Әлеумет

Жүрек жылуын сыйлайды

Жүрек жылуын сыйлайды

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуге тиіс. Бұл – бәріміздің қоғам алдындағы парызымыз. Ұлы бабамыз әл-Фарабиден «Қай елді бақытты деп айтамыз?» деп сұрағанда «Қайыршысы жоқ, кемтар жандарға қолұшын беретін ел бақытты» деген екен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050» Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді» деген тапсырма берген болатын. Елбасының бес халықтық реформасының 84 қадамындағы: «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру» деген жолдар бәрімізге үлкен міндет жүктейді.

Президент тапсырмасына сәйкес елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ауыз толтырып айтарлықтай қамқорлықтар жасалуда. Бұрын біздің облысымызда жүйке ауруларына шалдыққан азаматтар ескі ғимаратта, тар бөлмелерде сығылысып тұратын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен және облыс басшыларының белсенділігімен Таразда осыдан екі жыл бұрын жаңа жүйке аурулары интернат үйінің құрылысы қолға алынып, ол биыл жыл басында іске қосылды. Заманауи үлгідегі 300 төсектік ғимарат құрылысына 3 миллиард теңге жұмсалды. Көрші облыста құрылысы басталған дәл осындай мекеме бітпей, қаңырап тұр. Басқа облыстардың азаматтары біздің мекемеге қызыға қарап, тамсанып жүр. Кең де жарық ғимаратта аурулардың қолайлы өмір сүріп, қалаған істерімен айналысуына барлық жағдай жасалған. Тараздағы №1 жүйке аурулар интернат үйінің ауласы гүлзармен көмкерілген. Осында қызмет ететін ақ желеңді абзал жандар науқастарға әрдайым жүрек жылуын сыйлайды. Интернатта тұратын азаматтарға әлеуметтік сала бойынша барлық жағдайлар жасалуда. Қызмет алушыларға, оларды пайдалы қоғамдық еңбекке тартуға психолог, әлеуметтік қызмет көрсету мамандары, мұғалім-дефектолог, еңбек терапия нұсқаушылары, дене шынықтыру және музыка мұғалімдері және мәдени ұйымдастырушы мамандар жоғары сапалы қызмет көрсетуге күш салуда. Бізде штаттық кесте бойынша 381 адам жұмыс істейді. Қызмет алушылардың саны 500-ден астам адамды құрайды. Мекемеде стандарттық 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-писхологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық деп аталады. Біріншісі, қызмет алушылардың күнделікті өмірде тіршілік әрекетіне көмектесуге, екіншісі, денсаулығын жақсарту және оны қолдау әрекетіне, үшіншісі, қоршаған ортаға әлеуметтік бейімдеп, психологиялық жағдайын түзетуге, төртіншісі, тұрмыстық дағдыға үйретуге, педагогикалық коррекциямен оқытуға, бесіншісі, еңбек қабілетін қалыптастыру және еңбекке баулу, алтыншысы, әлеуметтік-мәдени шараларды ұйымдастыру және соған оларды тарту, жетінші, тұрмыс жағдайын жақсартуға және сегізіншісі, олардың құқықтық мәртебесін демеуге немесе өзгертуге, заңгерлік көмек көрсетуге, бір сөзбен айтқанда құқықтарын қорғауға бағытталған. Интернат үйінің қызметкерлері осында тұратын науқастардың спортпен шұғылдануға деген құштарлығын оятып, мәдени-танымдық қажеттіліктері, қызығушылықтарын, сұрақтары мен қалауларын білдіруіне мүмкіндік жасап, алған білімдерін әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсауға үйретіп келеді. Олардың қоршаған ортаны танып-білуге шығармашылық іс-әрекеттерге қатысуға, жаңа нәрсені білуге деген талпыныстарын қанағаттандыру үшін мекемеде стандартқа сай бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Олар – би, ән және музыкалық аспаптарда ойнау үйірмелері және мәнерлеп оқу тобы. Қызмет алушылар өнердегі жетістіктерін ұштау үшін облыс, қала көлеміндегі жарыстарға, фестивальдарға қатыстырылуда. Қызметкерлеріміздің ізденісі мен ұмтылыстары нәтижесіз емес. Бірқатар қызмет алушылар спорт жарыстарында ұдайы жүлде алып жүр. Үстіміздегі жылғы 21 шілде мен 3 тамыз аралығында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өткен арнайы Олимпиада ойындарына ел құрамасы сапында қатысқан Тамара Васильева волейболдан жақсы ойын өрнегін көрсетіп, әлемдік додада жүлделі бесінші орыннан көрінді. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш. Кіші футболдан жыл сайын республикалық интернат аралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінудеміз. Жарыстың осы түрінен 2012 жылы – І, 2013 жылы – ІІ және 2014 жылы І-ші орынға ие болдық. Хоккейден 2014 жылы Қарағанды қаласында өткен Ресей, Өзбекстан, АҚШ және Украина елдерінен келген командалар арасындағы жарыста жүлделі ІІ орынды жеңіп алдық. Мұндағы мүгедек жандар өнер және еңбек терапиясы іс-шараларында нұсқаушылардың көмегімен қолөнермен, гүл, тал, жеміс ағаштарын егіп, өсірумен шұғылданады. Қызмет алушы Айсұлу Ермекова мен Ирина Никитинаның бисер және моншақтан тоқылған сәндік бұйымдары талайлардың таңданысын тудырса, қылқалам иесі Талғат Шақабаевтың қиял-ғажайып өнердің түрлерінен хабар беретін алуан картиналары көздің жауын алады. Несіпкүл Махмутова, Гульза Райымбекова және Ирина Бубненколардың тоқыма бұйымдары да жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ, Александр Кононович пен Дамир Мұқашевтің ағаштан қашап жасаған және құрастырмалы жабдықтары талайларды тамсандыруда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болуы үшін біздегі барлық жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталып, қоларба жүретін жерлерге пандустар стандартқа сай салынған. Бөлімше атауларын адамның көзіне жылы ұшырайтын «Мейірім, «Қарлығаш», «Үміт», «Шапағат», «Ізгілік», «Ақ ниет» және «Жаншуақ» деп атадық. Интернатқа жаңадан келген қызмет алушыларға стандарт талабына сәйкес 14 күндік бақылау жүргізіледі. Ал «Үміт» бөлімінде қоларбаға таңылған 18 қызмет алушыға жеке палаталар қарастырылған. Қызметкерлеріміздің өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарауы және үздіксіз ізденістерінің арқасында бірқатар салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізудеміз. Облыстағы интернат аралық жарыстарда ұдайы жүлделі орындарды жеңіп алудамыз. 2013 жылы «Ең үздік медициналық-әлеуметтік мекеме», облыстық кәсіподақ ұйымының «Ең үздік мекеме» атақтарына ие болдық. Қызметкерлеріміз аптасына екі рет волейбол ойнайды. Таяуда Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнап өткізген көрмеміз келушілерден жоғары баға алды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай қазақстандық Кеңес Одағы батырларының суреттерін ілдік. Басшыларымыз менің кеудеме «Әлеуметтік сала қызметкерлерінің үздігі» төсбелгісін тақты. Бұл – ұжымға берілген баға деп есептеймін. Облыста жүйке ауруларына көрсетіліп жатқан жағдай, жүзеге асырылып жатқан игілікті істерді көргенде әл-Фараби бабамыздың жоғарыдағы сөзі тура біздің елге айтылғандай болып тұрады.

Мұрат Бердалиев, Тараздағы №1 жүйке аурулар интернат үйінің директоры.