Нобель сыйлығының жаңа иегерлері
Нобель сыйлығының жаңа иегерлері
114-ші Нобель апталығы Швецияда физиология және медицина саласындағы лауреаттың есімін атаумен ашылды. Келесі күндері басқа аталымдардағы сыйлық иегерлерінің есімдері жария етілді.
Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы Белорусь қаламгеріне бұйырды
Германияда тұратын белорусь жазушысы Светлана Алексиевич әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Светлана Алексиевич – белорустың орыс тілінде жазатын аты әлемге танылған жазушысы. Ол Ұлы Отан соғысы жайлы бірнеше кітаптың авторы. Сонымен қатар Чернобыль апаты жайлы қалам тербеген «Соғыстың жүзі әйелдің бейнесіндей емес» (1985), «Соңғы куәгерлер» (1985), «Мырыш балалар» (1989), «Чернобыль мінәжаттары» (1997). Өткен жылғы Нобель сыйлығы «Адамның жұмбақ тағдырларын және басқыншылық кезіндегі адамның өмірлік әлемін ашып берген есте сақтау өнері үшін» табыс етілген еді.
Физика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары
Нейтрино осцилляциясын ашқан ғылыми қызметкерлер – Такааки Кадзита мен Артур Макдональд физика бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Оларға «Нейтрино пішінін өзгерте алатындығын тәжірибе жүзінде дәлелдегені үшін» Нобель сыйлығы берілді. Бұл жаңалық материяның ішкі үрдістері бойынша ғалымдардың түсінігін өзгертті. Такааки Кадзита Жапония аумағында атмосфералық нейтринолар бір күйден екіншісіне өте алатынын ашты. Сонымен қатар Канадада Макдональд бастаған бір топ ғалым біздің планетаға келе жатқан нейтрино жоғалмайтынын көрсетті», – делінген хабарламада.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы «Тунистегі ұлттық диалог квартетіне» бұйырды
2011 жылы жұпар қозғалысынан кейін Тунисте плюралистік демократияны құруда қосқан үлесі үшін «Тунистегі ұлттық диалог квартеті» 2015 жылғы Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанды. 2013 жылы құрылған «Квартет» төрт негізгі азаматтық ұйымнан тұрады. Олар: Жалпыға бірдей Тунис еңбек бірлестігі, Тунис өнеркәсіп және сауда конфедерациясы, Тунистік адам құқығы лигасы және Тунис адвокаттар қауымдастығы. «Елде азаматтық соғыс туу қаупі төнгенде «Квартет» бейбіт саяси үрдістің өтуіне септесті», – деді Нобель комитетінің басшысы Карин Сисилле Кулльман Фиве.
Химиядан Нобель сыйлығы ДНҚ репарациясын зерттеу еңбегіне берілді
Биылғы жылы химия саласында Нобель сыйлығының лауреаттары болып Томас Линдал, Пол Модрич және Әзиз Санкар танылды. Бірінші ғалым өз қызметін Англияда жүргізсе, оның екі әріптесі зерттеулерін АҚШ-та жүргізіп жүр. Олар сыйлықты ДНҚ репарациясы механизмдерін зерттеуде алға озғаны үшін алды. Нобель комитетінің баспасөз парақшасында бұл үш ғалымның жұмысы «тірі ағзалардың қызметі, мәселен, обырмен күрес жүргізудің жаңа әдістерінде оларды пайдалану туралы іргелі білім екені» айтылды. Ғалымдар зақымдалған ДНҚ-ны ағзалармен қалпына келтіру қалай жүретінін және бұл ретте генетикалық ақпарат қалай сақталып отыратынын молекулалық деңгейде көрсете алды.
Инфекция және безгекпен күрес үшін Нобель сыйлығы берілді
Үш ғалым Нобель сыйлығының физиология және медицина саласындағы 2015 жылғы лауреаты атанды. Сыйақының жартысы паразит құрттар тудыратын инфекциялардан емделудің жаңа әдісін тапқаны үшін Уильям Кэмпбэлл мен Сатоси Омураға, екінші жартысы безгекті емдеудің жаңа әдісі үшін Юю Туға берілген.
«Ақ жол-Ақпарат».