Мәдениет

Қазақ хандарымен қауыштырған қойылымдар

Қазақ хандарымен қауыштырған қойылымдар

Торқалы той барысында көрермендердің жүрек қылын шертті

Торқалы той барысы тағылымға толы шараларға толы болды. Әсіресе, театрсүйер көрермендер осы күндері тарихтан сыр тартқан тартымды дүниелермен сусындады дей аламыз. Облыстық қазақ драма театрының  «Қазақтары», С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Ұлы арманы» да өткен күннің өткір сәттерін көз алдымызға әкелген тарихи қойылымдар болды. Сондай-ақ, Тараз қаласы орталық стадионында ашық аспан астында орын алған «Қилы жол» тарихи драмасы да  талғампаз көрермендердің көңілінен шығып, жүрек қылын шерте білді. Бұл шығармалар арқылы қала қонақтары мен тұрғындары Қазақ хандығының негізгі хандары және батырларымен бетпе-бет қауышқандай әсер алды. 

14446-6-_aza_tar_dr++amasy_oiyld_ruҚасым ханның қасқа жолын айшықтаған – «қазақтар»

Қазақ хандығының құрылу кезеңі шиеленіскен оқиғалар тізбегін қамтиды. Дешті-Қыпшақ Ордасы ыдыраған тұста Әбілхайыр ханнан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан билеушілерімен келісе отырып, Жетісу жеріндегі Шу алқабына қоныстанады. Сол өлкеде жеке хандық  құрып, Қазақ хандығы  Ордасын көтереді. Осы секілді бес ғасыр бұрынғы түрлі оқиғалар тізбегі «Қазақтар» тарихи драмасында тартымды көрініс тапқан. Оған торқалы той барысында облыстық қазақ драма театрының сахнасы арқылы көрерменге жол тартқан аталмыш спектакльді тамашалап отырып көз жеткіздік. Негізгі драма желісіндегі хандық құру барысында  кездескен қиындықтар, Өзбек ханы Мұхамед Шайбанимен екі арада болған жер бөлісу, мемлекеттік құрылымдарды  талқыға салып, иемдену сияқты және басқа да мәселелердегі  өзара келіспеушіліктер мен қайшылықтар қойылымға арқау болады.

Айта кету керек, аталмыш қойылым облыстық қазақ драма театрының тарихи сексенінші маусымының шымылдығын түрді. Бұл драма – осы тақырыпқа жазылған ең алғашқы және бірден-бір тарихи  шығарма. Жазушы-драматург Қалихан Ысқақ пен  Шахимарден Құсайынов бірлесіп жазған туындыны Қазақстанның Халық әртісі, режиссер Ерсайын Төлеубай сахналады. Оны сахналауға театрдың барлық әртістері тартылып, негізгі кейіпкерлерді 23 актер сомдады. Қосалқы рөлдерге театр әртістерімен қатар, ТарМУ-дың мәдениет және өнер факультетінің театр бөлімі студенттері де тартылыпты. Сахна шымылдығы түрілмей тұрып, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов жиналғандарды тарихи тоймен және театрдың сексенінші маусымымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Өткен күнге көз жүгіртіп, ой тастауға мүмкіндік берген қойылымға ойысайық. Ә дегеннен-ақ қойылым барысы Жәнібек ханның биік болмысын айшықтаумен  бастау алады. Биіктен түу алысқа көз тастап тұрған оның портретінен ханға тән парасатты тұлғалық болмысы қылаң бермей қоймайды. Бұл ретте актер Жүніс Әлімбеков айтулы  ханның образын өн бойынан тапқаны аңғарылып тұрды. Ондағы оның ойлы кейпі, сәл түсіңкі қабағы сол замандағы аласапыран күйден хабар беріп, күрмеуі күрделі түйіннің тарқатылар тұсын іздеп тұрғандай әсер қалдырады. Осыдан кейін-ақ, оқиғалар тізбегі өзара астасып, көрермендерді баурай жөнеледі.

Қандай спектакль болса да қойылымның өн бойына өзгеше рең беретін сәттік картиналар болады. Режиссер ондай қойылымға жан бітіретін оқиғаларды әбден нанымды алып шығу жолында аянып қалмаған. Айталық, ағайынды Қойгелді мен Тойгелдінің бір-бірімен қастасар сәті залдағы көрермендердің де көңіліне секем салғаны соншалықты сенімді өрбігенінің айғағы дей аламыз. Қос бауырдың бір-біріне деген аяусыз қаскөйлігі көмулі жатқан көп сырдан хабар беретіндей... Бір кіндіктен тараған екеудің жаға ұстасып, жалғанға қош айтар тұсы соның бір көрінісін келтірді. Оқиға осындай маңыздылығымен бүгінгі күннің де тамырын тап басады. Екі елде қалған туған бауырлардың бір-біріне деген қиянаты Жәнібек ханның ой шырмауына түсуіне, тың шешім қабылдауына себеп болады. Мұндағы Қойгелдіні сомдаған актер Ғазиз Сұрапбаев пен Тойгелдінің кейпін келістірген актер Жандар Қырықбаевтың да өз образдарын ашуға деген талпыныстары текке кетпеген.

 Қойылымның бояуын қоюландыра түсетін тағы бір оқиға – Гүлбахордың өлімі. Гүлбахор бейнесін актриса Шолпан Айтбаева  сенімді суреттеді. Ол Қасым ханның жары атанған Нагир-Ханум көмекшісі еді. Осы ретте Анар Сағымбекова өз биігінде сомдаған Нагир-Ханум образын айрықша атап өтуге болады. Нагир-Ханум қайшылықты образ.  Анығында ол да оның көмекшісі Гүлбахор да жау тыңшысы еді. Сол аярлықтарынан бірі ажал құшса, екіншісі елден қуылады. Бұл арада Қасым хан мен Мойынсыз бейнелеріне де ерекше тоқталу керек. Біздіңше Мойынсыз – спектакльдің Қасым ханнан кейінгі екінші геройы. Нұрсұлтан Маханов өз кезегінде сол образда өмір сүруге тырысып бақты. Ал Қасым ханның жігерлі, өткір образында Мәлік Ақүрпеков барын салды. Нәтижесінде көрермен тарихтағы Қасым бейнесімен бетпе-бет келгендей сезім кешті. Нагирден айырылған соң да атқа қонған хан бейнесінен сүйгенінен айырылғандағы өшпенділіктің белгісін емес, қара басын халық жолында қылышқа тосқан өр болмысты көрдік. Сондай-ақ қойылым барысында Керей ханды ойнаған Асқарбек Сейілханның, Өзбек ханы Мұхамед Шайбаниді сомдаған Мәмбет Қожалиевтің шеберліктері мен әртүрлі образға деген әккіліктері әдетінше көрермендердің ыстық ықыласына ие болып отырды. Қос ұлынан айырылған ақылман кейуана келбетін келістірген актриса Майра Әлімбетоваға тәнті болдық. Әсіресе оның тебіреніп айтқан: «Бауыр мен бауыр бір-біріне оқ атса, ақ сүтімді көкке сауам…» дейтін сәтті бейнелеуі көрермен жүрегін шымырлатып жіберді.

IMG_54++67 IMG_5++607Пьесаның ауыр ой мен тегеурінді сөзге құрылғанынан хабардармыз. Шығарманың авторлары көркем ойдың зергерлері екенін ескермей өту мүмкін емес. Қос автордың шұрайлы тілі шығармаға шырай беріп тұрды. Әйтсе де, кей оқиғаларда қызыл сөзден гөрі қимыл іс-әрекеттің, көңіл-күйді көрсетер көзқарастардың жүйелі түрде жүзеге асқанын құп қой дестік. Бұл тұрғыда режиссер Ерсайын Төлеубайдың тапқырлығы танылды. Өзі де тарихшы Ерсайынның бұл тақырыптағы тап-тұйнақтай, жұп-жұмыр дүниесінің куәсі болдық. Үш сағаттық туындының бір жарым сағатқа лайықтап сөлін сығып алған ол қойылымның шарықтау шегіндегі шешімді де шебер шығарған. Оның шешімімен Қасым хан таққа отырып, өзінің Қасқа жолына қара халықты шақырумен түйінделеді.

Жаңадан жабдықталған декорацияға да, арнайы әзірленген сценографияға да көңіл толды. Әсіресе, сұлтандар мен хандардың, басқа да орындаушылардың заманға сай киіну үлгісі сүйсінтті. Қойылымның мақсаты мен маңыздылығын ашып жеткізу үшін арнайы үлкен экранды тиімді пайдаланылғанын да тілге тиек ету керек. Композитор Әбиірбек Тінәлі мен Олжас Байбековтің, қоюшы-суретші Рахат Сапаралиеваның өлшеусіз еңбегі еш кеткен жоқ. Бәрі өзара ымдасып, сәтті туынды құрай алды.

Қорыта айтқанда, қойылымда ханның ұстанымы, қарашаның көзқарасы, екеуінің ерікті және еріксіз қарым-қатынастары суреттеледі. Ондағы әрбір картиналардан сол тұстағы ел ішіндегі діни ахуалдың жайынан хабардар болып, дала демократиясының ең бір шарықтаған шағымен таныс болдық. Ең негізгісі Қасым ханның қасқа жолының соншалықты жемістілігіне көз жеткіздік!

Соңыра сахнаға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың ықылас гүлі жеткізіліп, шығармашылық ұжымның өнері толассыз қошеметпен көмкерілді.

Қазақ  хандығының  құрылуы

«қилы жол» – тарихи қойылымында көрініс тапты

Тараздағы думанның екінші күнгі шаралар легін орталық стадиондағы «Қилы жол» тарихи драмасы түйіндеді. Ауқымды спектакльді М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері сахналады. Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғаларға арқау болған қойылымға бас-аяғы 500-ден астам актер қатысты. Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевтың  шығармасының желісі бойынша режиссер Әбубәкір Рахимов сахналады. Жобаға КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты  Ерлан Біләл жетекшілік жасаған. IMG_560+5

Тарихи қойылымда XVI ғасырдың орта тұсындағы оқиғалар көрініс тапқан. Алтын Орданың ыдыраған тұсында, жақ-жақ болып ұрысқан баянсыз қан төгіс, қатыгез шапқыншылық меңдеткен қазақ руларын Әбілхайыр ханның тепкісі бір бүйірден қыса түседі. Туысқан ұлыстардың алдында өзара бас біріктіріп, Орда тігіп орныға аламыз ба деген ұлы сын тұрады. Осы шақта  Керей мен Жәнібек сұлтан берекеге белін буған елді бастап қоныс болар мекен іздейді. Алайда оларды Әбілхайыр хан қол астынан жібергісі келмей, түрлі қиянаттарға барып, өзіне жау көреді. Сондай қиянатқа өзінің қол астында қалған қазақтарды душар ете береді. Ақжол бидің өлімі соның бір айғағы. Ел еңсесін тіктеуді негізгі мақсат тұтқан Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан ханы Есенбұғаға келеді. Сол тұста шығысында Қытай, солтүстігінде Ойраттар, оңтүстігінен Әбусейіт пен Жүніс сұлтандар шабуылдап, Моғолстанға қауіп төндіріп тұрғаны тарихтан аян. Өзара ішкі талас-тартысқа қарамай Есенбұға қазақ руларының бұрынғы ата қонысын бөліп беріп, іргелес ел ретінде қондырып, бір шетінен өзіне қорғаныc табады. Бұл көріністер басы қосылып, берекесі ұйысқан қазақ ұлыстарының Керей сұлтанды ақ киізге отырғызып хан көтеріп, тарих сахнасына қазақ хандығы келген сәтке ұласады. Қойылым дала жауынгерлерінің ұрыстары, ақын-жыраулардың мақамдары және ұлттық дәстүрлермен әрленіп отырды.

Он екі мың орындықты орталық стадионға лық толған жиналғандардың саны он бес мыңға жуықтағанын бейресми мәліметтерден білдік. Осыншама нөпір халық жарты сағаттық тарихи драманы демін ішке тарта отырып, соншалықты мұқияттылықпен тамашалағанының куәсі болдық. Әр көрерменнің көңіл тебіренісі қойылымның қаншалықты нанымды өрбігенін байқатып бақты. Олардың жұдырықтай жүректеріндегі тарихқа деген құрметті, өткеннің өнегесіне деген ынтызарлықты, Отанға деген махаббатты, бүгінгі бейбіт күнге деген шүкіршілікті анық аңғара алдық. Әсіресе, Әбілхайырдың әділетсіз озбырлығы, Ақжол бидің аяусыз ажал құшқаны аянышты сәттерге ұласып, алаң ішін көпшіліктің күрсінісі күңірентсе, Керей мен Жәнібектің батыл шешімі әркімнің де үміт шырағын жаға түсті. Енді бірде қос батырдың ұранды жекпе-жегі жігерін жани түсті. Моғол ханы Есенбұғаның түсіністік танытқаны да сәтті шыққан көріністер жиынтығын құрады. Ал қазақ руларының басы бір арнада тоғысып, Керей сұлтанды ақ киізге көтеріп, Хан сайлағаны тіпті тамаша көрініс тапты. Соншалықты сенімді түрде суреттелген оқиға желісіне еніп кеткен қалың көпшіліктің осы сәттегі бойларын кернеген қуанышты, жанарларына жас үйірген мақтаныш сезімдерін айтып жеткізу мүмкін емес. Керейдің хан сайланып, қазақтың өз алдына жеке дара хандық құрған сәті жиналғандарды жанын тебірентпей қоймады. Сол сәттегі көрерменнің құлақ тұндыратындай дүркін-дүркін соғылған шапалақтары стадионды жаңғыртты.

Шежіре-тарихты таразылап, еліміздің ертеңін жас ұрпаққа аманат еткен қойылымның шарықтау шегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік, бірлік, азаматтық рух туралы ойларымен түйінделгені де өз жарасымын тапты.

Тараз  аспанын  думанға бөлеген  ән  шашу

Тарихи қойылымнан соң орталық стадионға жиналған он бес мыңдай тараздықтар мен қала қонақтары мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Оған еліміздің эстрададағы жарық жұлдыздары, өнер мақтаныштары қатысты. Танымал  тележүргізушілер Азамат Сатыбалды мен Ләйла Сұлтанқызы жүргізген мерекелік шарада Алтынбек Қоразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Тамара Асар, Жанар Дұғалова, Әлішер Каримов, Мөлдір Әуелбекова секілді танымал таланттар өнер көрсетті. Сол сәтте Тараз аспанын әуелеген әсем әндердің ғажайып әуендері тербеп тұрғандай еді. Соңыра түнгі аспанды жарқырата көкке атылған қызылды-жасылды отшашулар орын алып, шаһарды одан әрі шадыман күйге бөлей түсті.

Айта кету керек, осы күні «Достық», «Мамыр» алаңдарында, «Жастар» және «Ұлан» стадионында Алматы қаласы, Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өнерпаздарының мерекелік концерті өтсе, облыстық драма театр сахнасында С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының «Ұлы Арман» тарихи қойылымы орын алып, қонақтар назарына ұсынылды.

Жанғазы АХМЕТ,«Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.