның қалай?» – депті Әз Жәнібек. – Уа, тақсыр, мекиендер, қоразы болмаса жұмыртқа шығара алмайды ғой. Мен уәзірлердің ішіндегі қоразымын ғой. Білмей жүрсіз бе? – деп Жиренше ол жолы да сөзден ұтып кетіпті. Тағы бірде ішінде Жиренше бар, 4-5 уәзірімен хан жолға шығыпты. Күз мезгілі екен. Жел тұрып, кеуіп қалған шөп қаңбақтар ерсілі-қарсылы ұшып, бұл кісілердің алдын кес-кестей беріпті. – Ей, Жиренше, мына қаңбақтардың жаны бар ма? Ұшып, алдымызды кес-кестей берді ғой, – депті. Жиренше бір сайға жақындағанда үлкен қаңбақты сайға түсіріп, ханның қасына қайтып келіпті. Сөйтіп Ханға: – Тақсыр, жаңағы қаңбақты ұстап алып сұрадым. Ол сонда «Менің ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны білмей сұратқан Хан ақымақ па, сұрап келген сен ақымақ па?» – деп сөкті. Не дерімді білмей, сөз таба алмай, кетіп қалдым, – депті. Әз Жәнібек хан: Ей, сөзің бар болсын, – деп Жиреншенің тапқырлығына тағы риза болыпты. Бір жиында Жәнібек хан билерінен: «Дүниеде не өлмейді» деп сұрапты. Уәзірлер «Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді, аспанда ай мен күн өлмейді, әлемде қара жер өлмейді» – деп жауап беріпті. Жәнібек «Уа, Жиренше сен де пікір жоқ па?» дегенде, Жиренше «тақсыр, мен бәріне қарсымын» депті. Одан әрі Жиренше: «Ағын судың өлгені, алты ай қыста қатқаны, Асқар таудың өлгені, басын бұлттың жапқаны. Ай мен күннің өлгені, еңкейіп барып батқаны. Қара жердің өлгені-қар астында жатқаны. Ажал деген атқан оқ, бір Алланың қақпаны. Дүниеде не өлмейді, Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, – депті. Әз Жәнібек осы сөзге тоқтапты.

Жүсіп Әлқожаұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.