Ауыздықпен алысқан арғымақтар
Ауыздықпен алысқан арғымақтар
жер танабын қуырды
Халқымыздың ұлттық ойындарының өскелең ұрпақ шымыр да ширақ, білекті де жүректі, епті де текті, табанды, өршіл, намысқой һәм дауылпаз болып қалыптасуында маңызы зор. Атқа мінсе арқаланып шыға келетін халқымыздың, әсіресе, ұлттық ат спортына келгенде шығарға жаны бөлек. Содан болар, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Атшабар» ипподромындағы «Ұлы Дала ойындары» жиналған көпшіліктің қанын қыздырып, делебесін қоздырды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, облыс әкімдігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен «Шөген» федерациясы бірлесе ұйымдастырған дүбірлі доданы облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев құттықтау сөз сөйлеп ашып берді.
Дүбірлі дода Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары арасында шөген (ат полосы) ойынының таныстырылымы ретінде өткен жолдастық кездесумен басталды. Бұл ретте, Нұрдаулет Момынов бастаған «Әулие Ата» құрамасы ойынды сылбыр бастап, қақпасына доп жіберіп алғанымен намысқа тырысқан жерлестеріміз кездесудің келесі кезеңінде қатарынан үш доп соғып мерейімізді үстем етті. Шымкенттік шөгеншілер кездесу соңына таман есепті қысқартуға мүмкіндік алғанмен, жалпы есепте 3:2 нәтижесімен жерлестеріміз жеңіске жетті. Мұнан соң кезек ұшқыр бәйгеге берілді. Қысқа қашықтық саналатын 2400 метрге жіберілген 18 жүйріктің арасынан жерлесіміз, меркілік Махат Бақытбектің «Бәйтерек» атты сәйгүлігі мәреге өзгелерден оқ бойы озық келіп, иесіне бас жүлдеге тігілген үш миллион теңгені сыйлады. Жүлделі екінші және үшінші орынды Павлодар облысы мен Тараз қаласының аттары бөлісті. Мұнан кейінгі 47 сәйгүлік қосылған 21 шақырымға созылған Топ бәйге сайысында алматылық Әлинұр Назарбаевтың «Астанасы» қамшы салдырмай, мәреге жеке дара жетті. Жүлделі екінші және үшінші орындар Шығыс Қазақстан облысы мен Тараз қаласының арғымақтарына бұйырды. Бұл ретте айта кетерлігі, бәйге жолына шыққан 47 сәйгүліктің 6-ауы ғана белгіленген қашықтықты толықтай шауып өте алды. Оның 5-еуіне жүлде берілді. Топ бәйгенің бас жүлдесіне бес миллион теңге табыс етілді. Ал көпшілік тағатсыздана күткен аламан бәйгеге 51 сәйгүлік қосылды. «Абылайдың асында шаппағанда» демекші, хандық тойының бәйгесіне арысы Алатаудың арғы жағынан қырғыз ағайындар ат қосса, өңір-өңірлерде жүлде бермей жүрген жүйріктердің барлығы дерлік жиналыпты. Қадыр ақынның «Жүйрікке шабудан да самғау оңай, Жүйрікке қалудан да озу оңай» дегеніндей, нағыз арғымақтар бәйгесінде бас жүлдені Алматы облысынан қосылған Болат Назарбаевтың «Тасқын» атты сәйгүлігі талассыз жеңіп алып, бас бәйгеге тігілген он миллион теңгені олжалады. Ақын жырында айтылғандай шауып бара жатқаннан гөрі самғап бара жатқан жүйрікті көз алдыңызға елестететін бұл арғымақтың ізін ала тағы бір жетісулық жүйрік «Айтұяқ» көмбеге келді. Жүйрік иесі Ақылбай Ақберлинов 5 миллион теңгелік жүлдені қанжығасына байлады. Аламан бәйгенің үздік үштігін Әлинұр Болатұлының «Жарықбас» атты сәйгүлігі еншіледі. Ал төртінші болып көмбеге Тараз қаласынан қосылған Рүстембек Дүтбаевтың «Жұлдыз» атты жүйрігі келсе, бесінші орын жүлдесі Қырғыз елінен ат арытып жеткен Айдаралиевтің «Буданына» бұйырды. Жеңімпаздарға жүлдені облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан табыс етті.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».