Мәдениет

«Көк аспан қазағымның көк туындай, әлемнің желбіреген төбесінде»

«Көк аспан қазағымның көк туындай, әлемнің желбіреген төбесінде»

Айтыс – қазақтың ауыз әдебиетінің ғаламат үлгісі ретінде ғасырлардан өтіп, бүгінге жетті. Кешегі тілі орақ, аузы дуалы, ертеден салсаң кешке озған айбынды айтыскерлердің жолын бүгінгі ізбасарлары лайықты жалғап жүргеніне Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арналып Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен «Мәңгілік ел» атты халықаралық ақындар айтысында тағы бір көзіміз жетті. Бұл күні «Баласағұн» сарайының 1300 (балконымен қоса есептегенде) орнынан бөлек жыр аламанын жүздеген жанкүйер тікесінен тік ұрып тамашалады. Айтысқа деген құрмет, өнерпазды бағалау дегеніңіз міне, осы болса керек. Моңғолиядан, Қытайдан және еліміздің бірнеше аймағынан келген қаймақ ақындардың алдында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, жан-жақтың үмітін үкілеген 26 айтыскерге сәт-сапар тіледі. Ал КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар құрамында әдебиет пен өнер, ғылым саласының көрнекті өкілдері болды. Сөз бастау қиын

Айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманның кіріспе сөзінен кейін ел назарын аударған жыр аламаны жамбылдық Асхат Қылышбек пен ақтөбелік Аян Сейітовтің арасындағы сөз сайысымен басталып кетті. Көп жылдар айтыс алаңына шықпай кеткен Аян аянып қалған жоқ. «Хандық құрған Қазақ дейтін қара шалдың, бұл Тараз жасы үлкен тұңғыш ұлы» деп теңеуінің өзін жергілікті жұртпен байланыстыра сөйледі. Дегенмен, құландық Асхат «Хандық болмай тұрғанда да Тараз болған, Батырлар ерлік жолда жанын берген, Ағат сөзіңді түзесем айып етпе, Аян сен інім едің тәуір көрген, Жамбылдан шыққан баһадүр спортшылар, додада қарсыластың бәрін жеңген, Бауыржан мен Бақытжан батырлары, Үлгісін аямаған жауынгерден, Қысқасы біздің Тараз қазағыма, Пайғамбардан басқаның бәрін берген» – деп қарсыласын бір тойтарып тастады. Ал Аян келесі сәтте «Қылқытып у жұтуды қойғанменен, былқытып бу жұтуға көшкенсіңдер» -деп Шу өңірінде өсетін қарасораның кері әсерін сипаттап өтті. Асхат осы тұста: «Аянның айтатыны ел өсегі, Жамбылымның мәуелі келешегі. Қонақтар Шуды айтқанға шошымаңдар, бұдан былай ол жақта дәрі өседі» немесе «Алғыс алып жүрген соң дүйім көптен, Бейбіт пен Елдос аты қиыр кеткен. Сәттібаев Олжас та алтын алды, Азия додасында биылғы өткен. Қолдаса Алла айтыстан жүлде алармын, Үлгі алғанмын Сәкен, Ілияс, Бейімбеттен» – деп өз өлкесінің жетістігін жыр тілімен жеткізе біліп, тақырыпты да тәуір жырлады. Қойы қоралас жатқан Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Қалижан Білдашев айтыс сайын өресі өсіп келе жатқан жүйрік. Ол бұл жолы қарағандылық айтыскер, есімі елге кеңінен таныс Дидар Хамиевпен айтысты. «Армысың Таразымның асыл халқы, басты ордамның алғашқы баспалдағы» деп елмен амандасқан Қалижан «Дидаржан айналайын мақамыңнан, Сан айтыс оза шаптың қатарыңнан. Судай жаңа бас жүлдең құтты болсын, сүйреп жүріп әперген сақалыңнан» – деп қарсыласын түйреп өтті. Дидар Хамиев «ә» дегенде кезегін аяулы айтыскер жерлесіміз, өмірден кетсе де, көңілден кетпеген Әзімбек Жанқұлиевтың әуенімен бастағанда мыңдаған жанкүйер еріксіз қол соқты. Қарағандылық ақынның «Қара бақан секілді қарт Таразым, Қазақстан спортын тіреп тұрған» деген әдемі теңеуі де жүрекке жетті. «Осы мен кей жағдайға түсінбеймін, сақал қойған әйелге бәйге беріп, сақалды еркектерді жақтырмаған» – деген жауабы да сәтті еді. Дегенмен, Қалижан «Шығады осындай да қауіп көптен, жауабыңды естідім тауып кеткен. Сақалдылар емес пе шаңқай түсте, Ғазиздің ғазиз жанын алып кеткен» – деп жауабын жан-жақты беріп, көпшіліктің үлкен қошеметіне бөленді. Ашығын айтар болсақ, бұл аламанда Дидар Хамиев бұрынғы бабынан көріне алмады. Сондай-ақ, астаналық Айнұр Тұрсынбаевамен айтысқан қызылордалық Нұрмат Мансұров та, оралдық Жансая Мусинамен сөз додасына түскен алматылық Ринат Зайытов, астаналық Жібек Болтановамен айтысқан түркістандық Еркебұлан Қайназаров бұл жолы өз деңгейлерінен төмен айтысты. Әрине, айтыскерлер де көңіл-күйдің, сезімнің адамдары. Сондықтан, қазақ айтысына олжа салып жүрген бұл жүйріктеріміздің бұл жолғы сәтсіздіктеріне түсіністік танытуға болады. Астаналық Мейірбек Сұлтанхан Қытай Халық Республикасынан келген қандасымыз Құзарбек Талапханмен айтыс аламанына түсті. Анығын айтуымыз керек, Алаштың атынан сөз сайыстырған Мейірбек сенімді әбден ақтады, ел айызын қандырды. «Шетелде жүрген барлық қандастарды, Көшімен атажұртқа алып келсе, Петр мен Павлодарға атау бермей, Керей мен Жәнібек аты дәріптелсе» – дей келе, Құзарбекке «Ағажан, атажұртқа оралсаңшы, одан жөніңіз жоқ қой ұтылар түк. Қанша жерден көзіңді ашытса да, өзіңнің ошағыңның түтіні артық» – деп әзілі аралас ой тастай білді. «Қазақ даңқы бұл күнде білсеңіздер, әлемдік биіктерде тербеліп тұр, Отанымыз спиртпен емес қазір, спортпен аты шыққан ел болып тұр» – деп елдің жетістігін де өлеңмен өрнектеді. Қостанайлық Айбек Қалиев пен астаналық Әсем Ережеқызының, қарағандылық Мақсат Аханов пен Иранғайып Күзенбаев арасындағы айтыстар да әдемі жарасыммен өрбіді.

Жерлес айтыскерлерге не кедергі?

Атағы алысқа кетіп, халықаралық деңгейде өткізілген бұл аламанға облысымыздан бес айтыскер қатысуға тиіс еді. Асхат Қылышбектің алғашқы жұпта өнер көрсеткенін айтып өттік. Келесі кезекте кезінде талай республикалық додалардан дара келген, байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров айтысты. «Сәлем бердім батыр ел Атыраудан, шөбі де киелі ғой бұл даланың» деп елмен есендескен Шалқарбайдың алғашқы сөз бастауының өзі көпшілікке ұнай қойған жоқ. Алтынкүлдің еліміздің осынау нұрлы күні үшін күрескен бірнеше хандарымыздың ұлағатты жолын айта келіп, «Біздің бүгінгі бақытты өміріміз, кешегі бабалардың қайрат-күші» дегеніне жиналған көпшілік ризашылықпен қол соқты. Дегенмен, бұл айтыскерлер жеңге мен қайын айтысын жасаймын деп, «шектен» шығып кетті. Сондықтан, қазылар алқасының пәрменімен бұл жұптың айтысы ерте тоқтатылды. Байзақ ауданының жас жүйріктерінің бірі – Дархан Әбдіманат осы аламанда халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің немересі, ақтөбелік Ершат Қайболдинмен жыр аламанына түсті. Дархан «Бұл Ершат Жеңіс күні туылғанмен, айтыс сайын жеңіліп келе жатқан» деп сөз бастады. Ершаттың «Ер көбейсін аз елді көп қылатын, ер азайсын бар елді жоқ қылатын» дегені, қарсыласының сөзіне орай «Абайдай 15 жаста үйленер ем, әкемде Құнанбайдың байлығы жоқ» – деген жауабы жүйелі шықты. Дарханның «Қосыламын мына мен де ізгі үнге, Бағымыз жанды беу қазағым біздің де. Бодандықтың ноқта жібін үздің де, Нұр ағама бердің халқым тізгін де» – деп елдің мәселені қозғай алды. Үміт күткен тағы бір жерлесіміз, жуалылық Қанат Мырзахан Монғолия елінен келген қандасымыз Ерлан Дәулетұлымен айтысты. Қанаттың «Жамбылымның топырағы қасиетті, қазған жерден алтын көмбе табылатын» деп амандасуының өзі елеңдетті. Қ.Мырзаханның монғолиялық қандасына «Самұрық құстың қанаты болғым келеді, сыртта жүрген қандастарды қанатыма мінгізіп ап келетін» – дегені жүрек толқытты. Монғолияда қазақ күресінен балуан баптап жүрген қандас бапкер жөнінде «Монғолдарды баптап жүрген Бақыт ағам, Отанға кеп көңілі жайланса екен, Монғалдың бақыты боп жүре бермей, қазақтың бақытына айналса екен» – дегені көзге жас үйірді. Қазақтың дәстүрімен қарсыласына шапан жапқаны да Қанаттың жақсы ізеті деп бағалауға болады. Ал, тағы бір жамбылдық жас үмітіміз Нұрлыбек Құрманов қарсыласы, оралдық жүйрік ақын Бауыржан Халиолланың аяқасты сырқаттанып қалуына байланысты сахнаға шыққан жоқ. Бұл жолы азулы айтыскерлер Алтынкүл Қасымбековадан үлкен жүлде күткенімізді несіне жасырайық. Бұл жолы Асхат Қылышбек пен Қанат Мырзаханның өнері ақтық сынға шығуға лайық болғанын айта аламыз. Алайда қазылар таңдауы басқаша болды. Қалай десек те өз жерімізде өткен айтыста жерлес айтыскерлеріміздің біреуі жүлдеге іліне алмағаны өкінішті болды. Бұл тиісті мекемелер тарапынан осы айтысқа қатысатын айтыскерлерді таңдауда, оларды дайындауда қателіктер кеткенін көрсетті. Қалай болғанда да осыдан екі ай бұрын облыстық іріктеу айтысы өтіп, сол аламаннан озған айтыскерлерді ғана осы аймақ намысы сынға түскен жыр додасына қосу керек еді. Мүмкін, сонда бір-екі жерлесімізді жүлденің ауылынан көріп қалар ма едік, кім білсін. Облысымызда ақындар айтысын жиі өткізіп тұрудың айтыскерлердің шыңдалуына септігі бар екенін тиісті тарап ескерер мезгіл жетті.

Көрермен үздік айтысқа куә болды

Бұл жыр аламанында ең сүбелі айтысты Алматы облысының ақыны Болатбек Оразбаев пен Павлодар облысының жүйрігі Аспанбек Шұғатаев жасады. Болатбек : «Дүр бабалар біздерден бақытты еді, бір-ақ тілде жалынған Алласына, сәлем бердім Керей мен Жәнібектің, той тойлаған бүгінгі жалғасына» – деп елмен сәлемдесуінің өзінде шеберлігін байқатты. Аспанбек: «Хандықтың тарихи қорғаны Павлодардан да табылды, тарих бізге қадірлі. 5500 жыл өтсе де, тайдырма Құдай бағымды» – деп тереңдігін байқатты. «Сөз қаймағын көп терген, Оразалы ағам-ай, арғымақты жоғалтып, тай жүгірткен заман-ай» – деп Болатбекке мінез көрсетті. Ал, Болатбек «Берекеңді алайын бей уақыттағы қонақтай» немесе «кісінейтін мен емес, кісінің біткен малына» деп сөзді өрнектей алатынын көрсетті. «Қазақты сүйсін әр қазақ, махаббатындай алғашқы» деді ол. Болатбектің «Павлодарды қазақшала» дегеніне Аспанбек «Зиялылардың мекені, орыстанып неге көрінді, ұмытыпсың Болатбек Әлкей Марғұлан еріңді, қазақтың кенін қазып берген, Қаныш Сәтпаев ғалымды, білмейсің өлер жеріңді, бізден емес алсаң сен, Жириновскийден ал кегіңді» немесе «Есегінде тұсау жоқ, түйесіне қом тіккен, сөйтіп Болатбек ентіккен» деп төгіп-төгіп жіберді. Ал, Болатбек ше? Қарап қалған жоқ. «Тізгін берсең жауыңа түбінде бармақ шайнайсың, Қаныш қазған кеніңді, кәрістен неге алмайсың, жанашыр сөзді түсінбей, ер тоқымыңмен аунайсың» немесе «Дамыған елімізде ғылым болсын, әлемге шығатын шыңың болсын. Алты минут күтпей-ақ аудармасын, алты құрлық түсінер тілің болсын» – деп төкпеледі. Аспанбек те «Елемесең ағайын, шыбық та көз шығарад, ғұмыр кешу осылай, біреулерге ыңғайлы, жұмыртқаңды ұрлаған, тауығыңды да ұрлайды» – деп елдік мәселені жасқанбай қозғады. Иә, бұл жұптың айтысына қазылар да, көрермендер де дән риза болды. Егер «10» баллдан жоғары бағалау болса, қазылар сондай баллды да көтеруге ықыласты еді. Айтыс соңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық мүшәйларының қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан марапаттады. Мүшәйраның бас жүлдесін жерлесіміз Ерлан Жүніс жеңіп алып, 1 миллион теңге сыйлық алды. Жерлесіміз Хамит Есаманға ынталандыру сыйлығы (100 мың теңге) бұйырды.

Бас жүлде Болатбек пен Аспанбекте

Айтыстың екінші күнгі ақтық кезеңін елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, жазушы-ақындармен бірге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тамашалады. Бұл жолы Мейірбек Сұлтанхан мен Ершат Қайболдин, Айбек Қалиев пен Қалижан Білдашев, моңғолдық қандасымыз Ерлан Дәулетұлы мен қытайлық қандасымыз Құзарбек Талапхан әдемі айтыс өрнегін жасады. Сонымен, қазылар алқасының шешімен екі бірдей бас жүлде (2 миллион 500 мың теңгеден) Алматы облысының ақыны Болатбек Оразбаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғаевқа бұйырды. Жүлделі екінші орын (2 миллион теңге) астаналық Иранғайып Күзенбаевқа берілді. Жүлделі үшінші орындарға қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан, қостанайлық Айбек Қалиев (әр қайсысы 650 мың теңгеден) ие болды. Ақтық сынға шыққан жеті ақынға 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді. «Жүлде берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» деп Төлеген Айбергенов жырлағандай қатысқан ақындардың барлығына 200 мың теңгеден сыйлық берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов марапаттады. Айтысты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қорытындылап, сөз сөйледі. Облыс басшысы Елбасымыздың бастамасымен өткізілген Қазақ хандығының тойынан үлкен тағылым қалғанын, бұл тойды 17 сырт мемлекеттен мыңдаған өкілдер келіп тамашалағанын, Тараз түрленіп өзгергенін айтып өтті. Сондай-ақ, тойға арналған халықаралық айтысты бағалаған қазылар алқасына, қатысқан барлық айтыскерлерге, залға сыймай тамашалаған көрермендерге зор алғысын білдірді. Жамбыл жерінде келесі өтетін үлкен айтысты орталық стадионда өткізуді ойластыратынын айтып өтті. Айтыскерлер –жақсылықтың жаршысы, халықтың шынайы жанашыры. Бұл жыр додасынан да әдемі сөз, мол тағылым қалды. Ұйымдастырудағы мақсат орындалған тәрізді. Бұл айтыс додасы облысымызда айтыс өнерін дамыту жолында әлі көп жұмыс атқару қажеттігін көрсетті. Әйтпесе, жыр алыбы Жамбылдың, ғажайып өнер иесі Кененнің елінен бір қас жүйрік айтыскер шықпауы мүмкін емес қой, мүмкін емес.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.