Мерейімізді асырды
Мерейімізді асырды
Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері.
Шығыс пен батысты жалғаған Жібек жолы ықылым ғасырлар бойы алдын ала қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, сақ, үйсін, ғұн, қаңлы, түркі, қыпшақ, қараханидтер кезеңдерінде Қазақ мемлекеттігі ізашарларының қалыптасуына баға жетпес игі ықпал жасады. Жібек жолы сол кездегі халықтар достығының дәнекері болып, салиқалы байланыстардың иініне айналды. Тарихымызды танытар Қазақ хандығының 550 жылдық тойымен бірге «Жібек жолындағы сұхбаттар» жобасының Тараз жерінде қатар өтуі кездейсоқ емес. Бұл шаралар төл тарихымызды әлемге танытумен қатар, Орта Азия елдері арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақтастықтың рухын жаңғыртып, сол замандардағы рухани туыстықты сұхбаттар арқылы бүгінгі күнге жеткізеді. Қазақ хандығының негізі қаланған ежелгі Тараз жеріндегі кездесуге, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресеймен қатар биыл бұл форумға Жібек жолының бастауында тұрған Қытай елінің ғалымдары да қатысып, түбі тереңде жатқан тағдырлы тарихымыз бен маңызды мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Пікір алысудың халықаралық деңгейі өсіп, келелі әңгімелер қозғалды. «Орталық Азия: өңірдегі халықтардың ынтымақтастығы» тақырыбындағы сол келелі жиын мен басқа да іс-шаралар арқылы халық көптеген нақты мәлімет алғанына сенімдімін. Келешекте бұл жиынға Үндістан елшілігі де қызығушылық танытып, қатысқысы келетінін білдіруде. Шетелдің белгілі ғалымдары Жібек жолы бойындағы қазақ қалалары, қазақ мәдениеті хақында тұшымды әңгімелер айтып, толымды тұжырымдар жасап, елдігімізді танытатын той дүбірі Қазақ елінің, Қазақстанның мерейін асырады.